Жақсының аты өшпейді
Өткен сәрсенбі күні. Кешқұрым уақыт. Күнделікті жұмыстан келіп, үйдің тірлігіне еніп, кешкі астың қамына кірісіп жатқан шағым еді. Қалта телефоныма ватсап желісімен таныс емес нөмірден қоңырау түсті. Қапелімде не істерімді білмей абдырап қалдым. Бүгінде таныс емес нөмірден қоңырау келсе үрке қарап, қорқатынымыз бар ғой. Қоңырау шалған кім екен деп отырғанымда, жолдасым Ерлан:
– Қайта қоңырау шалсайшы, мүмкін керек адам шығар, – деп ой қосты. Содан жаңағы нөмірге қоңырау шалдым.
– Сәлеметсіз бе, аға, жаңа звандаған екенсіз...
– Бақытты бол, айналайын! Сен Қымбатпысың?
– Иә, иә. – Қожабергеннің немересі, Молы бектің баласысың ба?
– Иә, иә, аға, – дедім әкем мен атамның есімдерін есіткен соң қобалжығаным басылып, телефондағы ағаның әңгімесіне құлақ түрдім.
– Мен Қазалыдан Өмірбек деген ағаң боламын. Сенің «Сайдақтың Кербестісі» деген әңгімеңді оқып, жазудан хабары бар бала екеніңді біліп, сенің атаң Қожаберген туралы, ол кісімен кездескен кездегі естеліктеріммен бөліскім келіп хабарласып отырмын. Көптен телефон нөміріңді таба алмай жүр едім. Бүгін сәті түсіп тауып алдым. Айтар әңгімемді тыңдауға уақытың бар ма? – деп ағынан жарылды.
Міне сол сәтте жарықтық атам Қожаберген мен әкем Молыбек бір аунап түсіп жатқан шығар деген ой келіп және атам мен әкем туралы жаныма жақын жылы сөздер есітіп қолыма қалам алып, әңгіме жазуыма түрткі болды.
Ең алдымен Өмірбек аға өзі туралы әңгімесін бастады. Мен Өмірбек Тәжімбетов. Руым – Жақайымның Көлімбеті. Қазір жасым 69-да. 1956 жылы осы Қазалы ауданында қазіргі Ү.Түктібаев ауылында дүниеге келгенмін. Әкем – Өмірзақ, шешем – Күләш. Бұл кісілер менің алдымда он бала туған. Ол кездері отбасымызда бала тұрмай 4-5 жасқа келіп шетінеп кете берген екен. 1956 жылы сол ауылдағы ағайынның тілеуімен туған екенбіз. Әкем 1906 жылғы. Ұлы Отан соғысына барған. Соғыста бір аяғын минаның жарқыншағы жарып кетіп, жарақаттанып, соғыстан мүгедек болып келген. Бала қамымен тіршілік етіп, 1965 жылы мен 2-класты бітіргеннен кейін (әкем одан бұрын барып, Карл Маркс совхозының теңіздің жағасындағы Ажарға жұмысқа барып) көшіп бардық. Ажар деген жердің арғы жағында 110 шақырым жерде Ақтам, Қарақыз деген жерде Шөмекейлердің ауылы бар. Біз бәріміз бұл ауылды кішкентайымыздан білеміз. Оның бер жағында біздің Ажардың қойшылары Ақтамға, Досқа дейін барып отыратын еді. Соның ар жағында 9-10 шақырым қашықтықта Қарақыз еді. Сосын ол елдің адамдарымен ауыл аралас болған соң қатысып тұратынын кішкентай болсақ та жөнжосығын білетін едік.
Ү.Түктібаев ауылынан №88 орта мектепті бітіріп, сол жылы менің қатарларымды өндіріске алып қалған еді. Оған менің үйім ол жерде емес, апамның үйінде жатып оқығанмын. Содан мектеп директоры шақырып алып «Бұл жерде үйің жоқ қой, оқуға барам десең оқуға бар, әке-шешеме барам десең үйіңе бар, сол жақтан жұмыс істерсің» деп қолыма аттестатымды берді. Содан мен Шымкент қаласындағы қазақтың химия-технологиялық институтына құжат тапсырдым. Бірақ маған оқу бұйырмай, елге қайттым. Үйде жалғыз шешем бар, әкем 1971 жылы қайтыс болған. Үйдегі жалғыз бала болған соң фермада қара жұмысшы болып істеуге тура келді. Нағашым Құттыбай ферма меңгерушісі еді.
Бірде бізді, яғни төрт адамды Досқожа Мұқашов, Үсен Орнықбаев, Серік Ахметов, сосын мені қойшыларға шөп түсіруге жіберген. Төртеуміз Ажардың 22 шақырым жердегі шығыс жақ бетіндегі «Мәңгүр» деген жерге бардық. Бұрын бұл жер ұрықтандыратын пункт болған, кейін қой көбейген соң баз қылған еді. Сол қыстауға бір жағы ремонт істеуіміз керек, бір жағы шөп түсіруіміз керек болды. Шөптің алды келіп, бір күн қонғанбыз. Әр қыстаудың басында кемі екі-үш күн қонатын кезіміз болады. Сол қойшы қыстауына екінші күн қонып жатқан кезімізде, іңірде қара ат мінген бір кісі келіп түсті.
Амандық-саулық сұрасып, біз де үлкен кісі келген соң «Ассалау мағалайкүм» деп түрегеліп сәлемдестік.
– Таңертең «Ақтам-Қарағыздан» мал қарап шығып едім. Сол жақтың Шөмекейімін, атым Қожаберген болады. Әлі қойшы келген жоқ, шөп түсіріп жатыр екенсіңдер ғой. Бағана машинаның дауысын естіп едім, сексеуілге келген көліктің даусы шығар деп ойлағанмын. Адам бар екенін білгенде сендерге «Шөптіқақтың» жазығынан көрген ақбөкеннің текесін айдап әкеп беретін едім. Далада жүрген адамға сорпа-су болатын еді, – деді үлкен сеніммен.
Малшының тоқал тамына кіріп, кешкі асымызды алдымызға алдық. Қожаберген ата мен біздің үлкендер ананы-мынаны әңгімелеп отырды. Содан кейін Қожаберген ата сыртқа шығып, атын жайғарып келді де, жатып қалды.
Таңертең күн шыға біз де тұрып, өз тіршілігімізге кірістік. Қожаберген ата күн шықпай кетіп қалған, кетерінде «Қораның есігін ашып, киікті қамауға дайын отырыңдар» деп кеткен. Содан күн арқан бойы көтерілді. Досекең төбеге шығып, жан-жақты барлап, қарап келді. Киік қуған атамыздың шаңы да көрінер емес.
Сағат он бірдің кезінде тысты тағы бір қарап келіп:
– Айй, ол кісі бұл кезде өзінің ауылынан бір шықпаса болар еді, қайдам? – деп қойды. Сенбестік білдіргені ғой. Содан Үсен деген ағамыз сыртқа шығып кетіп еді, бір кезде:
– Киікті айдап келе жатыр, шығыңдар, шығыңдар, – деп айқайды салды. Бәріміз өре түрегелдік.
Далаға шықсақ, Алланың құдіреті-ай, ақбөкеннің нән текесін атпен айдап, Қожаберген ата да жақындап қалыпты. Нән текеде жалтарып қашар шама жоқ, дәу танауын жерге жақын ұстап, аттың алдында мөнтеңдеп-ақ келеді. Бәріміз қаумалап жүріп, баздың алдындағы бопыр қораға кіргізіп алдық. Кіргізу бойынан Үсен киікті шап беріп дереу ұстап алды. Өзі де шалт кісі еді. Үсен сол кездері 20-21 жастағы жігіт болатын.
Ат үстінде тұрған Қожаберген ата:
– Тез ұстап, аяғын тұсап қойыңдар! Қазір есін жинаса, айырылып қаласыңдар! Демін басқан соң, жайырақ сойып аларсыңдар, – деді.
Атаның айтқанын дереу орындап, ақбөкеннің аяғын тұсап, қойшының тоқал тамының бір бөлмесіне қамап қойдық. Содан киік айдап әкелген көкемізге жақсылап шайды қойып, тамақ беріп баптадық. Шай ішіп отырып Қожаберген ата:
– Таң алдындағы торғай шырылынан бұрын жолға шығып кеттім. Жарықтық күн шықпай-ақ кездесті-ау. Кешегі өрісінен ұзай қоймапты. «Қанды басын бері тарт» деп соңына түстім. Даланың түз тағысын алу оңай дейсің бе? Атым жүйрік болғанмен, ақбөкен де жүйрік аң. Тек ақбөкенді желге қарсы жібермеу керек. Қос танауына жел толтырып алса, онда жету өте қиын. Ал ыққа қарай бір қайырып алсаң болды, алдыңда томпаңдап желіп отырады, – деп мән-жайды баяндады. Сөйтіп атамыз ауылына қарай жол жүріп кете барды.
Содан шәйімізді ішіп болып отырғанымызда даладан машина гүрілі естілді. Сыртқа шықсақ ферманың су жаңа Газ-66 автокөлігі келіп тоқтаған екен. Ферма меңгерушісі Құттыбай Бисенәлиев нағашым мен шопыры Іскендір Молжігітов. Амандасып болып, үйге кірдік. Құтекең сезімтал адам еді, ішкі бөлмеден шылдыр еткен дыбысты естіп «Мына жаққа не қамап қойғансыңдар?» деп есікті ашып қалып еді, аяғы байланып жатқан ақбөкен текесін көріп:
– Оу, олжалысыңдар ғой. Мәссаған тірі теке ұстап әкеліпсіңдер, я мылтықтарың, я қақпандарың жоқ, қалай алдыңдар? – деп даурықты. Содан Досекең әңгімені бастап кеп жіберді.
– Кеше кешке бір орта бойлы, шақтастау келген, астына қара ат мінген кісі келген. Ол бізге «Бұл жерде бар екендеріңді білмедім, білгенде ақбөкеннің текесін айдап әкеліп, қуырдаққа тойғызатын едім, – деді деп болған жайтты баяндап жатыр. Құтекең біз сипаттаған адамды «Қара аты болса, ол Толыбек, Молыбектің әкесі Қожаберген ғой» деп бірден таныды.
– Ал осы ақбөкенді атпен айдап келді дегенге сене алмай тұрмын. Мына су жаңа ГАЗ-66-мен түнде кездессе де, күндіз кездессе де алдырмай жүрген аң қалай қолға түсті. Қақпанға түскен аң шығар, я оқ тиген шығар, – деп сенімсіздік білдірді шопыр Іскендір.
– Онда не қарап тұрмыз? Сойып көрелік, бір кемшілігі болу керек, – десе де сеніңкіремей, теке сойылып болғанша, бастан-аяқ қарап тұрды. Ешбір жерінен кінәрат жоқ, өкпе аман, ішкі құрылысының бәрі тап-таза. Ешқандай пытыра тескен жер жоқ. Бәріміз таңғалып, басымызды шайқап тұрмыз. Етті жіліктеп, қуырдақты жеп алып, қалғанын тұздап қойдық. Кешкі асқа ақбөкеннің семіз етінен асып, сол жолы 3-4 күн асқатық қылғанымыз есімде. Бұл 1973 жылдың қазан айының соңғы онкүндігінде болған оқиға еді.
Сол кезде алпысты мол орталаса да, Қожаберген атаның тақымының беріктігіне, күш-қайратының мол дығына сонда бір таңғалып едік-ау, сонда бір өзін нағыз Ұлы Даланың перзенті екендігіне көзімізді жеткізіп еді-ау, деген ағамыз әңгімесін әрі қарай жалғастырды.
Негізі ауылдың баласы ауылда туып, ауылда тәрбиеленгендіктен қаланың баласына қарағанда тіл алғыш, үлкеннің алдында ибалы болады ғой. Өзіміз ауылда туып-өскенімізді мақтан тұтамыз. 1974 жылы автошколда оқып, ауданның автобаза мекемесінде Камаз автокөлігін айдадым. Шопыр болған соң көбінесе іссапармен совхоздарға шығып, ерте көзге түстік. Еңбекқор болдық, сол еңбегіміздің нәтижесінде 21 жасымда партияға өттім. Сол кезеңде бес жылдық жоспарды үш жылда орындап, газет бетін бермедік. Сонымен еңбекте абыройлы шопыр болып, еңбегіміз бағаланды. Содан 15 жылдан кейін екінші рет Қожаберген ақсақалмен жолығудың сәті түсті.
1988 жылдың ақпан айы болатын. Бір күні аудандағы құрылысы салынып жатқан бірлестіктер мекемесінің бас маманы Махамбет Іскендіров деген азамат іздеп келді.
– Өмірбек деген сен бе?
– Иә, мен.
– Сені Қызылдың ішімен жүріп, Өзбекстан жері арқылы баратын жолды біледі деп естідім. Менің әкем Сарыағашқа көшіп еді. Соған апаратын малым бар еді. Мынау «Самара-Шымкент» трассасында үлкен карантин болып малды жібермей жатыр. Сол малды қызылмен апару керек. Бара аласың ба? – деп сұрады.
– Иә, білемін, барайын, – дедім. Ол кезде жаспын ғой, тауға бар десе – тауға, жауға бар десе – жауға баратын кезім. «Жол алыс, танымайтын жер» деп, бас тартатын да мен емес.
– Онда сені мекемеңнен сұрап алайын, – деді.
– Жарайды, аға, – деп дайын екендігімді білдірдім.
Қазалыдан басталған жолмен, Ақ ишан, Ақтам-Қарағыздың жерін басып, одан Кекірелі, Талбөгет үстімен жүріп барып, Өзбекстанның Үшқұдық, Зарапшан, Кәттәқорған, Науайы, Самархан қалаларымен өтіп, Ташкент арқылы Сарыағашқа түсуіміз керек. Әрине ұзақ жол.
Кеш бата Қазалыдан Махамбет, Бақыт үшеуміз ұзақ жолға шықтық. Ақишанның арғы ауызындағы қыстауда Шағырбай Бисеналиев деген туған нағашым қой бағып отыратын. Сол үйге қонып, таңертең ерте тұрып жолға шығып кеттік. Жерде қар бар. Түс ауа «Ақтам-Қарағыз» жерінен өттік. Он бір үй шөмекейлер екі бөлініп, аралары жақын екі жерде отыр екен. Тоқтамай өте шықтық. Тарам-тарам жол көп. Ауылдан шыға бір жолға түсіп ек, онымыз бізді тура шығысқа бағыттады. Қармақшыға қарай бағыт алғанымызды сездік. Әрі-бері оңға жол шығар деумен, ауылдан қырық шақырым ұзап барып, бір-ақ тоқтадық. Қыстың қысқа күні көкжиекке еңкейіп-ақ қалды.
– Кейін қайтып, жолымыздың бағытын дұрыстап сұрап алайық, Өмірбек, – деді Махамбет.
Машинаны кейін бұрып, жаңағы ауылға салып ұрып, жетіп келдік. Ауылдың кірер аузында тұрған тоқал тамның жанына тоқтадым. Үйден бір қарт адам шықты. Тани кеттім. Баяғы Қожаберген ақсақал. Он жылдан астам уақыттан кейін тағы кездесіп тұрмын. Амандық-саулық сұрасып, қасымдағы Бақыт ағамызды да «Сен баяғы Төрткүлге апарған балам емессің бе?» деп Қожекең танып жатыр.
– Біз Кекіреліге шығуымыз керек еді. Кекіреліден ары қарай Үшқұдыққа, одан Талбөгет арқылы баруымыз керек еді. Жаңа қардан жолды таппай қалдық, – деп жөн сұрадық.
– Міне, мына үйдің іргесіндегі жолға түсесіңдер, – деп, тура есік алдындағы жолды нұсқап, тоғыз шақырымнан кейін жол екіге айырылады, оң жақтағысы өздерің сұрап отырған Кекіреліден шығарады. Әй, бірақ сендерді жолға өзім салып жіберейін, тағы да басқа бағытқа кетіп қаларсыңдар, – деп үстіне қасқыр ішігін кие сала кабинаға мініп алды.
– Көке, сізді әкеп тастаймыз,– деп жатырмыз.
Содан демнің арасында әңгімені айтып отырып, тоғыз шақырымнан кейін жол айрыққа да жеттік. Қожекең бізді оң жақтағы жолға салып тұрып қош айтысып, батасын беріп бетін сипады.
– Ал енді сендер жолдарыңнан қалмай бұрылмай кете беріңдер. Мен жаяу қайта беремін ғой, – деді. Біз шошып кетіп:
– Ойбай, көке, апарып тастаймыз. Күн кешкіріп қалды. Ауылдан қанша жер ұзап кеттік. Далаға тастап кеткендей болмайық, – деп жатырмыз. Оған көнер ақсақал жоқ. Жасы жетпістің жарынан ауып кеткен, бірақ әлі баяғы жеңіл қозғалады. Кешкі аяз бетті қарып тұр. Тастап кете алмай біз тұрмыз.
– Күнде жүріп жүрген жерім ғой, ана қырдан ассам, ар жағы ауыл емес пе? Жолдарыңнан қалмаңдар! – деп ширақ қимылдап кете барды. Біз де «Ұят болды-ау» деп артымызға қарайлай ары қарай жүріп кеттік.
Біз сонда киіктің асығындай шымыр денелі ақсақалдың бойды шымырлатқан аязды да, етік басынан келер қарды да елең қылмай шекпенін қағып жіберіп, еңсесін сәл көтерген күйі алға қарыштап басып бара жатқанын көзімізбен көрдік. Сонда Қожаберген ақсақалдың сексенге келіп қалса да, бойындағы қажыр-қайратына тағы бір мәрте таңғалған едім. Біз де қазір жетпіске жақын қалдық, осы кездегі сәтіммен салыстырсам, сонда ол кісінің бір құдіреті бар адам екен ғой деп ойлаймын. Оның үстіне кеше «Сайдақтың Кербестісі», «Қожабергеннің Қара аты» деген әңгімелеріңді оқып, танитын болған соң Қожаберген атаның әңгімесінің жалғасы болсын деп, сені іздеп тауып осы әңгімені айтып жатқан жайым бар. Жақсының тұқымы екенсің айналайын, отбасыңызға, балаларыңызға сол жақсылардың шерепеті, берекеті тисін деп маған ақ тілегін жаудырып әңгімесін аяқтады.
Өмірбек ағаның әңгімесін тыңдап «Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көрген өлмесін», «Жақсының аты өшпейді» деген қазақтың даналық сөздері ойыма орала берді...
Қымбат МОЛЫБЕКҚЫЗЫ