Цифрлық сауаттылық – бастауышта
Қазір бір жасар балақайдың өзі ұялы телефонның бетін шертіп, керегін қосып ала беретін уақыт болып тұр. Кейде үлкендеріміздің өзі жаңа заманның жаңалығын жатсынып қабылдай алмай жатса, немерелерінің жүгіріп келіп үйретіп кететіні бар. Сондайда «осылар іштен біліп туады ма, қалай өзі» деп қалып жатамыз. Рас, бүгінгі қоғамда бүлдіршіндер жасқа тола салысымен ұялыны ұстап, балабақша баласы компьютерден керегін тауып алады. Заманның сұранысына орай, қазір бастауыш, оның ішінде бірінші сыныптан бастап «цифрлық сауаттылық» пәні енгізілген.
(сурет ашық дереккөзден)
Алдымен бұл пәннің бірінші сыныптан бастап оқылуының себептеріне үңіліп көрсек. Ең алғашқысы – қазіргі заманғы жас буын Z ұрпағына жатады. Бұл сандық дәуірде туылған балалар (2003 жылдан бастап) және туылғаннан бастап цифрлық технологияларды қолданады. Қазіргі оқушылар цифрлық дәуірде өмір сүреді және оқиды. Олар ұтқырлыққа ұмтылады, интерактивті және интернетке тәуелді.
Қазіргі заманғы ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың пайда болуымен балалар ақпарат пен білімге еркін қол жеткізе алды. Олар тек үй компьютерін ғана емес, сонымен қатар әртүрлі гаджеттерді де еркін қолдана алады және шындық пен виртуалдылықты оңай біріктіреді. Бастауыш сынып оқушылары сандық тәжірибені олардың мүмкін деңгейінің үштен бір бөлігіне ие. Олардың көпшілігі интернетті өз бетінше пайдалану дағдыларын игеріп те алған. Ал енді бұл жаңа пәнде не үйретілетінін білмекке ұстаздарға сауал жолдадық.
– Жалпы оқу бағдарламасы сұраныс пен уақыт талаптарына сәйкес болуы тиіс. Бүгінгі таңда цифрлық әлемнің қарқынды дамып жатқанын көріп отырмыз. Қазір смартфондар мен компьютерлерді мектепке дейінгі кіші жастағы балалар пайдаланып жатады. Цифрлық сауаттылық – оқу мен жазу сияқты негізгі дағдылардың біріне айналып келеді. Цифрлық технология қоғам өміріне әсерін молынан тигізуде. Соның нәтижесінде денсаулық сақтау мен білім беру, қала тіршілігі, жалпы адамның күнделікті өмірі айтарлықтай өзгеріп, жаңа сипатқа ие болуда. Расымен де, адамзат қауымы жыл санап емес, ай санап, тіпті апта мен күн санап цифрландыру заманының сиқырлы әлеміне еніп барады, – дейді №183 мектептің информатика пәнінің мұғалімі Айгерім Көбекова.
Бұл пән 2022 жылдың қаңтар айынан бастап қазақстандық мектептерде бірінші сынып оқушылары арасында қолданысқа енді. Бұған дейін білім алушыларға үшінші сыныптан бастап «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» пәні оқытылған болса, үшінші тоқсанда оқу бағдарламасына алғаш рет «Цифрлық сауаттылық» пәні енгізіліпті. Бұл оқулықтың атауы өзгертілгенімен, пән мазмұны мен оқу жұмысы жүктемесі өзгертілмеген.
– Жаңа ақпараттық технологияны пайдалану білім мазмұнын жаңартумен, ақпараттық ортаны қалыптастыруымен, сондай-ақ сапалы білім беру мүмкіндігінің жоғары болуымен ерекшеленеді. Соның ішінде оқыту үрдісі ақпараттық-коммуникациялық жағдайларда жаңа көрініс алу жолында басқаша жаңалаған жолмен ХХІ ғасыр талаптарына сай білгір, уақытты үнемдей алатын тұлғаны қалыптастыруға бағытталады. Білім саласындағы цифрландырудың ең басты мақсаты білім беру сапасын арттыру, яғни халықаралық дейгейде әртүрлі салаларда, оның ішінде «жасанды интеллект» және «ауқымды деректер» жасау саласында бәсекеге қабілетті ел жастарын дайындау болып табылады. «Цифрлық сауаттылық» пәнін оқыту мақсаты – білім алушыларды компьютер құрылғысы, ақпаратты ұсыну және өңдеу, интернет желісінде жұмыс істеу, есептік ойлау, робототехника мәселелері бойынша заманауи ақпараттық технологияларды практикада пайдалану үшін базалық біліммен, іскерлікпен және дағдылармен қамтамасыз ету. Бұл пән 15 тақырыптан тұрады. Тақырыптарда компьютермен танысу, интернеттегі қауіпсіздік, алгоритмдер мен бағдарламалау негіздері, робот техникасы, сондай-ақ анимациялық бағдарлама, глоссарий да қамтылған, – дейді ұстаз.
Бастауыш сыныптарда Ақпараттық технологиялар мен ресурстарды пайдалану білім беру сапасын арттырудың шарттарының бірі болып отыр. Сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздік саласында оқушы құзыреттілігін қалыптастыру маңызды мәселе. Себебі интернет – шексіз әлем. Біз қанша тыйым салғанмен, бала оны пайдаланады. Сондықтан да ақпараттың технологияның тетігін дұрыс меңгерген де жөн болар.
Мамандардың пікірінше, кіші мектеп жасы балалардың ақпараттық құзыреттілігі мен цифрлық сауаттылығын дамыту үшін анағұрлым өнімді. Өйткені цифрлық орта мен ақпараттық-компьютерлік технологияларды пайдалану оқу процесінде туындайтын мәселелерді шешуге көмектеседі.
Қалай десек те, ақпараттық технологияны бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуде негізгі мәнге ие болып отыр. Білім және ғылым министрлігі өкілдері де балаларды цифрлық сауаттылық және ақпараттық қауіпсіздік негіздеріне мүмкіндігінше ертерек үйрету маңызды деген пікірде. Расында да, ақпараттық технологияларды дұрыс қолдана білу де қазір оқу мен жазу сияқты негізгі дағдылардың біріне айналып келеді. Сондықтан цифрлық сауаттылық пәні – балалардың ақпарат айдынында адаспауына төте жол, жаңа білімге жол сілтер бағыт болмақ.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ