Ризашылықтың күші мен маңызы

Қазақстанда 1 наурыз – Алғыс айту күні ретінде ерекше мәнге ие. Бұл – сан түрлі этнос өкілдерінің қазақ халқына, бір-біріне деген шынайы ризашылықтарын білдіретін күн. Бұл күн – тарихтан тағылым алып, болашаққа сеніммен қадам басу, бірлікті нығайту мен бейбітшілік құндылықтарын дәріптеу мейрамы.
Алғыс айту – жүректен шынайы шыққан сезім. Ол адамдарды жақындастырып, өмірді мәнді ете түседі. Сондықтан әр күнімізді ризашылықпен өткізіп, айналамызға жылулық сыйлайық. Алғыс айту – мейірімділіктің, бейбітшіліктің, ынтымақтың белгісі. Осы құндылықтарды сақтай отырып, біз жарқын болашаққа бірге қадам басамыз.
Бұл мереке – елімізде тұрып жатқан әртүрлі этностардың қазақ халқына деген шексіз алғысын білдіретін күн. Себебі ХХ ғасырдың басында Қазақстанға көптеген ұлт өкілі еріксіз қоныс аударылды. 1930-1950 жылдары күштеп жер аударылған корейлер, немістер, шешендер, ингуштар, украиндар, поляктар және басқа да халықтар қазақ жеріне келіп, ауыр жағдайға тап болды. Олар жергілікті халықтың кеңпейілдігі мен мейірімділігінің арқасында аман қалды. Қазақ халқы олармен соңғы нанымен бөлісті, құшақ жая қарсы алды. Сол бір қиын-қыстау кезеңде көрсетілген жанашырлық бүгінгі Қазақстандағы халықтар достығының негізін қалады.
Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Кеңес режимі батыс шекарадағы халықтарды «сатқындық жасауы мүмкін» деген жаламен күштеп көшіре бастады. Бұдан бөлек Қиыр Шығыстағы азғантай корей диаспорасын да айдауға салды. Оған біздің ауданымыздың ІІІ Интернационал ауылын мекен еткен осы ұлт өкілдерін мысал ретінде келтіре аламыз. Ауыл халқымен етене араласып, ауылы аралас, қойы қоралас болып кеткен корей, түрік халықтарының бойындағы жақсы қасиеттерден үйренгеніміз де көп болды. Олардың арасынан 1938-1984 жылдары ІІІ Интернационал колхозының председателі, ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған Цай Ден Хак есімді корей ұлтының азаматы республика көлеміне танылып, Социолистік Еңбек Ері атанды.
Аталмыш кезеңде түрлі ұлттарды қазақ даласына жаппай күштеп көшіру басталды.1946 жылы Кеңес одағында жер аударылған халықтардың жалпы саны 2,5 миллионға жетті. Кейбір деректерде үш миллионға жуық деп те беріліп жүр. Ал осының ішінде Қазақстан аумағына жер аударылғандары 1 миллион 200 мың адам екен. Бірақ қанша жерден құжаттарға сүйенсек те елімізге көшірілген халықтың нақты санын айту өте қиын. Себебі қоныс аударушыларды әр ай сайын қайта тіркеу, оның ішінде жаңадан қосылғандармен араластырып тіркеу, бір отбасын басқа жерге қайта көшіріп жіберу, туыстардың бөлініп кетуі, кейбір отбасының қайта қосылуы секілді жағдайлар өте көп кездесетін. Әр жылдары 800 мыңдай неміс, 102 мың поляк, Солтүстік Кавказ халықтарының 550 мың өкілдері, Қиыр Шығыстан 18,5 мың корей отбасы жер аударып, көшіп келуге мәжбүр болған деген деректер бар. Жер аударылғандар қазақ даласында көбіне егін шаруашылығымен, мал өсірумен айналысты. Кейін барлық өнеркәсіп саласына атсалысты. Бұл өз кезегінде Қазақстан экономикасының дамуына мол үлес қосты.
Бүгінде бұл күн – тек өткенге тағзым етудің ғана емес, сонымен бірге қазіргі бейбіт өміріміз үшін шүкіршілік етудің, жақындарымызға, қоғамға, Отанымызға алғыс білдірудің символына айналды.
Ғалымдар алғыс білдіру адамның психологиялық жағдайына оң әсер ететінін дәлелдеген. Бұл әдет адамның өз өміріне деген қанағаттанушылығын арттырып, стрессті азайтуға көмектеседі. Ризашылық білдіру арқылы адамдар арасындағы қарым-қатынас нығайып, сенім бекиді.
Халқымызда «Адамға алғысы жоқтың, Аллаға алғысы жоқ», «Алғыспен ел көгерер, Жаңбырмен жер көгерер», «Алтын деген – жер сыйы, Алғыс деген – ел сыйы», «Алтын алма, алғыс ал» деген қанатты сөздер қалыптасқан. Мұның барлығы – жақсыны дәріптеудің, адам баласына тура жолға салудың, көпшілік ортаға бейімдеудің, үлкенді құрметтеп, кішіге қамқор болуға насихаттаудың жолы.
Біз көбіне үлкен жетістіктерге жеткен кезде ғана алғыс айтамыз, бірақ күнделікті өмірдегі ұсақ-түйек жақсылықтарға да ризашылық білдіру маңызды. Себебі шынайы бақыт – қарапайым нәрселерден тұрады.
Кімге және қалай алғыс айтуға болады?
Алғыс айту – кез келген уақытта жасалатын ізгі әрекет. Біз алғысымызды тек сөзбен ғана емес, іспен де көрсете аламыз.
Бұл күнді атап өтудің көптеген жолы бар. Мәселен, жақындарыңызға, достарыңызға, әріптестеріңізге алғыс айту, қайырымдылық шараларына қатысу, мұқтаж жандарға көмек көрсету. Ұстаздарға, ата-аналарға, еңбек адамдарына құрмет көрсету. Сондай-ақ өз өміріңіздегі маңызды адамдарға ризашылық білдіру арқылы олардың көңілін көтеру.
Ризашылық тек сөзбен ғана емес, нақты әрекет арқылы да көрсетілуі мүмкін. Ата-анаға алғыс – оларға қамқорлық таныту, ұстазға алғыс – оның еңбегін бағалап, білімін қолдану, досқа алғыс – сенімін ақтау, қоғамға алғыс – пайдалы іспен айналысу.
Алғыс айту тек бір күнмен шектелетін іс емес. Ол адамның өмірлік ұстанымына айналуы тиіс. Әр күнімізді ризашылықпен өткізіп, айналамызға жылулық пен мейірімділік сыйласақ, қоғам да соғұрлым жақсара түседі.
Бүгінгі бейбіт өміріміз үшін, туған жеріміз үшін, айналамыздағы жақын жандар үшін алғыс айтайық! Бұл мереке әрбір адамның жүрегіне жылулық ұялатып, достық пен ынтымақтың символына айнала берсін!
Баршаңызды Алғыс айту күнімен құттықтаймын!
Лаура Бақтыбаева