» » ЖИЫРМА ТЕҢГЕ немесе АДАЛДЫҚ АЙНАСЫ

ЖИЫРМА ТЕҢГЕ немесе АДАЛДЫҚ АЙНАСЫ


   Әдеттегідей қарбалас жұмыс күні. Түскі үзілістен келген бойы сыртқы киімнің қалтасындағы ұсақ тиындарымды жұмыс үстелімнің үстіне қоя бастадым. Біреуі дөңгелеп үстелдің астына қарай домалап кетті. Әрі-бері қарағаныммен көзіме түсе қоймады. Кезекті мақаласын көтере келген әріптесіммен сөйлесіп, ол тиын туралы ұмытып кеттім. Күнделікті қызу жұмыс жалғасын тауып, газеттің кезекті нөмірін дайындаудағы қызметімізге кірісіп кеттік. Мақаламызды қайта-қайта қарап, газеттің әр бетін шұқшия тексерген біздер бұл күні жұмыстан кеш шықтық.
  Ертеңіне кезекті жұмыс күні. Бөлмеге келіп, сырт киімімді шеше бергенім сол еді, үстел үстіндегі жиырма теңге көзіме оттай басылды. Қыз мезгілі еді. Күннің суығын, кешегі жұмыстың қиындығын ұмыттырып, көңілге жылу ұялап, бөлме іші нұрға бөленгендей болды сол сәтте. Тым әсірелеп жіберді дерсіз. Десе де сол жиырма теңге жанымды жылытты. Қарап отырсақ, бүгінде бұл сомаға мардымды ештеңе сатып ала алмаймыз. Біреу одан байып, енді біреу кедейленіп қалмайды да. Алайда еден жуушы әріптесімнің адалдығы, адамдығы көрініс берген еді. Сол жиырма теңгені қалтасына салып алса да мен аңғармас едім. Үнемі баршамызға үлкендіктің үлгісін көрсетіп, аналық ақылын айтып жүретін апайымыздың бұл ісі тағы бір өнеге болды. Рұқсатсыз өзгенің затына тиіспеу, жұмысына деген адалдық, жанашырлық бар  еді бұл істе.
Иә, адалдық – адам арының айнасы. Дана халқымыз «Асылдың бірі – адалдық» деп бекер айтпаса керек. Дәл қазіргі қоғамда бұл біз үшін қат дүниеге айналып барады. Сондықтан да болар, адам бойынан кішкене мейірімділік, жақсылық, адалдықтың ұшқынын көрсек, өзге білсе екен деп қолға қалам аламыз. Жоғарыдағы әріптес апайымның әрекеті мені артық сөзсіз жақсылыққа баулыды. Сөзбен емес іспен сабақ берді. Бұл адалдықтан айнымаған әріптесіміз – Алма Елеусінова еді. Ол кісі қазір еден жуғанымен, бұрын редакцияда хатшы, терімші қызметтерін абыроймен атқарған. Тек технология қарыштап дамыған кезде «Жастарға ілесе алмаймын-ау» деген оймен өз еркімен осы қызметке ауысқан. Мәселе тіпті қызметте де емес, мәселе сол қызметті адал атқаруда. Иә, апайымыздың жұмыс уақыты тым ерте басталады. Ол таңғы алты-жетіден редакция ғимаратына келіп, барлығын жуып-тазалап, жайнатып қояды. Тоғызда жұмысқа келген біздер тап-таза орынымызға жайғасып, жұмысымызға кірісеміз. Ал егер апайымыз кезекті демалысқа кеткен болса, анасы жоқ үйдей жабырқап қаламыз. Жұма болса жеті шелпегін пісіріп, Наурыз болса «Наурыз көже» дайындап, қуанышқа «сүйіншісін», қайғыда жылы сөзін аямайтын, ақыл сұрасақ бағыт беретін, жастарға жол көрсететін апайымызға алғыстан өзге айтарымыз жоқ.
Ғұлама ойшыл Абай атамыз «Алдау қоспай, адал еңбегін сатқан, қолы өнерлі қазақтың әулиесі сол» дей келе, адалдықтың ғана адамға абырой әкелетінін айтады. Адалдықтан айнымаған әріптес апайымыз дәл осындай дер едім.
Бұл мақалаға себеп болған оқиға қыз мезгілінде орын алған еді. Ойымды сол сәтте-ақ қалтафонға түсіріп, кейінірек мақала етіп дайындап та қойғанмын. Алайда бұл дүниені мерейлі мереке қарсаңында жариялауды жөн көрдім. Саналы ғұмырын ақ адал еңбекке арнап, маңдай те­рімен бала-шағасын асырап, аяулы жар, дана келін, жақсы ана, салиқалы әже атанып отырған Алма апайға ұзақ ғұмыр тілейміз.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
27 маусым 2023 ж. 255 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 315

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 413

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930