Сыйлық сыйлауда не сыр бар?

Өзгеге сый көрсету туралы асыл дінімізде хадистер де көп. Мәселен, «Бір-біріңізге сыйлық беріңіздер! Өйткені сыйлық сүйіспеншілікті арттырады, жүректі кірбіңнен тазартады» десе, енді бірде «Сыйлық берісіңіздер, бір-бірлеріңізді жақсы көріңіздер», «Жейтін нəрсе сыйлаңыздар. Бұл несібелеріңізді молайтады» дейді. Ал қазақ халқында «Қойдың қара сирағы болса да» берген сыйлықты ризашылықпен қабыл алу, шын көңілмен рақмет айту, өзің берген сыйлықты артынан қайтарып алмау, сыйлықты таза ниетпен беру, сөзін өткізу, жағыну я ауызбастырық секілді жымысқы пиғылды көздемеу, сыйлыққа көңіл бөліп мүмкіндігінше оны кəдеге жарату секілді әдебі бар.
Сонымен қатар, сый-сияпат жасау, сыйлағанын көрсету кəдесі о бастан қазақ дəстүріне сіңген дүние. Оны «Көгентүп» деп аталатын қонақ балаға тарту етілетін ашатұяқ салтынан, қандай да бір қуанышқа ортақтасқанда мал атау, бəсіре арнау, сыбаға сақтау сынды дəстүрлерден байқаймыз. Иə, сыйлық беру – адамдардың іңкəр сезімін оятып, бір-біріне деген құрметін арттырады. Шынайы ізгі ниет қалыптастырып, аралас-құраластықты, достықты, бауырмашылдықты, сүйіспеншілікті нығайтады. Жүректі кірбіңнен, кірден тазартып, арадағы салқындықты жылылықпен алмастырады. Қазақ «Сыйға –сый,..», «Асықты жілік бергенге жамбасыңды сақта», «Иесін сыйлағанның итіне сүйек таста», «Сыйласаң, сый көрерсің», «Досбергеннің түсіне қарама», «Әркім сыйлағанның құлы» деп мақалдаған.
Алдағы келе жатқан Жаңа жыл мерекесінде жаныңызға жақын адамдарға сыйлық жасауды ұмытпаңыз. Алайда сыйлық сыйлау үшін белгілі бір мерекені күтудің қажеті шамалы. Тіпті аз қаражатпен де өзгенің көңілін көтеруге болады. Бастысы – ізгі ниет қана. Сыйлық сыйластықты арттыратынын ұмытпайық. Барлықтарыңыз сыйлы болыңыздар!
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА