«Тегін» десе, тегін ұмытқан
qarmaqshy-tany.kz Өткен жылы Балалар күніне орай орталық алаңда мерекелік концерт ұйымдастырылған. Кештің ортасына келгенде балақайлар қуансын деген ниетпен «тегін» балмұздақ таратылатынын жүргізушінің хабарлағаны сол еді. Келушілердің дені әлгі балмұздақ тарататын жаққа қарай жапатармағай жүгіре жөнелгені. Үлкені бар, жасы бар, қолына жетектеп алған баласы бар, бәрі апыр-топыр боп қалды. Көп адамның арасында балалар жерге құлап та жатты. Оған қарайтын ешкім болмады. Жылап жатқан баланы жұбатудың орнына «тегіннен құр қаламын» деген қорқыныш көбірек көрінді. Сәл сабырлық танытса жеке-жеке тарататын да еді ғой. «Тегін» деген дүниеге неге сонша жабайыланып кетеміз осы?!
Бұл жағдай енді ұмытылуға жақын. Биыл әлгіндей жағдай орын алмады. Былтырғы қырантопан адамды көргеннен соң, сабақ алғандай үнсіз келіп, балалардың бәріне тегін балмұздақты таратып шықты. Бір жағынан бұл екі тарапқа да пайдалы болды. Әйтсе де ертең тағы бір тегін дүние таратса оған да қиға таласқан қарғаша үймелейтініміз анық. Неге? Себебі бүгінгі қазақ «тегін» десе, алтын жатса алмайтын дегдар тегін ұмытып қалғандай. Былайша айтқанда, ұят пен намыс қу құлқынның табанының астында қалды. Осыдан барып, біздің ұлт жадағайланып жатыр ма деген сұрақ туындайды. Көпке топырақ шашудан аулақпыз, әрине. Көз көрген дүниені іштей түйсініп, ой салар деп қоғамға қозғау салдық. Әбестік болмас, сірә?!Жалпы қазақтың тегін десе ұят, намысты қайырып қоятынын бұдан бұрын да көріп жүрміз. Тіпті әлеуметтік желіде мұндай жағдай жиі кездесіп жатады. Бизнес парақшаларда ара-тұра тегін таратамын деген жазбалар шығып тұрады. Ал кейбір тамақтану орындары кісі көп жүретін көше бойынан «билеп, тегін пицца ал» дегенін сіз де көріп жүрген боларсыз. Әрине, қалалық жерде асқазанын алдау үшін осындай жеңіл іс-әрекетке баратындар да табылады. Бірақ осы іс-қимылдардың видеосы міндетті түрде әлеуметтік желіге жүктеледі. Көрген адамның ойы мен пікірі де сан түрлі.
Бізде кей жұрт «жеңілдік, науқан» десе жүгіре ұмтылады. Байыбына барып жатпайды. Мұндайда халық пікірі екіге бөлініп жатады. Бірі – сапасыз дүние таратады десе, келесісі – арты өтірік, шикі дегенге сенеді, енді бірі – қайырымдылықтың қайыры деп ұғынады. Десе де қайырымдылықтың қадіріне жетпей, тіпті «тегін келген дүние ғой» деп менсінбеушілік танытып, мұрнын шүйіре қарайтындар да табылады. Бәлки бұлар тегін дүниенің қадірі болмайды деп ойласа керек. Кежегесі кері тартып тұратын адамға мейлі сіз ақы беріңіз, мейлі тегін беріңіз ол абырой әкелмейтін секілді.
Таяқтың екі ұшы болатынын ескерсек, аяқ-қолы сау, еңбек ете алатын адамдарға тегін дүние беру жатыпішер, масылдыққа ұрындыра ма деген тұсы да бар. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда маңдай терін төкпей-ақ байлыққа жеткісі келетін, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп, оңай олжа тапсам дейтін адамның қатары көбейіп барады. Сондықтан тегін дүниеге телмірмей, маңдай терімізді тамшылатып тапқан табысқа не жетсін?!
Ақнұр САҒЫНТАЙ