Тыныштық пен тұрақтылықтың қорғаны
Елімізде жыл сайын 23 маусым – Қазақстан полициясы күні ретінде аталып өтіледі. Сондай-ақ, ел тыныштығын күзетіп, қоғамдық тәртіпті қадағалаған полиция қызметінің құрылғанына биыл – 31 жыл.
Бұл күн тұрақтылық пен қоғамдық тәртіпті сақтауға үлес қосқан ардагерлерге және осы қатарда еңбек етіп жүргендерге, қызметтік парызын өтеуде өмірін қиғандарға ризашылық пен алғыс білдіру күні болып саналады.
Еске сала кетсек, 1992 жылы 23 маусымда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары туралы Заң қабылдады. Бұл – Қазақстан полициясының қызметі мен міндеті анықтайтын алғашқы құқықтық акт. 2007 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен 23 маусым – Полиция күні болып ресми түрде бекітілді.
Қазақстан полициясы – бейбіт күніміз бен ашық аспанымыздың тыныштығын қадағалап, қоғамдағы құқықтық тәртіпті, азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін еліміздегі аса маңызды құрылымдардың бірі.
Елдегі тыныштық пен тұрақтылықты сақтап, беріктікті нығайту мақсатында құрылған қазақстандық полиция қызметі бұл күндері тәуелсіздігіміздің қастерлі міндеттеріне көлеңке түсірмей, ел тыныштығын сақтауға өз үлестерін қосып келеді. Олардың қатарында біздің ауданымыздың полиция қызметкерлері де бар екендігін мақтанышпен айта аламыз. Жалпы, ауданда қылмыстық жағдай тұрақты деуге болады. Күн сайын көшедегі қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге тәртіп сақшылары атсалысуда. Қылмыстық жағдайды тұрақтандырып, көшелер мен көпшілік жиі шоғырланатын қоғамдық орындарда жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында жыл басынан бері жедел профилактикалық шаралар мен рейдтер тұрақты жүргізілуде. Нәтижесінде айтарлықтай, бес айда жалпы қылмыстық құқық бұзушылықтар саны төмендеп, өткен жылға қарағанда азаюда. Бұл – қанағаттанарлық көрсеткіш.
Полиция үшін қашанда қоғамдық қауіпсіздікті сақтау, адамдардың тыныш, бейбіт өмір сүруін тұрақты қадағалау – басты міндет. Оны талапқа сай орындау бүгінгі күннің мәселесі болып тұр. Сонымен қатар, көшелерде жасалатын қылмыс та азаюда. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық тәртібінің сақталуын қамтамасыз етуі бойынша аудан көлеміндегі оқу орындарымен бірлесе отырып, біршама жұмыстар атқарылды. Сонымен қатар, кәмелетке толмағандармен және оларға қарсы жасалатын қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған ОПД-нің нұсқауымен «Балалар түнгі қалада», «Жасөспірім», «Абайлаңыз – балалар!» атты жедел профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылуда.
Рейд барысында прокуратура, білім бөлімі, мектеп әкімшілігі, жастар ресурстық орталығы қызметкерлерімен бірлесіп, ойын-сауық орталықтары, компьютерлік клубтар араланып, халық көп шоғырланатын жерлерге түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Отанымыздың, ел аумағының бүтіндігін сақтауды, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының қорғалуын қамтамасыз етуді, халықтың тыныштығын күзетуде, мемлекетке қауіп төндіретін кез келген сыртқы және ішкі күштерге қарсы тұруды мақсат еткен полиция қызметінің ел өміріндегі алар орны орасан зор.
Әрдайым аудан халқының тыныштығын қырағы күзетіп, оны қорғауға және қылмыстардың белең алуына тойтарыс берудегі кәсібиліктері, қызмет барысындағы жоғары іскерліктері, халық арасында заңдылық пен құқық тәртібін қамтамасыз етудегі жанқияр еңбектері қандай да бір құрметке болса да лайық. Кәсіби қызметке үлкен жауапкершілік жүктеліп, кез келген қауіп-қатерге тайсалмай қарсы тұруымен ерекшеленеді. Тәртіп сақшыларының жұмысы уақытқа бағынбайды.
Сіздердің кәсіби біліктіліктеріңіз бен Отан алдындағы сертке адалдықтарыңыздың арқасында қоғамда тұрақтылық қалыптасып, адамдардың құқық қорғау органдарына деген сенімі арта бермек.
Кәсибі мерекелеріңізбен құттықтай отырып, еліміз үшін атқарып жатқан абыройлы міндеттеріңізге толағай табыс, отбасыларыңызға амандық, ел тыныштығын тілеймін.
Қазақстанның Полициясы күні құтты болсын!
Бақытбек ЖАРҚЫНБАЕВ,
аудандық полиция бөлімінің бастығы,
полиция полковнигі