» » СӘНТӨРЕНІҢ ЖЫР НӨСЕРІ

СӘНТӨРЕНІҢ ЖЫР НӨСЕРІ

«Қырық қабат ырғақтарға сүйіне, Қырықпышақ болғандарға күйіне. Қырық қадам басқан сайын алға аттап, Қырық мақам құбылады дүние» деген бір шумақ өлеңмен ашылатын «Қырық мақам күмбірі» деп аталатын бөлімінде белгілі қаламгер, ақын һәм драматург, балалар әдебиетінің көрнекті өкілі Сәнтөре Пірманұлының «Ұлы дала ырғақтары» атты жыр кітабы жыр нөсері боп көңілдерге құйылады. Өлеңсүйер қауымды дүр сілкіндірген, қазақ поэзиясына олжа салған өлеңдер жинағының қазақ поэзиясына әкелген жаңалығы не дейсіз ғой? Ақынның жаңа жинағына жыраулық поэзия дәстүрімен ақжарылып толғанған иірімді ырғақ, әуез бен сазға толы эпикалық сарын, алтын шапақ әуен естіледі.
«Қорқыт пен қырық қыз» аңыз-дастаны жаңаша мәнер, соны өрнекпен жазылған. Поэма мен баллада жүгін көтерген, сюжеттік өлеңдер де аз емес. Шығыс үлгілерінің ізімен өрілген түпсана шумақтардан кебеже түбіндегі бал дәміндей тәттілік сезіледі.
Жинақта табиғи таным, ұлттық болмыс пен мінез бар. Алтынкүрек ескендей ішкі иірімі өзгеше, боздалада боздаған бозінген жырдың бұйдасын ұстатады. Сүлейдариядан өтетін керуен жолындағы күміс көпір үстіне Ай жарығынан алып алтын шырақ жаққандай тәмсіл сөз, тымсал теңеу оюы бөлек өрнекпен нақышталған деп жазылған кітаптың дәйектемесі де оқырманын елең еткізгені рас.
Ақынның жыр-дастандар жинағы «Жыр бастау» деп аталатын өлеңмен басталады. Бір ғажабы – жеті-сегіз жолмен өрнектелген бұл поэзиялық туынды оқырманын сонау ХІV-ХV ғасырда ұлы далада қобызбен сарнап жыр нөсерімен рухани санамызды тасытқан, күмбірлеген қоңыр домбырамын халықтың қуанышы мен қайғысын төгілткен жыраулар салған жыр соқпағына жетелей түседі:
«Ниеті түзу ағайын,
Жыраулар отын жағайын.
Күйкі тірлік көңілдің,
Жыртығы болса жамайын.
Терме мен толғау ем болар,
Өткізгендей бал айын.
Бабадан қалған мұраның,
Қарайын ашып сарайын.
Өшпейтін лағыл өнердің,
Бір кірпішін қалайын.
Жыр деген асау пырақтың,
Тұмарлап жалын тарайын...»
Жыр осылай басталады, техногендік өркениет идеяларымен алысып жүрген аласапыран күй кешіп жүрген оқырман қауым ХХІ ғасырдың алғашқы ширегінде Әулиеатада «жыраулар отын жағып жүрген» Сәнтөренің поэзиялық туындыларының айтар ойына риза болады. Сол жаңа ғана айтқан қазіргі ақындар мен прозада өз шығармаларымен дабыра, даңғаза батыстың жын-ойнақы әуендерімен күресіп жүрген Сәнтөреше «жыртығы болса жамайын» деген аппақ көңілінен шыққан жыр жолдарын оқып, «ойбай-ау, жыраулар поэзиясы рухани байлығымыз деп оны жалғастырушылар бар екен ғой» деп сүйсіне оқып, ағыл-тегіл сезімге бөленіп: «санамызды жаңғыртты, көңілімізді көтерді, ақынның өлеңдері!» деп рахаттанғаны рас.
Сонау ХІІІ-ХІV ғасырдан басталған, тіпті одан бұрын ғұн дәуірінде Молақсай жырау мен Тоғанас жырау бастаған қассақтардың (қазақтардың) жойқын жырларынан бастау алып, Сыр бойында мәңгілік ұйқыға кеткен қобызшы жырау Қорқыт, Кетбұғы, Сыпыра, найман Ұлық жыршы (Аталық жыршы деп те атайды), Алтын Орда күйреген кезде Ахмет Үргенши атты жыршы, Асан қайғы мен Қазтуған жыраулардан серпін алатын жыраулық поэзия осы бүгін Әулиеата аспанында жарқылдап тұрғанына қуанбасам мәңгүрт болып кеткенім де! Төңірегімде жүрген жүрегі адал, арман-мақсаты адалдық пен мейірімділікке толы жандардың көңілдерін бір серпілткені рас: «Жыр деген кәусар ақ бұлақ, Мөлдіреп бірге ағайын. Жыр деген кие, аманат, Алтынға тозбас балайын. Жыр деген дәні жалбыздың, Жұпарға бөлер маңайын, Жыр деген дәру жүрекке, Шашатын шапақ, арайын. Жыр деген асыл қазына, Алқа ғып алтын тағайын. Біріңе күндіз түстеніп, Біріңе түнде қонайын...» Жырды алтынға балап, оны ақбұлаққа теңеп жүрген, жырды кие деп танып, Молақсай мен Тоғанастан, қобызшы Қорқыттан, Кетбұғы мен Сыпырадан, Асан қайғы мен Қазтуғаннан қалған аманатты ұрпақтарға шашу ғып шашып жүрген ақын Сәнтөренің, жырау Сәнтөренің өлең-жырларынан рухани ләззат аласың. «Біріңе күндіз түстеніп, Біріңе түнде қонайын...» дейді, мынау нағыз қазақы сөз, нағыз қазақтың жүрек төрінен шыққан асыл сөз... Түстеніп, қонып жүрген Сәнтөре емес, қазақтың жыры ғой... «Сыр елі – мәңгі жыр елі, Атана берсін лайым.
Сыр елім, өзің өсірдің,
Бәйгеге қоссаң көсілдім.
Асау тайдай кезімде,
Қатемді жөндеп кешірдің.
Аламанға түскенде,
Қыл арқандай есілдім.
Алдына топтың шығарып,
Келтірдің сәнін көшімнің.
Дариясына өлеңнің,
Тәуекел етіп шешіндім.
Теңіздің терең түбіне,
Інжуін іздеп тесілдім»
Жырдың құдіреті деп осыны айтамыз. Ақын көңілінен жырдың толқыны түйдек-түйдек төгіледі. Жәй құрғақ сөз емес, адамның санасын сілкінтіп, бойындағы күш-қуатын шымырлатып бойға жайыла береді, жайыла береді. Түйдектеле төгілген жыр шумақтарында магиялық күш пайда болып, адамның өмірге деген құштарлығын арттыра түседі. Жырдың тылсым күшін жыр додасына түскенде «бәйгеге қоссаң көсілдім», «қыл арқандай есілдім», «інжуін іздеп тесілдім» дейді. Мұнан біз сонау ежелгі дәуірлерде жыр додасын тасытқан жыраулардың аманатын өскелең ұрпаққа тапсыруда Сәнтөренің ХХІ ғасырдың биігінен көрінгенін оқырман қауымға жеткізе аламыз.
«Өзекке түссе өкініш,
Өлеңмен емдеп өшірдім.
Бақ құсы болды жыр-терме,
Атқан таң, батқан кешімнің.
Жолдарын барлап сүлейдің,
Күтіп ап аттан түсірдім.
Өлеңнің өмір екенін,
Тағдырға қарап түсіндім.
Жыраулық жаққан шырақты,
Кеудемнен келмес өшіргім».
Өлең-жырдың тылсым күшін ақын өзегіне түскен өкінішін өлеңмен емдегенін, жыр-термені бойымдағы бақ құсым деп танығанын, жыр сүлейлерін аттан түсіріп алып құрмет еткенін, өлеңнің өмір екенін түсінгенін, жыраулық асыл қасиетті жүрегімнен өшіргім келмейді деп кеудесін жарып шыққан поэзияның дәнін халық санасына қалай еккенін шымырлата жеткізеді.
Жыраулық поэзияның лебі есетін Сәнтөренің бұл термесінде жүректен шымырлап шыққан жыр нөсері оқырманын да, тыңдарманын да елең еткізіп, өмірге түзу ұғыммен қарауға үйретеді. Адам өмірге Алла тағаланың сынағынан өту үшін келді. Ал ол сынақтан қалай өту керек? Сынақтан өту үшін адамның жан тазалығы, тән тазалығы болуы қажет. Ал жан тазалығы мен тән тазалығын тереңдетіп, өмірге адамгершілік тұрғыда қарауға поэзияның әсер ету қуаты мол. Адамзат поэзиясыз өмір сүре алмайды. Сондықтан Абай атамыз: «Туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең» деп айтты емес пе? Ал Сәнтөре ше? Сәнтөре қамшыдай қысқа адам ғұмырындағы ең қажетті рухани мұра поэзия екенін ұқтырады: «Күйкі тірлік көңілдің, жыртығы болса жамайын» немесе «Жыр деген асау пырақтың, тұмарлап жалын тарайын» деп поэтикалық әдіспен еркін көсіледі.
Ал «сүлей» сөзі «жыршы», «жырау» деген мағынаны білдірсе, «Жырау» деп аталатын өлеңінде жыраудың поэтикалық бейнесін назым сөздер мен ширатпа шумақтар арқылы жыраудың қоғам алдындағы қызметін әсерлі жеткізеді.
Белгілі ғалым Қ.Сыдықов жырау туралы былай деп жазады: «Жырау ақпа-төкпе импровизатор, өлең сөзді қару еткен өнер адамы, халықтың қамын ойлай білетін парасаты мол ел ағасы, қысылғанда жол табар ақылшысы, уақыт, оқиға сырын, замана бағыт-бағдарын ақыл таразысына салып сынай, салмақтай білетін, болжағаны болып, айтқаны келетін тапқыр да көреген дана абызы, қисық кеткенді қылышпен емес, сөзбен сілейтіп, бетің бар, жүзің бар демей тура айтар өткір де әділ биі, жөні келгенде жыр мен қаруды бірдей жұмсап жауға аттанар жауынгер жырауы, қолбасы болған. Жырау ел тағдырын шешер ірі оқиғалар, аса мәнді көкейкесті мәселелер тұсында толғанған. Халық өзгелерден гөрі қайғырғанда демеп, қуанғанда қанат бітіріп, ақыл қосатын асыл сөз иесі – жырауларды қатты қадірлеген. Сәнтөренің «Жырауын» оқып көрелік:
«Қара басы тең хандарға,
Сүлейге жетер жан бар ма?
Жетекші бар ма жыраудай,
Жетелер алтын таңдарға?!
Сезімді қозғап сыр аулар,
Естіген тырна тыраулар.
Ағысын тапқан тәлімнің,
Абызың-жүйрік жыраулар!
Үнінде мақпал, қыжымы,
Жыраулар өнер Қызыры.
Теңіздің суын қайнатқан,
Жырының отты қызуы».
Сәнтөре дәл осылай осып айтпаса Сәнтөре бола ма? Сүлейлерді ханға теңеп отырған жоқ па? Сонау аласапыран жылдарда ел басына күн туып, ханның мазасы қашқанда сүйенері жырау болды емес пе? Жырау салиқалы сөзімен жауынгерлерге рух берсе, ханның қателігін бетіне айтып, қисайып ұшқан түтінді түзетті. Іргесіне жауды шақырып, қаннан қаперсіз қымыз ішіп мастанған Жәнібек ханға:
«Ай, хан, мен айтпасам білмейсің,
Айтқаныма көнбейсің.
Шабылып жатқан халқың бар,
Аймағын көздеп көрмейсің.
...Ай, Жәнібек, ойласаң,
Қилы, қилы заман болмай ма,
Суда жүрген ақ шортан
Қарағай басын шалмай ма?» деп жақындап келе жатқан отаршылдық қауіпті ескертпейтін бе еді? Ол қандай қауіп? Арадан бірнеше ғасыр өткен соң Абылай хан «қарағай басын шалған шортанның жұмбағын» Бұқар жыраудан сұрағанда, Бұқардың:
«Ханға жауап айтпасам,
Ханның көңілі қайтады.
Қандыра жауап айтпасам,
Халқым не деп айтады?
Хан Абылай, Абылай,
Қайғылы мұндай хабарды,
Сұрамасаң не етеді?
Сұраған соң айтпасам,
Кісілігім кетеді.
Енді айтайын тыңдасаң,
Маған һаһар қылмасаң.
Қарағай судан қашықтап,
Шөлге біткен бір дарақ.
Шортан шөлге шыдамсыз,
Балықтан қашқан бір қарақ.
Ойлама шортан ұшпас деп,
Қарағайға шықпас деп.
Күнбатыстан бір дұшпан,
Ақыр да келер сол тұстан.
Өзі сары, көзі көк,
Діндарының аты – поп.
Күншығысқа қарайды,
Шашын ылғи тарайды.
... Осы сынды бір кәпір,
Аузы-басы жүн кәпір.
Жаяулап келер жұртыңа...» деп Ресей патшасы тарапынан отаршылдық қауіптің жақындап келе жатқанын сезіп, ескертеді.
Шалкиіз жыраудың Арық ханға: «Арық хан! Менім ием Тәңір іс етсе, Айналаңды берік етер. Жиған малың тәрік етер, Атың, тоның бұлды етер, Өз басыңды олжа етер!» дегенін кім ұмытар дейсің? Жиембет жыраудың Есім ханға айтқан: «Әмірің қатты Есім хан, Бүлік салып бұйырдың. Басын бер деп батырдың, Қанын ішіп қанбаққа, Жанын отқа салмаққа...» деп айтып еді ғой? «Ей, Қатағанның ханы Тұрсын?» деп Еңсегей бойлы Ер есімнің атынан сөз айтқан Марғасқа жырауды кім ұмытар? Тәтіқара ақынның Абылай ханға айтқаны, Үмбетейдің Бекболат биге айтқаны ұлттық діліміздің беріктігінен хабар беріп тұрған жоқ па?
Сәнтөренің «Жырау» деп аталған жыры қазақ әдебиетінде жыраулар поэзиясын одан әрі дамытуға қосқан үлесі деп тартынбай айта аламыз.
«Үнінде – жібек манаты,
Мойнында – құндыз, жанаты.
Иығында жыраудың,
Бар көрінбес қанаты.
Самалмен сәні сайдың да,
Жұлдызбен сәні Айдың да.
Қазынасы бар жыраудың,
Тот баспайтын қойнында».
«Иығында бар жолбарыс» деп келетін ауыз әдебиетінде қолданылатын жыр-термелер рухани мұрамызға айналса, Сәнтөренің «Иығында жыраудың, Бар көрінбес қанаты...» деген сөзі орынды шегеленген. «Жұлдыздың сәні – ай», «Жыраудың қойнында тот баспайтын қазынасы бар» деген ой түсіретін жыр жолдары Сәнтөренің өзгені қайталамайтын өзіндік үні дер едік.
«Жүдеген жүрек шынығар,
Үнінде – шекер, шырын, бал.
Далада туған жыраудың,
Үркерден алған үні бар.
Байлаулы мына өмірдің,
Ішінде ниет көңілдің.
Қылқан емес, қатты емес,
Ең сенімді үн – қоңыр үн!»
«Далада туған жыраудың, Үркерден алған үні бар», «Ең сенімді үн – қоңыр үн» деген терең ойды жүрекке шымырлата жеткізе алады. Ал мына шумағы жырауларға берген мәңгі ұмытылмайтын, мәңгі тозбайтын, көңілде мәңгі өшпейтін, ешкім өшіре алмайтын, бұрын қайталанбаған, енді ешкім қайталай алмайтын поэзиядағы мәнді құбылыс:
«Жырдың сазы – лағыл түс,
Жыраудың жаны – сағыныш.
Бір иығында – бозторғай,
Бір иығында – бұлбұл құс».
Жүректен шығып, жүрекке жететін өлең жолдары оқыған сайын қанаттандырып, желпіндіріп, сілкіндіріп поэзияның тылсым құдіретін сезіндіре алатын шумақтар көңіл төрінен орын ала береді:
«Төгілтіп терме көмейден,
Құтқарған жұртын үрейден.
Іңірде туған құлындай,
Мақам, саз қалған Сүлейден.
Ұтылмай ұлық ғасырдан,
Жаралған жырау асылдан.
Оранған өртке тарихың,
Көмекейіне жасырған».
Енді сілкінбей, тебіренбей көрші! Бұл – жыраудың, Сәнтөре жыраудың сөз екпіні, ой екпіні! Ғасырлардан ғасырларға көктей өтіп келе жатқан ұлы далада жыр ырғақтарын құраған жыраулар поэзиясын тудырушы, дамытушы жырауды Сәнтөре осылай әспеттейді.
Меңдібай ӘБІЛҰЛЫ,
филология ғылымдарының кандидаты, Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің,
аймақтың менеджмент академиясының (Павлодар) профессоры, Халықаралық ақпараттандыру
академиясының академигі
12 қаңтар 2025 ж. 208 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№7 (10375)

28 қаңтар 2025 ж.

№6 (10374)

24 қаңтар 2025 ж.

№5 (10373)

21 қаңтар 2025 ж.

Хабарландыру

Хабарландыру

Хабарландыру

21 қаңтар 2025 ж.
Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 342
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031