» » Көптен күткен алтын немесе арманға деген адалдық

Көптен күткен алтын немесе арманға деген адалдық


Жақында Парижде өткен олимпиадада дзюдодан ерлер арасында 60 келі салмақта топқа түскен Елдос Сметов ел сенімін ақтап, қоржынға алтын медальді түсірді. Өзіне сенімді спортшы қыранша қарсыласып, түрлі шабуылға төтеп берді. Осылайша, дзюдодан Олимпиада алтынын еншілеген тұңғыш қазақ балуаны ретінде тарихқа енді. Бұл Елдостың үшінші Олимпиадасы болатын. Тараздық татами шебері осыған дейін 2016 жылы Рио Олимпиадасында финалға шыққанымен қарсыласына есе жіберіп, күміспен күптелген. Ал Токиодағы ойындарда Торнике Чкадуаны жығып, үздік үштікті түйіндеген. Ал биыл Елдос өміріндегі басты белдесуде бар шеберлігін паш етті. Жеңісті сәттен кейін спортшы желіде мынадай жазба қалдырды.
– Мен – Олимпиада чемпионымын! Өзімнің медаль жиынтығыма тек осы бір медаль жетпей тұрды. Бұл медальді осыған дейін екі рет екі жағынан көріп кеттім. Қол созым жерде қалдырдым. Міне, енді Олимпиаданың алтыны – менікі. Парижге тек алтын алуға келген болатынмын. Арманым орындалды. Шүкір, бақыттымын!
Қанша күннен бері мені құттықтап, жылы лебіздеріңізді, сый-сияпаттарыңызды арнап жатқандарыңызды көріп отырмын. Баршаңызға Алла разы болсын! Көп рақмет! Сіздердің қолдауларыңыз, қазақ халқының қолдауы мен үшін қашан да ыстық және әлемнің қай бұрышында күрессем де мен оны сеземін. Бұл – қазақ спортынының, қазақ дзюдосының көптен күткен тарихи алтыны.
Қажырлы еңбек, арманға деген адалдық, мақсатқа деген батыл қадамдар, жарақатқа төтеп беру, талап, дисциплина мені осы шыңды бағындыруға беттеді, – дейді ол.
Иә, бұл расымен тарихи сәт болды.  Мойнына алтын медаль тағып, еліміздің әнұраны шырқалғанда еңкілдеп сала берген спортшы күллі қазақты жылатты. Ақ тер ақталған күні арқасынан жүк түскендей болды. Қуаныштың көз жасы екені түсінікті. Әлеуметтік желіде де осы сайыстан бірге қуанып, бірге жылаған жандар көп болды. Өйткені бұл алтынды қазақ 44 жыл күткен еді. Кезінде Жақсылық Үшкемпіров «Олимпиададан алтын алатын балуан сен боласың, Елдос» деп батасын беріп, тілеуін тілеген екен. Даңқты спортшының батасы қабыл болып, Елдос ел мерейін асырды.
Елдос өзінің спорттық мансабын ерте жастан бастады және тез арада халықаралық деңгейде танымал болды.
Спортшы Париждегі Олимпиада ойындарының алғашқы айналымынан сүрінбей өтіп, 60 келі салмақтағы алғашқы айналымда нидерландылық Торнуке Чакадуамен белдесті. Кездесу қосымша уақытқа дейін созылып, Торнуке үш ескерту алып, жеңіс Елдосқа берілді. Келесі кезеңде ол украиналық Ділшот Халматовпен кездесті. Аталған спортшы өзбек балуанын жарыс жолынан шығарған болатын. Бұл кезеңде жерлесіміз украиналық Ділшот Халматовтан «ваззари» ұпайы бойынша басым болды. Ширек финалдық белдесуде әлемдік рейтингте бірінші тұрған қытайлық Тайпей өкілі Ванг Вейден «ваззари» ұпайымен басым түсті. Осылайша Елдос 60 келі салмақта Олимпиаданың жартылай финалына шыққан алғашқы спортшы атанған. Жартылай финалда әлем әрі Еуропа чемпионы, испаниялық Франсиско Гарригостан басым болды. Кездесу қосымша уақытқа дейін жалғасып, «иппон» ұпайымен жеңіске жетті. Ал финалда татами иесі, франциялық Лука Мхидземен белдесіп, қазақтың дзюдодан тұңғыш Олимпиада чемпионы атанды. «Мүмкін емес нәрсе жоқ. Соған көзім жетті. Егер ниет болса, бәрін де жеңуге болады. Бәрі де қолдан келеді екен. Жақсылық Үшкемпіров атамыздың арманы орындалып, жекпе-жек түрлерінен қазақтан Олимпиада чемпионы шықты. Өте қуаныштымын! Өзімнің үшінші мүмкіндігімде чемпион атандым. Бұған дейін күмісті де, қоланы да алдым. Әлем чемпионы атандым. Халқымды қуантудан  артық бақыт жоқ», – дейді ол чемпион атана сала берген сұхбатында.
Елдос Сметовтің жетістіктерінің артында үлкен еңбек пен дайындық жатыр. Ол күн сайын бірнеше сағатын жаттығуға арнайды және өзінің физикалық және психологиялық дайындығына үлкен көңіл бөледі. «Мен дзюдоға бес жасымда келдім. Ағаларым Жандос пен Бақберген үйдің қасында спорт мектебіне келіп, мені сол залға кіргізіп жіберген. Содан бері сол залдан шыққаным жоқ. Өмір бойы қалдым. Бұған еш өкінбеймін» дейді спортшы.
Бір қызығы, спортшы бала күнінен армандарын күнделікке жазып отырған. Онда «Елдос Сметов – Чемпион» деген жазу бар екен. Бастысы ол бала арманының орындалатынына сенген. Оның осылай жазуы да жеңіске жетелеген болар, кім білсін?! Жазудың адамы болған соң арманды қағаз бетіне түсіріп, оның орындалатынына сенеміз.

 Ақнұр САҒЫНТАЙ
18 тамыз 2024 ж. 130 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№102 (10367)

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031