» » Келелі сөз кемел ойдан туады

Келелі сөз кемел ойдан туады

qarmaqshy-tany.kz Жаңа жылдың басында ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетінің тілшісіне берген сұхбатынан қалың жұртшылық көкейде жүрген көптеген мәселенің нақты әрі тұжырымды жауабын алды деп ойлаймын.

Сұхбатта өткен жылғы қаңтарда халықтың бейбіт шеруін өз пайдасына жаратуды көздеп жаппай тәртіпсіздікке ұластырған қаскөйлердің бейнесі бұрынғыдай перденің ар жағынан емес, бетпе-бет отырғандай анық көрінді.
Әрине, халықтың мұң-мұқтажын айтамын, елді қысқан қымбатшылық пен болып жатқан түрлі әділетсіздікке қарсы ой-пікірімді білдіремін, үкіметтен ел байлығын жымқырған жіміскілерді ауыздықтайтын шаралар белгіленуін сұраймын деген бейбіт халық шеруге шыққанда адам өліміне әкелетін қатігездік жасаймын деген жоқ, өз қолымен жасалған құндылықтарды қиратуды да көздемеді.
Тек қолайлы сәттің келуін тосып, қапысыз қимылдаған қаскөйлер халықтың алдын орап кетті. Ел қауіпсіздігінің қорғаны – әскери қызметшілерді ұрып соқты, өлтірді. Елдігімізге, тәуелсіздігімізге қауіп төндірді. Қауіптің қайдан келерін аңғармаған қарапайым шерушілердің де қаза тапқаны аз болған жоқ.
Сұхбат алушының «Қаңтар оқиғасын халық көтерілісі, тіпті революция деп атап жүргендерге не айтар едіңіз?» деген сұрағына Президент сол кездегі нақты жағдайларды тілге тиек ете отырып, халық көтерілісі болды деген пікірлер жасалған қылмыстық әрекеттерді ақтау үшін айтылып жүр деген тұжырымын айтты. Мұның өзі ұлттық қауіпсіздігімізге, халықтың жайма шуақ өміріне үлкен қатер төндіргенін және қалай ұйымдастырылғанын да жасырмай жанжақты баяндап берді.
Биліктегі текетіреске алып келе жатқан Президент әрі Жоғарғы қолбасшы лауазымына қосамжарланып келген Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы лауазымы тап осы қаңтар оқиғасы кезінде тоқтатылғанын есімізге түсірсек, халықтың бейбіт шеруін өзінің саяси мүддесіне кімдер пайдаланбақ болғанын аңғару қиын емес.
Президент осы сұхбатында мемлекет басқару ісінде «үлкен және кіші президент» деген болмауы керек екенін айта келіп, «Кеттің бе, қайрылма» деп тұжырым жасауы халық көкейінде жүрген түйткілдердің түйінін түбірлеп отырып тарқатқандай болды.
Еліміздегі саяси реформалардың бастауында 2019 жылы құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі тұр. Бұл кеңес сайлау жүйесінің, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың, Парламенттің жұмысын үйлестіруде маңызды заңнамалық бастамалар көтерді. Әділ әрі теңгерімді саяси жүйе құрудағы демократиялық принциптерге қолдау көрсетіп отырды.
Сұхбат берушінің «Президент бір рет қана сайланады және оның өкілеттік мерзімі 7 жыл болады» деген тұжырымы да ескі 30 жылдық жүйенің келмеске кеткенін айқындап берді.
Жаңа Қазақстан орнатуға, Әділетті Қазақстанның алға қойған мақсаттарын баянды етуге бағытталған реформалардың саяси, демократиялық жаңғырудың жаңа үдерістерін қалыптастырып келе жатқанына көз жеткіздік. Тәуелсіздік тұғырының берік болуына деген ел сенімі одан әрі нығая түсті.
Сұхбатты оқи отырып Президенттің қазіргі жағдайдағы халықтың тұрмыс сапасына, дені несиеге өмір сүріп отырған азаматтардың тіршілік деңгейіне қатты алаңдайтынын аңғардық. Атқарушы биліктің алдына экономиканы басқара білу, экономиканың өркендеуіне жол ашатын тың тәсілдер мен жаңаша пайымдарды өмірге әкелу, экономиканы әртараптандыруда ізденісті жұмыс жасау сияқты нақты талаптар қойылғанын көрдік.
Ел еңсесін басқан қылдай қымбатшылыққа, сыбайлас жемқорлық пен көрнеу әділетсіздікке жол бермеу үшін азаматтардың өздері де құқықтық, саяси-экономикалық сауатын арттырып отыруы, әр жағдайға принципті, адал көзқараспен тиісті бағасын беріп отыруы керек екені жан-жақты сөз болды.
Сондай-ақ сұхбат беруші елдің әлеуметтік жағдайының көтерілуі, айлық жалақы мен зейнетақы, жәрдемақылардың өсуі – түрлі экономикалық көрсеткіштің қайсысынан да маңызды екеніне тоқталды. Сапалы тұрғын үйлердің көптеп салынып, тұрмысы төмен азаматтардың игілігіне берілуі одан әрі жалғаса беретіндігін айтты.
Ауқымды өнеркәсіп жобаларын жүзеге асыру, қомақты инвестиция тарту, қазына қаражатын үнемдеп жұмсау, квазимемлекеттік сектордың тиімділігін арттыру ісіне жаңа серпін беретінін жеткізді.
Президент тілші берген сұрақтың қайқайсысына да жауап бергенде аса сабырлы, сарабдал күймен барлық атқарылып жатқан шаралар еліміздің егемендігі мен аумақтық тұтастығын сақтауға негізделетініне, өз ісінде «адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» деген қағидатты берік ұстанатынына халық назарын аударып отырды.
Сұхбаттың тақырыбы болып отырған «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек!» деген сөзінде алар тәлім мен ұрпаққа берер ғибрат мол. Мұның өзі өткен күн – тарих, бүгінгі күн – өмір, алдағы күн – үміт деп, адам өмірінің үш кезеңінде бірбірімен тұтасып жатқан, тамырын тереңнен тартқан ұрпақ сабақтастығын кейінгіге мұра еткен халқымыздың өмірлік пәлсапасымен толық үндесіп жатыр.
«Өткен күнге өкпе жоқ, алдағы күннен үміт көп», «үміт отын өшірме», «үмітсіз – шайтан» деп, келешегінен зор үміт күткен халқымыз басынан қандай қиындық кешсе де, тарихтан алған тағылымы мен тәжірибесін алдағы күндерден алар сыбағасымен астастырып отырған. Тағылым деген не? Ол – жақсыдан үйрену, жаманнан жирену! Халқыңның дәстүрін құрметтей білу, салтын сақтай білу!
Бұл жөнінде атқарылатын жұмыстардың негізгісі ретінде Президент биыл әйгілі тарихи тұлғалар Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл, Сағдат Нұрмағамбетов пен Рахымжан Қошқарбаевтың туғанына 100 жыл, Жошы ұлысының іргесі қалануына 800 жыл толуына байланысты шараларға тоқталып өтті.
Мемлекеттігіміздің тарихи тамыры тереңде жатқанын көрсететін Қазақстан тарихының көптомдығын әзірлеу жұмысына 200-ден астам отандық тарихшы мен 60-қа жуық шетелден тартылған маманның жұмылдырылуы тарихи танымымызды зерделеудегі маңызы зор оқиға екендігін зор ықыласпен жеткізді.
Президенттің мақсаты алғашқы күнненақ халықты бір тудың астына біріктіру, жаңашылдық пен жақсы істерге жұмылдыру болғанын бұрында да айтып жүрміз. Бұл жолы да тілшінің «Қоғам не нәрсеге мән беруі қажет?» деген сұрағына берілген жауап қарапайым тілмен жеткізілгенімен аса салмақты шықты.
Болмашы нәрсеге үлкен мән беріп, алтын уақытты ұсақ-түйекті талқылауға арнау, әлдекімдердің жалған сөзімен өнбейтін істі қуалап, босқа арамтер болу – ұлттық стратегиялық бағытымыздан жаңылдыратын, басымызға пайдасы жоқ зиянды әрекет екендігі тағы бір еске алынды.
Ұлы Абайдың:
«Адам болам десеңіз,
Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсеге асық бол...» – деп басталатын өлеңіндегі «Талап, Еңбек, Терең ой, Қанағат, Рахым» деген сияқты адамгершіліктің мойындалған сапалық категорияларын қалай жаттап өссек, осы сұхбатында Президент ұсынған мына ұлттық құндылықтарды рет-ретімен көңілге түйіп алудың да еш артықшылығы жоқ. Тіпті мектептегі тәрбие сағаттарында тізілдіріп оқушы дәптеріне түсіртіп қойсақ, нұр үстіне нұр болар еді.
– Жалпы ұлттық құндылықтар бәрінен жоғары тұруға тиіс, – деді ол – Бұл туралы үнемі айтып жүрмін. Тағы да қайталаймын, еңбекшілдік, білімпаздық, кәсібилік, бірлік, ынтымақ, жанашырлық, іскерлік, бастамашылдық, адалдық, қарапайымдылық және үнемшілдік – нағыз отаншыл, адал азаматқа тән қасиеттер мен құндылықтар.
Бұл сөздерді әркім-ақ айтып жүр ғой, неге апарып Абайдың өлеңімен байланыстырып отыр? – дерсіз. Жоқ. Сұхбатты бастан аяқ оқып шықсаңыз қоғамдағы жасампаздық пен еңбекқорлықтың, білім, ғылымды игеру мен жаңа технологияны меңгерудің салтанат құруы үшін әр адам тап осы айтылған құндылықтарды бойына сіңірмей жаңа қоғам құрамын, Жаңа Қазақстанды орнатамын дей алмайтынына көзіңіз жетеді.
Хо-ош дейік.
Тағы не айтты? «Алайда біздің бұрын кім болғанымыздан қазір кім екеніміз, ең бастысы, болашақта кім болатынымыз әлдеқайда маңызды» деді.
«Келешегімізді кемел етуге ұмтылып, ұлттың ұлылығын нақты іспен дәлелдеуге тиіспіз. Дүниетанымымызға жат мәдениеттерге көзсіз еліктеуден, жалған патриотизмнен, даңғойлық пен дарақылықтан сақтануымыз керек» деді.
Жай сөздер емес. Және бұл сөздерді өздерін ұлттың қаймағы санайтын зиялы қауымға қарата айтты. Олардың бойынан өмірге деген байсалдылық пен байыптылық мінездерін көргісі келетінін меңзеді.
Өз бойымыздағы кемшіліктерге көз жұма қарап, кінәні өзгеден іздеу, нақты іс-қимыл көрсетудің орнына бос әңгімеге әуес болу, даңғаза дақпырт қуалап, есіл уақытты босқа өткізу – қай уақытта да азаматқа абырой әперген емес. Геосаяси жағдайы күн сайын құбылып, жан-жақта әлемдік қақтығыстар көбейіп тұрған бүгінгі тұрлауы жоқ заманда тіпті лайығы жоқ нәрсе.
Қазіргі уақытта өршіп тұрған отбасылық зорлық-зомбылықтың қоғамдағы жиіркенішті салдары жайлы да жан-жақты сөз болды. Бұл жөнінде айтылып жатқан азаматтардың пікірі ескеріліп, жан-жақты сарапталатын болады және бұл мәселені біржақты ететін қатал заңдар шығарылады дегенді айтты.
Өмірде күн сайын теперіш көріп, өз отағасынан зардап шеккен аналар балконнан балаларын ала құлап жатқан уақытта, кейбір азаматтар тарапынан болып жатқан көңілді алаңжарлы ететін отбасы мәселесі шынымен де қоғам болып ойланарлық жағдайда тұрғаны да рас қой.
Бұл сияқты келеңсіз жағдайлардың бірсыпырасын тізе келіп, Президент бұған «қоғамды ішінен шірітетін адамгершілікке жат қылықтар» деп баға берді.
Кадр мәселесіне, оның ішінде мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігіне байланысты талаптарға тоқтала келіп, билік құрылымдарына аға буынның тәжірибесі де, жас ұрпақтың жаңа идеялары да керек деген тұжырым жасады.
Қысқасы, сұхбатта айтылған мәселелердің бәрі күнделікті тіршіліктегі өзекті мәселелер және бірігіп іс-қимыл жасаған қоғамда тез-ақ орнына келетін әр азаматтың өз қолындағы істер екені ақиқат.
Осылардың бәрін айта келіп, халықты Жаңа жылмен құттықтаған президентіміз алдағы жылдан күтілетін жаңалықтар мен жақсылықтардың мол екенін де айта кетті.
Сондай-ақ халқымыздың төл жаңа жылы – тіршілікті түлететін нағыз табиғи жыл басы – Наурыз екеніне, сондықтан өз мерекеміздің мазмұнын байытып, барынша ерекшелеп, жаңаша атап өткізудің қажеттігіне баса назар аударды.
«Наурыз – жаңару мен жаңғыруымыздың символы. Сондықтан бұл қадам қоғамды ұйымдастырып, ұлттық бірегейлігімізді айшықтап, ел бірлігін нығайта түсуге ықпал етеді деп сенемін» деуі халқымыздың ұлттық рухына дем беретін жаңа леп болды деп түсіндік.
Шегебай ҚҰНДАҚБАЕВ,
аудандық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы
11 қаңтар 2024 ж. 308 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 289

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 384

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930