Әр қазақ көруге тиіс
qarmaqshy-tany.kz Өткен жылы Қазақстан ұлттық телеарнасында тарихи бағытта «Міржақып. Оян, қазақ!» сериалы жарық көрді. Бұл сериалды адал азаматтардың, елім деп еңіреген ерлердің өмірі шебер суреттеліп тарих беттерінен сыр шертер, алты Алаштың азабын алты-ақ сағатқа сыйғызған керемет туынды деп санаймын.
Телехикаяда Алаш қайраткерлерінің бірі Міржақып Дулатұлының өмірінің бір кезеңі баяндалған. Алайда тарихи тұлғаның өмір жолындағы айтулы оқиғаларға негізделген сериал олардың өмірі, шығармашылығы мен саяси күресі жайында сыр шертеді. Міржақыптың «Оян, қазақ!» кітабының жарыққа шығуы, «Бақытсыз Жамал» романының жазылуы, революциядан кейінгі жылдардағы ашаршылық кезеңдегі қоғамдық-саяси қызметі, Қызылорда, Семей, Мәскеудің әйгілі Бутырка абақтысындағы жылдары және жан жары Ғанижамалмен махаббат хикасы көрсетілген.
Алты бөлімді тарихи туындының түсірілім жұмыстары Алматы облысында, Алматы қаласында және Міржақыптың туған жері Қостанай облысында жүргізілген. Сериалдың алты бөлімін бір деммен қарап шықтым. Телехикаядан сол кездің атмосферасын сезіне алдым. Тәуелсіздіктің бізге қалай қиын келгенін барша қазақ шын түсіну керек. Өте қиын, ауыр сезімдерді басымнан өткергендей болдым. Бұл туынды тек қана тарихи тұлғалардың өмір жолын, сол заманның тынысын көрсетіп қана қоймай, жас ұрпаққа тәуелсіздіктің құнын білдіріп, қадір-қасиетін бағалап, өткенімізді ұмытпауымыз қажет екенін насихаттайды. Туындыны кеудесінде еліне деген патриоттық сезімі бар барша қазақ көруге тиіс. Біздің мектепке осы бағытта «Азаттық таңын аңсаған Алаш арыстары» атты іс-шара жоспары таныстырылса, осыған орай тарих апталығы өтті. «Алаш арыстарының идеясы және бүгінгі қазақ жастары» атты дөңгелек үстел отырысы ұйымдастырылды. «Ұлт болашағы жолында біріккен Алаш тұлғалары» тақырыбында көрме таныстырыл- ды. «А.Байтұрсынұлы – ұлт мұраты жолындағы ұлы тұлға» тақырыбында эссе жазылды.
Сания ҚАЙРАТҚЫЗЫ,
No29 мектеп оқушысы