Ақыл-ойдың айдыны
Кітап – сан ғасырдың сарқылмас қазынасы, ұрпақтанұрпаққа жеткен даналықтың алтын көпірі. Ол – үнсіз сырлас, мәңгілік ұстаз. Әрбір кітап адам ойының теңізге айналған тамшысы. Кітапты оқыған адам ой теңізіне жүзіп, рухани биікке көтеріледі. Ол тек білім ғана емес, жүрекке нұр, санаға сәуле береді. Адам өз бойындағы мейірімділік, парасат, сабыр, әділет сынды асыл қасиеттерді кітап арқылы терең түсініп, бойына сіңіреді. Кітап адамды тәрбиелейді, қалыптастырады, өсіреді.
Ұлттық кітап күніне орай Ақай ауылдық кітапханасының коворкинг орталығында кітапханашы Қалимаш Нұрмағамбетованың ұйымдастыруымен №279, №99 мектеп оқушылары арасында «Кітап – ақыл ойдың айдыны» тақырыбында сайыс өткізілді. Сайыстың мақсаты – оқушылардың кітапқа деген сүйіспеншілігін арттыру, ақыл-ойын, тілін дамыту, кітапты сүюге, ғибрат сөздерден үлгі-өнеге алуға, кітапты құрметтеуге баулу.
Сайыста оқушылар «Кітапсүйерлер» және «Кітапқұмарлар» болып екі топқа бөлінді. Аталған сайысқа клуб үйінің әдіскері Балзия Пірімжар мен клуб режиссеры Гүлбану Мұсаева әділ төрелік етті. Сайыс 5 кезеңнен тұрды. Ең әуелі әр топ өздерін таныстырса, «Білім көзі – кітапта» деп аталған бірінші кезеңде оқушылар сұрақтарға жауап берді. «Мақал – сөздің мәйегі» атты екінші кезеңде оқушыларға шарлардың артына жазылған мақалдардың жалғасын табу тапсырылды. Үшінші кезең «Көңілді тапқырлар» деп аталып, бұл кезеңде әр топ өзіне берілген әріптен ғана басталатын сөздермен жауап берді. Төртінші кезең «Ойлан, тапта» қатысушылар бір сөзден бірнеше сөздерді құрастырды. Ал бесінші кезеңде әр топ өздері дайындап әкелген өнерлерін ортаға салды. Сайыс нәтижесінде «Кітапқұмарлар» тобы жеңіске жетті.
Кітапхана – білімпаздар мекені. Оқушылар кітапханаға келіп, оқып, керекті тапсырмаға дайындалады. Оқушылардың кітап оқып, ізденісте болуы олардың жан сарайын ашады. Кітап оқып, оны жан серігімізге айналдырайық!
Қымбат БЕРДЕШ