Әлеуметтік желі: Әдемі әлем бе, әбігер әлем бе?
Әлеуметтік желі – қоғамның ажырамас бөлігіне айналды. Олар қарым-қатынас жасаудың, ақпарат таратудың және ойын-сауықтың ыңғайлы құралы ретінде қолданылады. Десе де, виртуалды әлемнің адам психологиясы мен эмоционалдық күйіне әсері туралы сұрақ туындайды. Бірнеше зерттеу мен бақылаулар әлеуметтік медианы шамадан тыс пайдалану жағымсыз салдарға әкелуі мүмкін екенін растайды. Адамдардың расында да әлеуметтік желілердің құрығына түсіп, оған тәуелді болып бара жатқаны байқалады. Әрине, барлық адамға топырақ шашуға болмайды. Қоғамда интернет желісін қолданбайтын адамдар да жоқ емес. Алайда, халықтың көп бөлігі, еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін телефонды қолданып, әлеуметтік желілерде біраз уақытын өткізеді. Бұл әлем қашан, қайдан келді? Бізді несімен тартады? Неге апарады? Әдемі әлемнің әбігері қандай? Саралап көрсек.
Ойтүрткі болған оқиға
Қазір бәріміз әлеуметтік желіні әдемі қолданамыз. Тіпті бірнешеуіне қатар тіркеліп алғанбыз. Кезекті бір күні әлем желіні парақтап отырғанымда алдымнан сіңлімнің жүктеген суреті шықты. Онда оқушылардың өзіндік жұмысы бейнеленген. Бұл дүниеге немқұрайлы қарай алмай, қолыма қалам алдым. Мүмкін біреуге сабақ болар, қажетіне жаратар.
Әлгі суретте қазір әлеуметтік желіде қызу талқыға түсіп, соты көпшілік назарына ұсынылған экс-министр бейнеленген. Ал оның жан-жағына сол адамды қаралайтын түрлі сөздер жазылыпты. Шыны керек, ондағы сөздерді орта жасқа келген менің өзім қолданбаймын. Айтуға аузым, жазуға қолым бармайды. Бірақ ол сөздер сурет жанына жазылған. Жағамды ұстап дереу суретті кім салғанын сұрадым. Жауабы тіпті көңілімді түсірді. Бар болғаны 2-сыныптың оқушысы екен. Сонда 7-8 жастағы баланың қоғамда болып жатқан оқиғаға көңіл аударып, әлгі жанды айыптап, қаралайтындай түсінігі қалыптасқан ба? Бұл ненің белгісі?
Бұл жас берген киімді киіп, алдына қойған асты жеп, ойын қуып жүретін кез емес пе еді? Балалар ерте есейіп бара ма? Бұған не себеп деп астарына үңілдім. Түп төркіні – телефонда, оның ішінде әлеуметтік желіде секілді. Екінші бір жағы ата-ананың бала қолындағы құралды бақыламауы болып отыр. Әйтпесе, 2-сынып оқушысына соттың не қажеті бар?
Әлеуметтік желінің пайдасы мен зияны қатар жүретінін ескерсек, телефонға тәуелділік мына өзімізден туындаған. Тіпті, тыныш отырса болды деп әлі тілі шықпаған баланың қолына ұстата салатынымыз тағы бар. Оның үстіне пандемия кезінде қашықтан оқыту форматында балаларға жекежеке телефон алып беріп, бәріміздің телміргеніміз де анық. Ал бұл гаджеттердің балаға тигізер кері әсерімен күресіп жүрміз бе?
Осыдан келіп, балада телефонға тәуелділік туындап, кейіннен онымен күресу қиынға соғатыны белгілі. Баланың смартфонда көп отырудан бас тартқыза алмай жүргендіктен ата-ана мен бала арасында кикілжің орнап, соңы жағымсыз жағдаймен аяқталып жатқанын күнделікті жаңалықтан естіп жүрміз. Бұл өз кезегінде қоғамдағы күресуді қажет ететін басты қауіпті дерт десек, артық айтқандық емес.
Әлем желінің әуелгісі қандай?
«Уақыттың бос өткені – өмірдің бос кеткені» деп келген қазақ қазірде экранға телмірумен өмірін өткізіп жатқаны жасырын емес. Ендеше, алдымен әлеуметтік желі қалай пайда болды, осыған көз жүгіртейік. Ғаламтордағы әлеуметтік желінің бірінші баламасын 1995 жылы Рэнди Конрадс іске қосқан. Ол «Classmates» деп аталады, яғни «Сыныптастар». Сайттың мақсаты – сыныптағы және бір мектепте оқыған достарды табуға мүмкіндік жасау. Бүгінде ол сайт жұмысын жалғастыруда. Әлем бойынша бұл сайтты 50 млн адам қолданады екен. Кейінірек, 1997-1999 жылдары «AsianAvenue», «MiGente», «BlackPlanet», «Livejournal» сынды желілер пайда болды. Ал 2004 жылы Марк Цукерберг «The Facebook» әлеуметтік желісінің негізін қалады. 2008 жылы бұл әлеуметтік желі әлемдегі ең танымал желіге айналды және де бүгінгі күнге дейін көштің басында. 2006 жылы Джек Дорси «Twitter» жобасын іске қосты. Ол тез дамып келе жатқан жаңа әлеуметтік желіге айналды. «Twitter»-дің ерекшелігі тек 140 символдан ғана тұратын хабарлама жаза аласыз. 2010 жылдан бастап сайттан видео, фото көруге мүмкіндіктер пайда болды. Бүгінгі таңда «Twitter» әлем бойынша ең көп қаралатын сайттардың ондығына кіреді. Инстаграм желісі 2010 жылдың қазан айында іске қосылған. Оның басқа желілерден артықшылығы – қолданушы түрлі суреттерімен осы желі арқылы бөлісе алады. Алғашында Инстаграм iPhone мен iPad-тарда ғана жұмыс жасаған, кейін 2012 жылдың сәуір айынан бастап Android арқылы да қосылатын мүмкіндік пайда болды. Ал қазір инстаграмның дәуірлеп тұрған шағы десек қателеспейміз.
Бір айта кетерлігі, әлеуметтік желідегі әрбір екінші адам өзі жайында өтірік мәлімет жазатын көрінеді. Тарқатып айтсақ, олардың 29 пайызы есімі мен жасын, 23 пайызы отбасылық жағдайын, 22 пайызы түр-әлпеті және қызығушылықтары туралы, 17 пайызы білімі мен жұмысына қатысты жалған ақпар беретін болып шыққан. Ол ол ма, тіпті осы әлеуметтік желі арқылы танысып, отбасын құрып жатқандар немесе осы әлеуметтік желінің кесірінен шаңырағы шайқалып жатқандар да бар.
Әлеуметтік желі пайдалы ма, әлде зиян ба?
Енді осыны саралап көрелік. Ғаламтор, оның ішінде әлеуметтік желі – ғылым мен техниканың шынайы жетістігі. Интернетті қолдана алатын кез келген адам өзіне қалаған ақпарат пен мағлұматты тауып, қажетіне жарата алады. Мазалап жүрген сауалдарының жауабын табады. Әлемдік жаңалықтар мен оқиғалардан хабардар болып отыруға көмектеседі. Бұл жағынан ғаламтор адамның білімі мен қабілетін, тұлғалық қасиеттерін дамытуға ықпал етеді. Әлеуметтік желіде шек жоқ. Алыста жүрген ата-анаңмен де, туған-туыстарыңмен де емінеркін байланыс ұстайсың, сөйлесесің, хабарласасың. Тіпті, адамдардың қолы жетпейтін жерге осы ғаламтордың қолы тиіп тұр. Көрісе алмаған адамыңмен ғаламтор арқылы байланыс орнатасың. Интернеттегі қызықты жаңалық, сайттар, кітаптар, кинолардың сілтемелерін ұсынып, алмасады. Сондай-ақ желідегі әртүрлі топтарға тіркеліп, өз қызығушылықтарыңызбен, ойларыңызбен, көзқарасыңызбен бөлісе аласыз. Сонымен қатар қазір әлеуметтік желі арқылы өз бизнесін дөңгелентіп отырғандар баршылық. Өйткені, бұл – ақпарат алмасудың тиімді әрі арзан жолы. Өндірушілер өз тауарларын жариялап жатса, жұлдыздар суреттерін, ақын-жазушылар шығармаларын жариялап әлек. Тіпті қазір осы желі арқылы кімнің қайда, кіммен отырғанына дейін білеміз. Қайда барса да, телефонына телміріп отырғаны. Сондай-ақ компаниялар өздеріне жұмыскер іздеуде осы әлеуметтік желінің көмегіне жүгініп жүр.
Ал енді зиянды жағына тоқталсақ. Қазірде әлем халқының 57 пайызы бетпе-бет тілдесуден гөрі ғаламтор арқылы тілдеседі екен. Әлеуметтік желі адамдарды шынайы өмірден алыстатады. Бұл әсіресе, жастар арасындағы күрделі мәселе болып отыр. Күн ұзаққа желіде отыратын бала адамдармен шынайы араласа алмайды, тұйықталып, ғаламторға тәуелді болады. Әлеуметтік желілер – уақыт ұрлаушылар. Адамның желіге тәуелділігі сондай, бас алмастан отырып минуттардың, оның артынан сағаттардың қалай жылжып кеткенін байқамай да қалады. Әлеуметтік желі әрбір үшінші жұптың ажырасуына себепкер екен. Ғалымдардың пайымынша, жас отбасылар көп жағдайда әлеуметтік желіде туындаған кикілжіңнің салдарынан ажырасып жататын көрінеді. Көптеген жастар сыңарын табу мақсатымен бейтаныс адамдармен танысып, бармақ тістеп қалатын кездер де аз емес. Ал әлемде жыл сайын шамамен 100 адам әлеуметтік желіде қалдырған хаты үшін өмірден озады екен. Жақында ақпараттық порталдардың бірінде ғалымдардың әлеуметтік желі туралы зерттеулері жазылды. Онда «Инстаграм» желісі депрессияға ұрындыратын желі деп айтылған. Бұған себеп те жоқ емес. Инстаны аша қалсаңыз, ай сайын шетелге шығып қыдырып, бренд киім киіп, соңғы үлгідегі телефон ұстап, қымбат маркалы көлік мініп, зәулім үйде тұрып жатқандарды көресіз. Сізден басқасының бәрі алға озып, ал сіз қарапайым күйде қалып қойғандай сезімде боласыз. Содан кейін осы күйіңізге өзіңізді, сосын айналаңызды кінәлап бастайсыз. Ал «В Контакте» мамандардың пікірінше, суицидке апаратын желі болып шықты. Кім біледі, оның еліміздегі жасөспірімдер арасында суицидтің белең алып тұрғанына да ықпалы бар шығар.
Осы сұрақ бойынша №183 орта мектептің психологі Гүлнар Бүркітбаеваның пікірін білдік.
– Ақпараттың дамыған, ғаламдық өркендеудің қазіргі сатысында дәл осы аталған дүниелердің өскелең ұрпаққа тигізіп жатқан кері әсерін айта бермейміз. Психологиялық тұрғыдан қарастырсақ, ғаламтор, ұялы телефон, желі байланыстарының әсері өте үлкен. Балалар кішкентайынан дамыту, сергу ойыншықтарына емес, ата-анасының ұялы телефонына, айпадына ұмтылуда. Алғашында ол балаға жай бір жарық беретін, жылжитын, не сурет көрсететін зат сияқты қабылданса, кейіннен қызығушылығы тек бір сол темірге ғана байланады. Бұл баланың дүниетанымының дамуына, қоршаған ортаны сезіп білуіне, иіскеп тануына, айналадағы құбылыстарды сезінуіне кедергі жасайды. Көзіне зияны өте зор. Баланың тәбеті де бұзылып, белгілі бір режимдерден ауытқиды, – деп есептейді ол.
Сондай-ақ психолог ғаламтордың жас жеткіншектердің таным процестеріне де кері әсерін тигізетінін айтып өтті. «Әлеуметтік желінің жасөспірім кезіндегі зиянын айтып жеткізу мүмкін емес. Бала өздігінен талпыну мен ізденуден қалып тек дайынға, әріп терсе дегені алдынан шығатынға әбден бейімделеді. Мектепте берілген үй тапсырмасын өзі ізденіп, ойлап құрастырып, орындамаған баланың таным процестері, яғни, ойлау, есте сақтау, қабылдау процестеріне дейін сол бір экранға, желіге тәуелді болуы – үлкен мәселе десек болады. Далада, көлікте, сабақта, тіпті демалу, тынығу уақытында да ұялы телефондарын құшақтап жататын тәуелділік жасөспірімдердің 95 пайызында кездеседі. Балалардың көзбе-көз қарымқатынас жасауларының, достық сезімінің, жан ашу, қамқорлық жасау деген игі қасиеттердің төмендеуіне де ықпал етеді. Әр затты өз орнымен, өз уақытымен, белгілі бір шектеумен қолдануын қадағалауға және бұл трагедияның, мәселені жеңілденуіне бала тәрбиелеп отырған әр ата-ана үлкен мән бергені дұрыс, алдын алғаны жөн» деп қорытты сөзін психолог.
Тағы бір ерекше айта кетерлік дүние, әлеуметтік желі пайдаланушылар арасында елдің үрейін ұшыратын ақпараттар таратып, әртүрлі заңбұзушылыққа жол беретін, арнайы топтар құрылып, оны пайдаланушылар артуда. Бұл әлі ой-қабілеті толығымен қалыптаспаған жастардың дұрыс тәрбие алуына кері әсерін туғызатыны белгілі. Солардың біріне қазіргі таңдағы астарына бармай әлеуметтік желілерде келген хат-хабарламаларды бөлісу, сондай-ақ ол хабарламаларға жауап беріп, алаяқтарға арбалып қалу жатады.
Адам ағзасына әсері
Әлеуметтік желіде уақытын шамадан тыс өткізетін адамдар бір орында тапжылмай отыратынын байқадыңыз ба? Бір орында ұзақ отыру жамбас сүйектерінің майысуына, адам омыртқасының остеохондрозына және асқазан ауруларының пайда болуына әкеледі, артық салмақ та қосылады. Сонымен қатар адам телефонның алдында көп отыра берсе, көздің көруі де едәуір нашарлайды. Ал адам психологиясына әсеріне келер болсақ, психологтар әлеуметтік желілерді көп пайдаланатын адам шынайы өмір мен виртуалды өмірдің аражігін ажырата алмайтынын және виртуалды әлемде өмір сүргісі келетінін айтады. «Шынайы өмір виртуалды өмірден бөлек болғандықтан, адамның өз ойындағы түрлі мақсаттары шынайы өмірде жүзеге аспай жатады, сондықтан іштей өз-өзіне ренжу, өзіне көңілі толмауы мүмкін. Осылайша адам психикасында фрустрация басталады. Басқа адамдармен қарымқатынасқа түсу сирек болатындықтан, өзге адамдармен ақпарат алмасу қиындайды және сөйлеу процесінің төмендеуі байқалады. Бұл өз кезегінде сөздерді дұрыс айта алмау және өз ойын толық жеткізе алмау, тек бір-екі сөздермен жауап беруге әкеледі. Ал сөйлеудің дамымауы ойлауға әсер етеді де, ойлаудың көлемі шектеліп қалады, логикалық, көрнекілік ойлауы, ойлау жылдамдығы төмендейді. Адамдар үнемі әлеуметтік желілерде отыратындықтан басқа нәрсеге зейін бөле алмайтын болады және айналасында болып жатқан мәселелерден тыс қалады» дейді психолог.
Тәуелділіктің түп төркіні
Қазіргі уақытта жұмыстан босамайтын атааналар баланың қолына телефон ұстатады да, өзі басқа шаруаларымен айналыса береді. Осылайша кішкентай баланың бойында әлгі телефонға деген тәуелділік қалыптасады. Өскен соң бұл неге мұндай деп жасөспірім кезеңде телефоннан алыстатуға тырысамыз. Алайда сәби кезінен өзіміз тәуелді етіп қойғанымызды ойға алмаймыз.
Бүгінде телефон тек қарым-қатынас, ақпарат, білім көзімен қатар көңіл-көтеру, бос уақытты өткізу құралына да айналды. Баласын емізіп отырған ана да, баласының жанындағы әке де телефонды қолынан тастамайды. Атаананың айтқанын емес, көргенін қайталайтын бала енді қайтпек? Қолға сиярлықтай кішкентай дүние болғанмен, жарқыраған әлемі көп дүниені ол да тамашалағысы келеді.
Тіпті тек бос уақыт емес, маңызды шаруасы, жасау керек ісі болса да уақытты күні бойы әлеуметтік желілерде өткізетін адамдар баршылық. Оларды әлеуметтік желіге не тартады? Бұл туралы аудандық емхананың психолог маманына сұрау салдық.
– Адам миы көп қимылды, көп әрекет еткенді, көп ойлағанды жақсы көрмейді. Біздің миымыз өзіне «жайлы аймақ» жасап алады да, сол арқылы өзіне қажетті нәрселерді ғана жасауға тырысады. Ал әлеуметтік желілерде адамдарды қызықтыратын, миға күш түсірмейтін түрлі видео көп. Соларды көру арқылы адам бір орында отыра беріп-ақ түрлі эмоцияға кенеледі: қуаныш, қайғы, ренжу, қызығушылық және тағы басқасы. Оған күш жұмсау да қажет емес. Осылайша виртуалды әлем адамға сан алуан мүмкіндік ұсынады. Ал адамдар өз уақытын әлеуметтік желілерде өткізуге бағынышты болып қалады, мұны кейде өздерінің де байқамай жататыны өкінішті, – дейді Әмина Кетебаева.
Тәуелділіктен қалай арылуға болады?
Әлеуметтік медиа платформалардағы шексіз ақпарат ағыны және виртуалды өзара әрекеттесу тәуелділікке әкеледі. Ұнатулар, пікірлер және жаңа жазылушылар – кейбір желі қолданушылары үшін қанағаттану көзі. Олардың көңіл-күйі мен өзін-өзі бағалауы тікелей осы лайк пен пікірлер санына байланысты болады. Бұл тәуелділік өз өміріне деген қызығушылықтың жоғалуына, отбасы мүшелері арасындағы қарым-қатынас мәселелеріне, психологиялық тұрақсыздыққа әкелуі мүмкін. Сонымен қатар, әлеуметтік желілер басқа адамдармен үнемі қарымқатынаста болып, адамның виртуалды бейнесін жасауға мүмкіндік береді. Алайда бұл адамның өзін-өзі басқалардан төмен сезініп, өзөзіне қанағаттанбауға әкелуі мүмкін. Адам өзін басқа әлеуметтік желі қолданушыларының идеалдандырылған суреттерімен бейсаналы түрде үнемі салыстыру арқылы тек өз кемшіліктерін көреді.
Ал енді желі тәуелділігінен арылу үшін не істеуге болады? Мамандардың пікірін ескере келе, біз сіздерге мынадай кеңестер ұсынамыз. Ең алдымен күн сайын жоспар құрып отыру қажет. Егер адамның өз жоспары, қызығатын хоббиі болмаса, ол бос уақыттың бәрін әлеуметтік желілерде отырып өткізеді. Жоспарыңызға өзіңіз қызығатын спорт түрімен айналысуды да қосып қойыңыз. Күніне екі-үш бет болса да, кітап оқуға уақыт бөлу керек. Әлеуметтік желідегі қызығушылықтарды шынайы өмірдегі қызығушылықтармен алмастыру қажет. Сонымен қатар виртуалды және шынайы әлем арасындағы шекараны айқындай білу маңызды. Сонда ғана күніңіз берекелі, уақытыңыз тиімді болмақ. Уақытты өзіңіз басқармасаңыз, ол сізді игеріп кететінін есте ұстағаныңыз абзал.
Сондықтан әлеуметтік желіні өлшемді пайдаланып, осы құрал ұсынатын пайдалы жақтарын өз қажетімізге жаратуға бейім болу керек. Достардың бөліскен пайдалы кеңестері, жазбалар, сілтемелерін егер өзіңіз уақыт жұмсап іздесеңіз, қаншама күннің сарп болатынын есептеп шығу қиын емес. Бұл – әлеуметтік желінің жақсы тұстарының бірі. Оның білімді жетілдіруге, біліктілікке бағыттау – біздің міндетіміз. Онлайн кітаптар мен аудиожазбалар арқылы заман ағымында желіні жақсы пайдалана білу қажет.
Түйін Әлеуметтік желі тек қатынас құралы ғана емес, адамның өзіндік келбетін қалыптастыру, өзін өзгелерге таныту және жұртпен білетінін бөлісу алаңы екені анық. Сонысымен де құнды. Ендеше оны жақсы тұстарын қажетіне жарату әркімнің өз еркіндегі дүние екенін көреміз. Пайдасын да, зиянын да мүмкіндігінше атап өттік. Ендігі ерік өзіңізде. Біз тек әдемі әлемге арбалып, әбігерге түспеңіз дегіміз келеді.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ