НЕКЕГЕ ТҰРУҒА МӘЖБҮРЛЕУ – ҚЫЛМЫС
«Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру және құқықбұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік қағидатын қамтамасыз ету мақсатында 2025 жылдың 16 шілдесінде Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасын оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңына Мемлекет басшысы қол қойды.
Жаңа заңнамаға сәйкес, Қылмыстық кодекске некеге тұруға мәжбүрлеу үшін қылмыстық жауаптылық көзделген жаңа 125-1- бабы енгізілді. «Неке және отбасы туралы» Кодекстің 25-бабының 1-тармағы 2)-тармақшасына сәйкес, мәжбүрлеу арқылы қиылған неке жарамсыз деп танылады.
Неке – бұл ерікті одақ, ол тек екі жақтың өзара келісімімен ғана жасалуы тиіс. Мәжбүрлеу, әсіресе қысым, қорқыту, психологиялық немесе физикалық зорлық көрсету бұл адамның негізгі құқықтарын бұзу болып табылады.
Мәжбүрлі неке – оқшаулау, еркіндікті шектеу, зорлықзомбылық және кейбір жағдайларда құрбандар өз-өзіне қол жұмсау әрекеттерімен қатар жүруі мүмкін. Кейбір елдерде мұндай неке адам саудасының бір түрі ретінде танылады.
Аталған бап бойынша адамды күш қолдану не мүлікті жою немесе бүлдіру қатерін төндіріп, сол сияқты бопсалау жолымен, оның ішінде жәбiрленушiнi немесе оның жақындарын масқаралайтын мәлiметтердi не жариялануы немесе таратылуы жәбiрленушiнiң немесе оның жақындарының мүдделерiне елеулі зиян келтiруi мүмкiн өзге де мәлiметтердi жариялау немесе тарату қатерін төндіріп некеге тұруға мәжбүрлегені үшін екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Ал жоғарыда аталған әрекет күш қолдану, көрінеу кәмелетке толмаған адамға қатысты, жәбірленушінің материалдық немесе өзге де тәуелділігін пайдалану, адамдар тобы, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобымен жасалған, өз қызмет бабын пайдаланып жасалса үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Егер осы әрекеттер абайсызда ауыр зардаптарға алып келсе бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Сондай-ақ ҚК-нің 125-бабына өзгерістер енгізіліп, жәбірленушіні ерікті түрде босату жағдайында істі тоқтатуға жол берілмейді. Енді мәжбүрлі некеге тұру мақсатында әйелді ұрлау Қылмыстық кодекстің 125 және 125-1-баптарының жиынтығы бойынша сараланады.
Бұл – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету, жазадан бұлтаруды болдырмау, қауіпсіз қоғам қалыптастыру бағытында атқарылып жатқан шаралар.
Сондықтан, өзіңізді және жақындарыңызды құқықбұзушылықтан аулақ ұстап, кез келген қылмыстың құрбаны болудан сақтануға ықпал етіңіз. Құқықбұзушылықпен қоғам болып, бірлескен тәртіпте жұмыла күресу оң нәтижесін берері сөзсіз.
Қармақшы ауданының прокуратурасы