ҚАРА ЖОЛ ҚАТЕЛІКТІ КЕШІРМЕЙДІ
Жол – тіршіліктің күретамыры. Бірақ сол күретамыр бүгінде қауіптің көзіне айналып бара жатқандай...Өткен демалыс күндері Қарағанды облысында 5, Жетісу облысында 10, жақында ғана Маңғыстау облысында 11 азамат жол-көлік оқиғасынан опат болды. Бұл еліміз үшін орны толмас шығын екені айтпаса да түсінікті. Себебі әрбір мемлекет үшін адамнан артық құндылық жоқ.
Еліміздің ең қымбат қазынасы – адам өмірі. Жыл сайын жолдар көбейіп, сапасына ден қойсақ та адам шығыны азаймауда. Жол апатының жиілеп кетуіне не себеп? Жүргізушілердің жауапсыздығы мен жүгенсіздігі ме, әлде жолдардың сапасыздығы ма? Қарапайым қауіпсіздік шаралары неге қауқарсыз? Көлік апатын қайтсек азайтамыз? Саралап көрсек.
Рас, қара жол қателікті кешірмейді. Талай тағдыр осы тас жолдың үстінде талқандалып жатыр. Бірі жылдамдықты асырып, енді бірі жолдың қарсы бетіне шығып кетіп мерт болады. Арақашықтық сақтауға келгенде бейқамдық танытатындар тағы бар.
Әлемде жыл сайын 1 млн-нан аса адам осы жол апаттарынан қайтыс болады. Ал елімізде жол апатынан жыл сайын 2000-ға жуық адам қаза тауып, 19 мыңнан астам адам жарақат алады екен. Ресми дерек бойынша, жол-көлік оқиғасы 2024 жылы күрт көбейген. 2022 жылы 15 мыңға, 2023 жылы 16 мыңға таяу факті тіркелсе, 2024 жылы 31 мыңнан асты. Айта кетейік, құзырлы орган жол апатының 90 пайызы жүргізушілер кінәсінен болатынын алға тартады.
ЖОЛ БОЙЫНДАҒЫ ЖАУАПСЫЗДЫҚ
Жүргізушілердің көлік жүргізу мәдениетінің төмендігі жол қауіпсіздігінің айқындаушы факторы болып отыр. Елімізде әрбір бесінші жол-көлік апаты жылдамдықты арттыру салдарынан болады.
Әсіресе елді мекендерде, қала ішінде, ауыл көшелерінде жылдамдықты арттыру өте қауіпті екенін жүргізушілер ескере бермейді. Заң талаптары қатаңдатылып, айыппұл көлемі артса да, желік қуған көлік иелерінің жауапсыздығына бұл шектеулер тыйым болмай тұр.
Freedom Finance Insurance сақтандыру компаниясы елдегі жол-көлік оқиғаларына ең көп түрткі болған 5 себептің рейтингісін жасап шығарған. Оның негізгі параметрлеріне – жүргізушінің мас күйде көлікке отыруы, ауа райының қолайсыздығы, жолдың сапасы, автокөліктің жағдайы енсе, ең басты фактор ретінде жылдамдықты асыру көрсетілген. Сондықтан жол тәртібіне жауаптылар жүргізушілерден қандай жағдай болсын жол ережесін қатаң сақтауды талап етеді.
ҚАС ҚАҒЫМ СӘТ – ӨМІР МЕН ӨЛІМНІҢ ШЕГІ
Жол бойындағы оқыс оқиғалар азаяр емес. Оған бірнеше себеп бар. Бірақ ең негізгі себептің бірі – жүргізуші куәлігін сатып алу, жол жүру ережесіне деген салғырттық. Ал соңы жарыса жүрген жылдамдық болып отыр. Бұған кейбір жолдардың сапасыздығы мен жаяу жүргіншілердің қолдан жасайтын қателігін қоссақ та болады. Заңда белгіленген жылдамдықты місе тұтпай, жоғары жылдамдықпен жүруді әдетке айналдырғандардың кесірінен елімізде, оның ішінде өңірімізде жол-көлік апаты жиі орын алуда.
Шынында, жол бойындағы трагедиялар азаймай тұр. Әсіресе кейінгі кезде жастардың қателікке жол беруі жиілеген. Статистика солай дейді. Құзырлы органдар жол апатынан қаза болғандардың саны артып келе жатқанын айтып, жыл сайын дабыл қағады.
«Жол – қателікті кешірмейді» деген бар. Жол бойында зулаған көліктер, бірін-бірі басып озуға бейім жүргізушілер де көп. Бәрі асығыс, бәрі жылдам. Көліктің жылдамдығы артқан сайын қауіптің де арта түсетіні белгілі емес пе?!
Көлік апатына түскендер қатарында жастардың үлесі басым дейді тәртіп сақшылары. Жастық жалынмен жылдамдықты асыруды мақтан көреді. Жол ережесін білмейтіндердің көлік тізгіндеуі тағы бар. Сонымен қатар, жолда келе жатып, бір қолында ұялы телефон, екінші қолда шылым, тізгінді ұмытып кететіндер де сол жастар. Айтылуын айтылады, сонда да тәртіп сақтау, ережені бұзбауды ұмыт қалдырамыз.
Адамның айдың-күннің аманында жарық дүниеден мезгілсіз өтіп кеткенінен артық қасірет жоқ. Төтелеп келген ажал ата-анасы болашағынан үміт күткен жасты, әсіресе буыны қатып үлгермеген баланы жұлып әкетсе, тіпті жаның жұтап, сең соққандай есеңгіреп қаласыз.
ЖҰМЫСҚА ЖАРАМСЫЗ ЕТКЕН ЖАРАҚАТ
Соңғы кезде елімізде жол апатының орын алғаны туралы ақпаратты жиі еститін болдық. Жантүршігерлік жол апаттарының басты себебі жылдамдықты арттыру мен жауапсыздық екен. Бұған жолдың сапасыздығын қосыңыз. Екі күннің бірінде күре жол үстіндегі қайғылы оқиғадан талай жанның тағдыры үзіліп, талайы ауыр жарақатынан айығып кете алмай, өмір бойына мүгедек болып қалып жатыр емес пе?!
Жол-көлік оқиғасы салдарынан туындайтын жарақаттар тек денсаулыққа ғана емес, адамның кәсіби және әлеуметтік өміріне де ауыр соққы болып тиеді. Апат кезінде алған ауыр жарақат салдарынан көптеген азамат бұрынғы жұмыс орнына қайта орала алмай, мүгедектікке тап болып жатады. Бұл – тек жеке адам үшін емес, оның отбасы мен қоғам үшін де үлкен шығын.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, жол апаттарынан зардап шеккендердің елеулі бөлігі ұзақ уақыттық еңбекке жарамсыз болып қалады, ал кейбірі өмір бойына мүгедектікке душар болады. Әсіресе аяқ-қолын жоғалту, жұлынның зақымдануы, бас сүйек-ми жарақаты сияқты ауыр жарақаттар адам өмірінің сапасын күрт төмендетеді. Мұндай жағдайлардан кейін адамдар тек физикалық емес, психологиялық күйзеліс те кешеді, бұл оларды қоғамнан оқшаулауға әкелуі мүмкін.
Мемлекет тарапынан оңалту және әлеуметтік қолдау шаралары жүргізіліп жатқанымен, бұл жеткіліксіз. Адам өмірі мен денсаулығына келетін мұндай орны толмас зиянның алдын алу үшін ең алдымен жол қауіпсіздігін арттыру, жүргізушілердің жауапкершілігін күшейту және қоғамдық сананы тәрбиелеу – басты міндет.
КӨЛІК ЖҮРГІЗУШІ ҚЫРАҒЫ БОЛУ КЕРЕК
«Асыққан – шайтанның ісі» деген сөз бар. Жаны бар сөз. Қарапайым ғана қағида. Жол ережесін сақтау – әрбір адамның өз өміріне деген жауапкершілігі әрі бірден-бір кепілдігі. Жолды жөндеуге болады, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заңнаманы жетілдіру де уақыттың еншісіндегі іс. Алайда «темір тұлпар» тізгіндегендердің тәртібі түзелмей, жылдамдықпен ойнаған жүргізушілердің желігі басылмай, әр жүргінші өз жауапкершілігін жете түсінбей жағдайдың оңға басуы қиын. Мәселе – заңның қатайтылуында емес, қоғамдық сананың һәм жүргізуші мен жүргінші мәдениетінің әлі де төмендігінде.
ТҮЙІН Көшеде жалғыз өзі жүргендей көлік жылдамдығын асыру ажалға асығумен тең. Ал жауапсыздық пен жол үстіндегі сауатсыздық сан соқтыруы әбден мүмкін. Жантүршігерлік жол апаттарының басты себептерін жоғарыда тізіп айттық.
Қара жол – қаралы жолға айналмауы үшін әрбіріміз өз орнымызда жауапкершілікпен әрекет етуге тиіспіз. Сол себепті көлік жүргізушісі тек өзінің ғана өмірін емес, көлік ішіндегі адамның қауіпсіздігі үшін де жауапты екенін ұмытпаған абзал.
Жолдағы қауіпсіздікке автожолдың сапасы, жүргізушілердің мәдениеті, асфальттың кеңдігі, бәрі-бәрі әсер етеді, әрине. «Сақтансаң сақтаймын» деген сөз еріксіз ойға оралады екен осындайда. Бастысы, автожолда асығамын деп, анау өмірге асығып кетпесеңіз болғаны...
Ақнұр САҒЫНТАЙ