Елдігіміз сынға түскен "қасіретті қаңтар"
qarmaqshy-tany.kz БАРЫС ЖЫЛЫН ТАРИХ ҚОЙНАУЫНА ЖІБЕРІП, ҚОЯН ЖЫЛЫН ТАБАЛДЫРЫҚТАН ҚАРСЫ АЛДЫҚ. ӨТКЕН ЖЫЛДЫҢ ЕНШІСІНДЕ ҚИЫНДЫҚ ТА, ҚУАНЫШ ТА АЗ БОЛҒАН ЖОҚ. СОНЫҢ БІРІ - ҚАҢТАР ОҚИҒАСЫ. ОСЫДАН ТУРА БІР ЖЫЛ БҰРЫН ОҚИҒА БЕЙБІТ ШЕРУДЕН БАСТАЛЫП, СОҢЫ БҰЗАҚЫЛЫҚҚА ЖАЛҒАСҚАН ЕДІ.
Бәрі газдан басталды
Наразылық акциясы сұйытылған газ бағасының екі есе қымбаттауынан шықты. Өткен жылдың 2 қаңтарында Жаңаөзенде жұрт алаңға шығып, газ бағасының арзандатуын талап етті. Маңғыстау облысының жүргізушілері көбіне бензин орнына сұйытылған газбен жүреді. Сол себепті де газ бұл өңірде әлеуметтік мәселе саналады.
Жиылған жұрт күні бойы алаңда тұрып осы талап-тілектерін жеткізді. Жаңаөзендегі наразылыққа әлеу- меттік желідегі көпшілік қолдау білдіріп, Қазақстанның басқа аймақтарында наразылыққа шығуға үндеу тастағандар болды. Ақтауда бір топ адам 2-ші қаңтардан 3-не қараған түнді алаңда өткізгенін айтты. Астанада қымбатшылыққа байланысты ойын айтып алаңға шықты. Өзге қалаларда митинг болады деп белгіленген орындарда полиция күзеті күшейді. Алматыда орталық алаңдар жабылды. Бірқатар өңірде бейбіт жиналыстар жаппай тәртіпсіздіктерге ұласты. Әсіресе, Алматы қаласында жағдай қиынға соқты. Бірнеше нысанды өртеп жіберді, әуежайдың күл-талқанын шығарды. Дүкендер мен банктер тоналды.
Интернет істен шықты
Шерушілердің талабы орындалып, мәселе шешілгендей болғанымен, елдегі саяси ахуал тұрақтанғанның орнына ушыға берді. Жаппай тәртіпсіздік салдарынан интернет өшіп қалды. Осы кезде Қазақстан жұртшылығы бірнеше күн интернетсіз өмір сүрді. Ешбір адам әлеуметтік желіге кіре алған жоқ. Қала берді банк қосымшасы да жұмыс істемеді. Әдетте онлайн төлемге үйренген жұрт қолма-қол ақша іздей бастады. Интернет еліміздің кей өңірінде аз уақытқа әлсін-әлсін беріліп тұрды. Ертеңгісін қосылып түске дейін ғана істеп тұрды.
Арандатушылардың арам пиғылы
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әуелі Алматы қаласы мен Маңғыстау облысында, кейіннен жалпы ел аумағында төтенше жағдай енгізу туралы Жарлық шығарды. Артынан лаңкестікке қарсы операция басталды. Түнгі уақытта далаға шығуға тыйым салынды. Қаңтар оқиғасынан кейін билікті күштеп басып алу мен мемлекетке опасыздық жасау бойынша қылмыстық істер қозғалды. ҰҚК-ның бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов пен оның екі орынбасары қамалды. Ал қорғаныс экс-министрі Мұрат Бектанов әрекетсіздік танытқаны үшін тергеуге алынды.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, қылмыскерлер бейбіт шеруді жаппай тәртіпсіздікке айналдырғысы келді. Алдын ала әзірлеген арандатушылар, бұзақылар, тіпті, қарақшылар да болды.
– Біз бұл жерде бір мәселенің басын ашып алуымыз керек. Бейбіт шерулердің себебі – бір бөлек. Ал, мемлекеттік төңкеріс жасағысы келгендердің мақсаты мүлде басқа. Қаңтар оқиғасының астарына үңілсек, оның себептері айқын көрінеді. Елімізде ұзақ уақыт әлеуметтік әділдік назардан тыс қалды. Мемлекет пен қоғамның арасы алшақтап кетті. Жылдар бойы шешілмеген әлеуметтік- экономикалық мәселелерден жұрт әбден қажыды. Бұл – түсінікті жайт. Алайда, қылмыскерлердің көздегені басқа еді, – деді Мемлекет басшысы.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, қаңтар оқиғасында 238 адам қаза болды. Оның ішінде қылмыскерлер де, кінәсіздер де бар. Ал кездейсоқ оққа ұшқаны мен тонаушылардың қолынан қаза тапқаны қаншама?! Иә, осы оқиғадан қанша отбасы арыстай азаматынан айрылды, қанша адам қара жамылды десеңізші?!
2022 жылдың 10 қаңтары Жалпыұлттық Аза тұту күні болып жарияланды. 11 қаңтарда Үкімет басшысы мен мүшелері тағайындалды. Өткен жылдың 2 қарашасында қаңтар оқиғасына қатысқан қатысушыларға бір реттік рақымшылық жасау туралы заңға қол қойылды. Заң бойынша 1500 адамға рақымшылық жасалады.
Түйін Қасіретті қаңтар еліміз үшін үлкен сынақ болды. Бейбіт шерудің себебі – бір бөлек. Ал, мемлекеттік төңкеріс жасағысы келгендердің мақсаты – елдегі тұрақтылықтың тамырына балта шабу болды.
"Уақыт – емші" дейді халқымыз. Қасіретті күндер алыстаған сайын біртіндеп көмескі тарта беретіні анық. Бірақ қираған дүниені қалпына келтіруге болады. Ал үзілген өмір қайта жалғанбайды. Сондықтан мұндай оқиға енді қайталанбаса екен.
Ақнұр ЕРДҮЙСЕНҚЫЗЫ