» » Ұлттық киім-кешектің аймақтық сипаты

Ұлттық киім-кешектің аймақтық сипаты

qarmaqshy-tany.kz Киім – адам денесін ауа райының, сыртқы ортаның зиянды әсерінен қорғайтын, адамның денесіне киюге арналған жасанды жамылғы түрі, тұтыныс бұйымы. Киім адамның өмір сүруіне қажетті құралдарының бірі бола отырып, белгілі дәрежеде олардың жас айырмашылығын, әлеуметтік жағдайы мен этникалық ортасы туралы мағлұмат беретін этномәдени белгі саналады. Киімнің келуі адам зейнетінің ерекшеліктеріне, қоғамдағы өндірістің және мәдениеттің ілгерілеуімен етене байланысты.

Киім қоғамда материалдық және рухани өмірдің құрамдас бөлігі. Сондықтан киім еңбекпен келген материалдық құндылық, ал екіншіден, ол адам баласының келбетін эстетикалық тұрғыдан өзгертетін сән өнері. Адам баласын қоршаған ғимараттар, еңбек, тұрмыс заттарымен қатар, киім де өндірістік күштердің тарихи кезеңдерде дамуын, климаттық жағдайды, халықтың ұлттық ерекшелігін, оның әсемдік талғамын көрсетеді. Басқа да материалдық мәдениет көріністері тәрізді киім-кешектің де архаикалық мәдениетте қолданылуының ерекшелігі олардың жасалу, тігілу үдерісінде-ақ айқындалады, сондықтан материалдық мәдениет деректерін дайындау, жасау технологиясы сакральді білім саласына жатқызылып, шеберлер, ұста т.б. қабілеті бар адамдар кәсіп көлемінен тыс әлемнің сырын, тілін түсінетін құдірет иесі ретінде, адам әлемі мен табиғатты байланыстырушы дәнекер ретінде айрықша мәртебеге ие болған.
Ғалым Б.Кәмәлашұлы: «Киім арқылы адамзат жан-жануар, хайуаннан айырылады. Сондай-ақ, ұлт-ұлыстар да киімімен дараланады. Тек ұлыстар ғана емес, қазақ халқының ішіндегі тайпалардыңда ру, ауыл, тайпалық белгілі киімдері болған» деп көрсетеді. Бас киім ұлттық киімнің мәнерлі де ерекше бөлігі саналумен қатар, этностың географиялық этникалық белгісін де танытатын ерекшелікке ие.
Этнографиялық еңбектерде бас киімдердің айырым белгілері олардың атауларынан көрінетіні айтылады. Тек атау ғана емес, ру-тайпалық белгілері олардың пішімінен де байқалады. М.Әуезовтің шығармаларындағы: сегіз сай уақ тымақ, үш құлақты керей тымақ, адай бөрік, арғын тымақ, сырмалған алты сай найман тымақ бұған қоса аймақ ерекшеліктеріне қарай Жетісу, Арқа, Қоңырат үлгісіндегі тымақ түрлері бары айтылады.
Тымақ – қасиетті бас киім. Оны айырбастауға болмайды, аяқ тигізбейді. Жақсы кісілердің тымағы атадан балаға мұра ретінде қалып отырған. Киімдердің ру белгісін айқындайтын айрықша белгілері – олардың формасы. Адай тымақ – төбесі томпақ, екі құлағымен артқы жағы тұтас тігілген, желкені жауып тұратын бас киім болса, әлім тымақ қойдың терісінен тігілген екі иық пен екі жауырынды түгел жауып тұратын бас киім. Бас киім – ұлттық дүниетанымда құт-береке символы, ал үйленбеген жігіттің белгісі – тымақ оның басына қонатын құт, өмірді бастау мәні, өмір жалғастығы, өмірлік күш-қуат, жалын идеясын бейнелейтін жоғары семантикаға ие. Зере – сәукеле астынан киетін бас киім. Зер – парсы тілінде алтын, зергер де осы түбірден шығады. Арабша – зір түйме, халықта алтын түсті жіп зер жіп аталады. Сәукелемен қосылып киілетін бұйымның зере деп аталуы әшекейлеу деген ұғыммен байланысты болуы мүмкін. Киім-кешектегі таңбалық сипат, этномәдени белгі материалдық мәдениетпен қатар рухани мәдениеттен де хабардар етіп тұр. Ерекшелігі желкені, иықты және жауырынды жабатын бөлігінде.
Зере – сәукелемен бірге халық дүниетанымның айрықша көрінісі үйлену салты ритуалдарының қатарындағы аса маңызды белгісі, ұзатылар қыздың әлпештеген ата-ана үйінен оң жақтан, өзінің негізгі мекеніне аттану – босаға аттау ритуалымен ұштас ұғым. Босаға, есік – сыртқы әлемнен қорғаныш, ішкі берекені, тыныштықты сақтау символы. «Босағасы берік болсын» деген тілектің мазмұны өте терең. Отбасы бұзылмасын, шаңырақ шайқалмасын дегенді ұқтырады. Жігіт тымақта – адалдық, тұрақтылық белгісі бар деп есептеледі.
Жегде немесе жейде – ерлердің көйлегі. Атадан қалған сауыт шығыршығы шірісе, жегдедей болмас панасы. Бұрын ақсақалдар жегде деп атайтын, жейде формасының қолданылу аясы кең. Ш.Сарыбаев жейдені монғолдың цэгдок сөзімен сәйкестендіреді. Ал жауырынша жаңа түскен келіннің қайнысына тігіп беретін кестелі көйлегі, жейдесі. Келтірілген киім-кешек атаулары материалдық дерек қана емес, бұлардың қолданылуын да ұлттық рухани мәдениет көріністеріне жеткізетін ақпарат сыйғызылған. Ақпараттар мәдениеттің сигнификаттық, коммуникативтік функциясының дәлелі, екіншіден ұлттық мәдениеттің аймақтық бөліктерінің өзіндік ерекшелігі, өзіндік бейнесі болатындығын пайымдатады. Олар жалпы ұлттық мәдениеттен оқшау құбылыс емес, қайта оны жергілікті мәнер, бояу мен толықтырушы қызмет атқарады.
Мәдениеттанушылардың айтуынша, мәдениеттің әмбебап (қатарына жататын таңбалық қызметі сигнификаттық функция аталады. Мәдениеттің қатысымдық қызметпен тығыз байланысты сигнификаттық қызметі оның мән-мазмұны мен құндылық сипатын айқындаушы болып табылады.
Әр мәдениет өзіне тән құндылықтар жүйесінен тұрады. Құндылық – адами мәдениет көрсеткіші, мәдениеттің адам болмысындағы әртүрлі формаларына көзқарасын танытушы. Құндылық – адамның өмірге, еңбекке, шығармашылыққа, өткеннің өнегелі тұжырымдарына, отбасы, қоғам мүшелері арасындағы қарым-қатынасқа, адам өмірінің мән-мағынасына деген бағалау мәнді қатынас-көзқарас деп пайымдауға болады.
Меруерт БИСЕНБАЕВА,
PhD доктор
23 қаңтар 2023 ж. 611 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 367

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 446

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930