Қауіпке қарсы қарекет
Соңғы кездері жаңалықтар ағыны – жол-көлік оқиғаларының көбеюін айқындап тұрғандай. Жантүршігерлік апаттар, қыршыннан қиылған тағдырлар кімді де болса алаңдатпай қоймайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жол апатынан қаза тапқандардың тең жартысы – жылдамдықты шамадан тыс асырғандар не мас күйінде рөлге отырғандар екенін бұдан ертеректе бірнеше рет айтқан. Ал осыдан бірнеше жыл бұрын Президент алдымен твиттерде, кейін Алматы қаласына сапарында мас күйінде автокөлік жүргізгендерді қатаң жазалау керегін тапсырды. Бүгінде елдің әр аймағында осы мәселе бойынша, яғни жол-көлік оқиғасын азайту мақсатында бірқатар ілкімді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Соның бірі өзіміздің ауданда өтіп жатқан – «Қауіпсіз жол» іс-шарасы.
Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінің нұсқауына сәйкес аудан көлемінде жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзушылықтардың жолын кесу мақсатында ағымдағы жылдың 19 шілде-18 тамыз аралығында «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Онда полиция қызметкерлері мас күйінде көлік жүргізуге байланысты құқық бұзушылықтарды анықтауға және жолын кесуге, төтенше жағдай жасауға, басып озу, жол қозғалысы, қиылыстар мен жаяу жүргіншілер өткелдеріне, қауіпсіздік белдіктерін пайдаланбауға және ұялы телефонмен сөйлесуге байланысты ережелерді бұзғандарды анықтауда. Онымен қоса полиция қызметкерлері жол қауіпсіздігін насихаттау бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізеді.
– «Апат айтып келмейді». Бір рет жасаған олқылық бір адамның тұтас өміріне балта шабуы мүмкін. Құрметті жүргізушілер – жол қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтай отырып, жол апатынан өздеріңізге және жақындарыңызға абай болыңыздар! – деп дабыл қағады мамандар.
Өз кезегінде аудан тұрғындары да пікірін білдіріп, жолдағы жайсыз жайттардың орын алмауына алаңдаулы.
– Жол қауіпсіздігінің алдын алуды насихаттауға арналған шығарылымды кеңінен түсіндіру қажет. Өте дұрыс бастама. Аудан орталығындағы халық көп шоғырланатын алаңдағы «Летт-экран» арқылы таныстырсақ нұр үстіне нұр болар еді, – дейді аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Мерей Өмірбекұлы.
Иә, жол жүру қағидаларын бұзғаны үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейту – амалсыз шара. Жолдағы жүгенсіздіктің көбеюін статистикалық деректер де айғақтады. Жақында Жосалы кентінде бір оқиға орын алды. 13 шілдеде, сағат 23.45 шамасында Балқы Базар көшесі бойында «Nexia DAEWOO» маркалы автокөліктің жүргізушісі масаң күйде көлік басқарған. Жоғарыда көрсетілген азаматқа ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабының 1-бөлігімен жол жүріс қағидаларының 2,4, тармағына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама рәсімделіп, жинақталған құжаттар аудандық сотқа жолданыпты. Аудандық сот шешіміне сәйкес, жүргізуші ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы бойынша кінәлі деп танылып, 15 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынып, 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылған. Бұл жарияланып жатқан бір ғана дерек.
«Мас халде көлік басқарып, өзіңізбен қоса өзгенің де өмірін қатерге тікпеңіз» деген аудан полицейлері жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады.
Айнұр Әли