» » Пагондағы журналист немесе бөлімшедегі бір күн

Пагондағы журналист немесе бөлімшедегі бір күн

Бұрын тәртіп сақшыларын тек сыртынан қарап немесе теледидардан көретін едік. Шағын ауданда өсіп, бала кезде «тентек болсаң милиция шақырып, беріп жіберем» деген үлкендердің сөзінен полиция қызметкерін қорқынышты адам ретінде көргеніміз де жасырын емес. Есейе келе, мектеп бітіріп, үлкен ортаға келіп, жан-жақтағы адамдармен, айналамен таныс болдық.  Өмір ағынымен журналист болып, тілшілік тіршілікпен күн кешудеміз. Біздің мамандықтың өзгеден артық бір тұсы бар. Ол ­– ұшы-қиырының жоқтығы. Неге десеңіз, біз кез келген саладан хабардар болып, бірде дала төсінде еңбеккермен бірге болсақ, енді бірде ақ халаттылармен қатар жүреміз. Біздің бүгінгі күніміз де әдеттегіден өзгеше басталды. 

Балалық балдырған кездегі «қорқынышты милиция» ағалармен қатар жүру деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірмеген еді. Бірақ бізге бұл мамандықтың да қыр-сырын көруге мүмкіндік туды. Осылайша сырттай қорқынышты болып көрінетін полиция қызметкерлерінің жұмысын көзбен көрдік. Полицияның формасын киіп, иыққа ай күмбезді жұлдызы бар погонды таққан сәтте, сол пагонмен бірге үлкен жауапкершілікті бірге арқалағандай болады екенсіз.

Жауапкершілігі мол полиция қызметкерінің бір күндігін «погонды журналист» болып, тәртіп сақшыларының көпшілік білмейтін қиын да күрделі жұмысын баяндасақ. Қоғам тыныштығының күзетшісі болып, күн-түні қым-қуыт тіршілікте аянбай еңбек етіп жүрген патрульдік полиция қызметкерлерінің еңбегі өлшеусіз екені белгілі. Ал біз аудандық полиция бөлімінің әкімшілік полиция бөлімшесінің қызметімен таныстық. Таңғы 8.30-да әдеттегідей облыстық полиция департаментімен аудио селектр арқылы бүгінгі күнге арналған тапсырмалар тиянақталып, жұмыс жоспары нақтыланды. Одан соң бөлімше бастығы, полиция майоры Оспан Ешжанов жеке құрамды жинап, облыстан, ауданнан берілген тапсырмаларды айта келе, күнделікті жоспарға сәйкес жұмысқа кірісіп кетті. Жалпы құқық қорғау саласының біршама мәліметі жариялауға жатпайды. Сондықтан да жиналыс барысында қызметкерлер құпиялылық санатына жататын біршама іс бойынша да өз жұмысына жүктемелерін алды.

Ең бірінші әкімшілік полиция бөлімшесінің әкімшілік практика тобының инспекторы, полиция капитаны Қайрат Борановтың жұмыс бөлмесіне келдік. Қайрат Мейрамбекұлына тұрғындар жол-көлік оқиғалары бойынша түрлі сұрақпен барады. Мәселен, жол-көлік оқиғаларына байланысты құжаттарды сотқа дайындау, қоғамдық қауіпсіздік бойынша әкімшілік хаттамалар рәсімдеу, олардың заңдылығын қарап, бақылау, айыппұл өндіру секілді мәселелер осы жерде шешіледі. Бізге жұмыс жайын баяндап отырғанда кенттің бір тұрғыны рұқсат сұрап, жұмыс бөлмесіне енді. Келгендегі мәселесі ­– анықтама алу. Өзінің құжатын ұсынып, қажетті анықтамасын алды. Одан соң, келесі тұрғын сақтандыру мерзімінің өтіп кетуіне байланысты кеңес сұрау үшін жүгінді. Жұмыс сарыны біртекті көрінгенімен тұрғындардың талап-тілегі, өтініші әрқилы. Осылардың барлығына заң аясында қызмет көрсету ­білікті маманның шеберлігін танытса керек.

Ал жол техникалық инспекторы, полиция аға лейтенанты Нұрлан Әбенов ауданға қарасты жол жүрісін реттейтін көшедегі белгілердің стандартқа сәйкестігіне жауап береді. Жаяу жүргіншілерге арналған белгілер де үнемі бақылауда. Күнделікті көшеде жүргенімізде ондай белгілерді кездестіргенімізбен, оның уақытылы ауыстырылуы, мезгіл-мезгілімен сырлануы, жаңартылуы туралы ойға да алмайды екенбіз. Ал олардың осындай көпке білінбейтін жұмыстары техникалық инспектордың жауапкершілігінде екен. Нұрлан Рысбайұлы жоспарға сай барлық аумақты жылына екі рет аралау жүргізіп, соған сай қажетті жұмыстарға ұсыныс береді.

Бөлімшенің үшінші қызметкері – полиция капитаны Сабыр Жетесов. Ол азаматтық және қызметтік қару айналымын бақылау тобының инспекторы. Заңды тіркелген қару иелері мен қызметтік қару жөніндегі мәселелер осы маманның жүктемесіне кіреді. Қару сақтаудың заңдылығы, мерзімінің өтіп кетпеуін қадағалау секілді міндеттерді атқарады. Қаруға байланысты көкейінде жүрген сұрақтарына жауап табу үшін келген тұрғын да маманнан заң аясында кеңес алды.

– ­Әкімшілік полиция бөлімшесінің басты жұмысы ­– халыққа заң аясында қызмет көрсету. Үш қызметкер болғанымен жұмыс көлемі ауқымды. Ал аудандық полиция бөліміне қосымша күш қажет болғанда біз әрдайым сапта тұруға дайынбыз. Тапсырылған жұмысты тиянақты орындау, сондай-ақ алдымызға келген азаматтарға қолдан келгенше көмек қолын созу біздің міндетіміз. Қай салада болсын ­– адалдық басты орында. Қызметіңе деген жауапкершілік сені алға жетелейді. Ал жауапкершілікпен жасалған жұмыс нәтижелі болмақ, – ­ дейді бөлімше бастығы, полиция майоры Оспан Қосжанұлы.

Полиция қызметкерлерімен бірге бірнеше сағат қана жұмыс барысымен танысқанда тәртіп сақшыларына деген көзқарасым түбегейлі өзгерді. Бұрындары сыртынан тон пішіп, қызметтік форма кигеннің бәрі учаскелік полиция екен деп топшылайтынбыз. Алайда, тәртіп сақшыларының ортасында, олардың жұмыс тіршілігін көрген кезде ғана қоғамның тәртібі, тыныштығы үшін түн ұйқысы төрт бөлінсе де, ант берген адал қызметті абыроймен орындап жүргенін ұғындық. Әр бөлімнің қызметкерлерімен танысып, әңгімелескен кезде «қандай ақкөңіл, кішіпейіл жан» деп таңғалған кездер де болды. Себебі күн сайын түрлі оқиға, түрлі жағдай, әрқилы адам, сан қилы мінез. Сондықтан да халықпен жұмыс істеуде шыдамдылық пен сабырлылық, кішіпейілділік керек-ақ.

    Қызметі көпке көрінбесе де, халыққа көп қызметі бар әкімшілік полиция бөлімшесінің жұмысымен таныстық. Әдемі форма мен ай күмбезді пагонның да жүгі ауыр екенін түсіндік.  Жауапкершілігі жоғары бұл қызметке антына адал, өз міндетін абыроймен атқарып, еңбек ете білген тәртіп сақшылары әбден лайықты.  Бөлімшедегі бір күннен түйгеніміз осы.

Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА

20 қыркүйек 2023 ж. 529 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 308

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 407

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930