» » Ұлттық құндылықтар көрінісі

Ұлттық құндылықтар көрінісі


Дидахмет Әшімханның ұлттық ерек­ше­ліктерді танытып, ұлттық тәрбиемен сусындататын әңгімесінің бірі – «Кенжелер» деп аталады. Шынымды айтсам, бұл шығарма мейірім мен тәрбиеге толы.
Қашанда кенже ұл ерекше мейіріммен өседі. Себебі бала күнінен «шаңырақтың иесісің» деген ұғымды құла¬ғына құйып өсіреді. Сондықтан да атадан қалған ұяның жылылығын және отбасының ынтымағын сақтауға мүдделі екенін бірте-бірте сезініп ержетеді.
Әрбір ата-ана баласын саналы болса екен деп тілейді. Оның ішінде кенже балаға ерекше ықыласпен қарайды. Олай болса отбасы іргесінің берік болуы тікелей кенже балаға байланысты. Қара шаңырақ дегеніміз – ата-ананың үйі. Әдетте, қара шаңыраққа отбасының балалары, туыстары жиналады. Кенже баланың үлкен бауырлары қамқорлықпен қарайды. Кенже келіннің де атқарар міндеті зор. Шаңырақ пен ондағы әрбір құндылық кенже баланың арқасында сақталып, ата-анаға деген құрмет сезімін жылдар бойы жалғастыра береді. Міне осындай ерекше ықылас пен махаббаттың ортасында өскен Кенжебектің дүниеге келуінің өзі ерекше. Анасы босанарда апасы түсінде қызыл орамал, айна, тарақ көретін болды. Бес ұлдан соң қыз баланы күтіп жүрген олар жақсылыққа жорыған-ды бұл түстерін. Дегенмен өмірдің тосын сыйлары бітетін бе еді? Тағы да атқа мінер кесте тігердің алдын орап кетті. Бұл жерде қазақ халқының сенгіштік қасиеті – түске де, адамға да, құдай-ау, өзі жүз теңгеге зар болып отырған балшыға да сенеді біздің жұрт. Бұл да бір ұлттық сананың көрінісі шығар. Апасы «Қайтейін, бұл жолы да тілекті бермеді» дегенде атасының «Жә, бұл сөзді қой енді. Бергеніне ризалық ет. Енді елу жастан асқанда Жаратқаннан дәметер жас иіс қайда? Ендеше осы соңғы тұяқты армансыз сүйіп қал» деуінің өзінде үлкен тәрбие жатыр. Дін жағынан болсын, отбасылық құндылық жағынан болсын, ер адамның зілді сөйлеп, әйел, бала-шағаның қабағымен орнына қояр қазақ ер азаматтарына тән жақсы мінездері бар. Соның көрінісі осы жерде болып тұр. Құдай деген құр қалмас, шүкір етіп, сабырлылық таныту – мұсылман боп жаратылған қазақтың міндеті. Ер адамның сөзін екі етпей, тәубесіне келіп, шүкірін айтқан апасының іс-әрекетіне де қайран қаласыз. Тәрбиенің қайнар көзі осы емес пе?!
Шығарманың өн бойы ұлттық құндылыққа толы. Кенжебектің кішкентайынан есінде қалған дүниелер көп емес. Соның ішінде ерекше атары – сары бесік. Ұлттық құндылығымыздың бірі – бесік. Баланы бесікке бөлеу – қазақ халқына тән ұлттық қасиет. Бесік – киелі. Бесікке бөленген баланың ұйқысы тыныш, бойы жылы, тәні таза болады. Бүгінгі таңда қазақтың қасиетті бесігі қолданыста жоқ. Ара-тұра көргеніміз болмаса, қазіргі әрбір қазақтың шаңырағында, төрінде тұр деп ауыз толтырып айта алмаймыз. Бесікті бүгінде зиян деушілер қаптап кетті. Бұл да бір ұлттық құндылығымыздың құнсыздануынан туып отырған дүние. Сондықтан бесіктің пайдасын осы ретте айта өткенді жөн көрдім. Оның ұрпақ үшін оның пайдасы ұшан-теңіз. Атап айтсам:
Біріншіден, қол-аяғын ербеңдетіп бос жатқан сәбидің ұйқысы тыныш болмайды. Ұйқысы қанбаған баланың зердесі толық жетілмейді. Екіншіден, баланың мазасыздығы ананың психологиясына әсер етеді. мұндай жайсыздық сүт арқылы сәбиге беріледі. Сондықтан бесікке жатпаған бала болашақта сабырсыздау болады. Үшіншіден, баланы бесiктен шешкен кезде сәби керiлiп-созылып, рахаттанады. Денесінің әртүрлі күйде болуы оған демалыс сыйлайды. Төртіншіден, сәбидің тұлабойы таза болып, тазалыққа бойы үйренеді. Бесіншіден, бесіктегі баланың денесіне дымқыл, сыз дарымайды. Құрғақ болады. Ол – мықты денсаулық кепілі. Әрі қол-аяғы сыптай болып өседі. Алтыншыдан, бесік белгілі бір ритммен ғана тербетіледі. Баланың жүйкесі бір жүйе, тәртіпке түседі. Жетіншіден, бесіктегі балаға ана әлдиі әбден сіңеді. Қайырымды мінез қалыптасады. Бесік жырын тыңдаған баланың қанына ұлттық қасиет дариды. Сегізіншіден, бесік сәбиді сырттан келетін кері энергия немесе тiл-көзден сақтайды.
Бұлар бесіктің толып жатқан пайдасының бір парасы ғана. Бесікті пайдаланбау арқылы қаншама ұлттық дәстүрімізден айырылып жатырмыз. «Бесікке салу», «Тыштыма», ананың әлдиі, әженің айтар ертегісі, т.б. жоғалды. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов «Ел болам десең, бесігіңді түзе!» дегенді тегін айтпаған.
Кенжебектің есінде қалғаны әсіресе анасының бесік жыры еді. Кішкентай Кенжебектің балалық шағында көптен күткен алты асылдың арасындағы жалғыз жауһарлары Көбелек қарындасына айтқан анасының бесік жыры құлағына құйылып қалған. Демек, балаға ертегі, бесік жырын айтып өсіру – ұлттық тәрбие кепілі. Бесік жырының басты қызметі – бесік тербелісіне ыңғайлас сазды әуен, ырғақты сөзбен баланы тыныштандыра отырып, оның жан жүйесі мен санасына ұлттық тәрбиенің алғашқы нәрін сіңіру.
Халқымыздың ұлттық дүниетанымы мен мағлұматының, нәрестенің жастайынан құлағына құйып өскен тағылымының бірден-бір айнасы есептелінетін жырларының бірі – бесік жыры. Сәби тәрбиесі мен мінез-құлқын қалыптастыруда бесік жырының орны мүлде бөлек. Ол баланың көкірек көзін ашады, жан-жүйесін тербейді, сезімін сергітеді, көңіл-күйін көтереді. Есейе келе өнерге, сөз өнеріне бейімделеді. Әже мен ананың әлдиі сәбидің, алғашқы өнер мектебі екені баршаға белгілі.
Бауыржан Момышұлы атамыз «Балаларға бесік жырын айтатын келіндердің, ертегі айтатын әжелердің азайып бара жатқанынан қорқамын. Өйткені бесік жырын естіп, ертегі тыңдап, дәстүрді бойына сіңіріп өспегеннің көкірегі көр бола ма деп қорқамын» деп бесік жырының бала тәрбиесіндегі маңызының зор екендігін айтты.
Рас, сәби санасына ұлттық тәрбиені, халықтың дүниетанымы мен салт-дәстүрін сіңіртуге таптырмас құрал болып табылатын бесік жырының халыққа берері мол. Оны жаттап, айтып, таратып, түрлі нұсқаларымен танысу біздің болашағымызды нұрландыра түсері сөзсіз. Халық мұрасының ең бір биік үлгісі болып ел жадында жүрген бесік жырлары ұмыт болмай, әр шаңырақта шырқалуы керек. Оны жаңғырту – сіз бен біздің қолымызда.
Кішкентай кейіпкердің ерке шағы ерте аяқталды. Әсіресе, қарындасы өсе келе, тете болып өсіп келе жатқан бұл екеуі тату-тәтті өмір сүре алмады. Қарындасы үй ішіндегі күллі жұртқа әмірін жүргізіп, қалағанын сөйлемей-ақ, ишарамен жасатады. Тек жалғыз айтқанын жасамай, қақтығысып-соқтығысып жүретін Кенжебекке әлі күнге дейін шамасы келмей жүр. Атасы мен апасы 3-4 күнге шаруаларына кетіп қалысымен Кенжебек сабақты біржола қойып, ойынға көшті. Тетенің аты тете, Кенжегүл де үйдегі билік өзіне қалғанын сезіп, ағасын жұмсауға көшті. Оңайлықпен Кенжебектің көне қоюы жоқ-ау, бірақ қыз баладан айла ауысқан ба? Сабаққа бармай жүргенін, оған көмектеспегенін апасы мен атасына айтып берем деп қорқытып бақты. Бес күн сайран салған Кенжебекке қарындасы бүгін төсек те жинатты, ыдыс та жуғызды, ақыры сарайдың бәрін жинатып шықты.
Бір қызығы, әңгіме басында қыз балаға неге бұл есімді берді екен деп ойлап едім, автор бұл сырды оқиғаның шиеленісіне дейін аша қоймады. Ойынның тап ортасына келгенде ту сыртынан "Кенжебееек!" деген дауыс шықты. Сөйтсе, келіп тұрған Көбелек екен. Кенжебек оған: "Ой, сен нағып жүрсің? Жүрмейтін жерің жоқ екен. Көбелек десе көбелексің" дегені бар емес пе? Бұл есім оның азан шақырып қойған есімі емес, Кенжебектің өзінің жеке берген есімі екен. Дегенмен, бұлай атама деп апасынан талай рет сөз де естіген. Мұны ағасының жас ерекшелігі кіші болғандықтан, қарындасына зілді әзілмен берген тәрбиесі-ау. Қыз баланың ұшып-қонып жүргенін ағасы да, анасы да, көрші-көлем де жақтырмаған түрі де. Оны Кенжегүл түсінбейді дейсіз бе? Тек еркелік қолтығын қыдықтағанда бәрін ұмытып кететіні болмаса. Ал апасының ол нәрсеге мән беріп, екі бауырдың арасын дәл уақытында біріктіре ала алуы, бауыр екендігін ұғындыруы – тәрбиенің төресі. Әйтпесе бірі сыпсыңдап, бірі шымшып сөйлесе, кейін не болмақ?
Бүгінгі алмағайып заманда тұрмыс кешу, заманның толқынына жауап беру кімге болса да, оңай соқпасы анық. Десек те, ата-анаға деген құрмет, шаңыраққа деген махаббат ауыс­палы заманның күн кешуімен өлшенбесе керек. Ешбір зәулім сарайдың өзі шаңырақты алмастыра алмайды, билігі зор тұлға ешқашан да туыс болмақ емес. Туысты қызметке айырбастап, шаңырақтың қасиетін еш жерден сатып ала алмайсыз. Кенже ұлға жүктелер міндеттің салмағы – сондықтан да ауыр.
Қара шаңырақ – ұрпақтар өрбіген қуатты ұя. Кең мағынада бүкіл ұлт тұтас ірге жайған жер де қарашаңырақ. Сондықтан қазақ баласы атасы көтерген қара шаңырақты аялай қастерлеп, оның қасиетін өзінің ар-намысындай сезінеді.
Қашанда әке-шеше отырған үй аяулы, ардақты, ыстық. Ұрпақтар соған бас иеді. Оны құтты орынға теңейді. «Ордаға керек – отауға да керек» деген аталар өсиеті негізінде әр ұрпақ өзінің шаңырағын ата-салты бойынша жоғары көтеруге және өзі абыройлы, парасатты болуға тырысады. Өзінің де ұрпағын өсіріп, өркенін жайдыруды мұрат тұтады. Сондықтан қара шаңырақ – қазақ арманының мақсат-мүддесінің бір шоқтығы.
Әдетте жақсылықтың бәрі отбасынан бас­талады. Отбасы – жұртты жақындастырушы, ұрпақ пен ұрпақты табыстырушы. Ұрпақ­аралық тұтастықтың отын жағушы ерекше ұя. Сондықтан да отбасы барша адамзатқа ең жақын, ең қасиетті ұғым. Тәлім мен тәрбиенің, үлгі мен өнегенің, мейірімділік пен адамгершілік ұясында адам баласының өмірге келгеннен кейінгі бар тіршілігі өтеді.
Шариғатта «Балалар – ата-аналар қолына берілген аяулы аманат» делінген. Әр халықтың бала тәрбиесіндегі өзіндік ерекшеліктері арқылы мәдени құндылықтары қалыптасады. Ата-бабамыз ұл баланы ертеңгі абыройлы әке, қадірлі отағасы, елді қорғайтын ер, батыр, би, ақын, ұлттың намысты азаматы ретінде әділдікке, қайсарлыққа, кешірімді болуына, өнерге, білімге, салт-дәстүрімізді сақтауға тәрбиелеген. Ұл бала – қазақта шаңырақ иесі, ер-азамат – ата-ананың отын тұтатушы болып саналады. Қазақ отбасының ерекшелігі жасы кішісінің үлкеніне «сен» деп сөйлемеуі, алдын кесіп өтпеуі, үлкен тұрып кішінің, әке тұрып ұлдың, шеше тұрып қыздың орынсыз сөйлемеуінде. Қазақ отбасындағы үлкенді құрметтеу әдеті жауапкершілік, адамгершілік сезімдерін туғызған. Дұрыс бағытқа бағдарлау көп жағдайда абыройлы әкеге, үлгілі отағасына, қадірлі ағаларына байланысты. Сондықтан да шаңыраққа ие болудың өзі – шексіз абырой.
Оқиға желісінде екеуі қатар үйге қайтып келе жатқандығы баяндалады. Кенжегүлдің қолындағы газетке көзі түскен Кенжебек не бар екен деп қызыға сұрады. Көбелек деген сөзіне өкпелеп, үнсіз келе жатқан Кенжегүл ағасының қолын қағып жіберді. Дегенмен газеттің ішінде түрлі-түсті қағаздар бар және одан гүл жасайтынын айтқан. Ойыны ұстамайтын жерден Кенжебек те «Ертең мұғаліміңнің туған күніне сыйлайсың, білем» деп сықылықтай күлді. Кенжегүл де айласына қарап сықылықтап күліп «Өзім білем, кімге сыйласам да. Сенің қолыңнан ештеңе келмейді» деді. Бірақ онымен әрі қарай салғыласудың жөні болмасын білген Кенжебек үндеген жоқ. Мұнан ұлттық мінездің көрінісін кішкентайлардан да көруге болатынын білдік.
Екеуі үйге жақындай бере ата-апасының үйге келгенін білді. Кіре салысымен апасы құшағын жая Кенжегүлге ұмтылып біраз мақтап тастады: «Кішкентай қолқанатым! Үйді қашанда өзімдей ұқыпты ұстайды. Көрдің бе, үйде шаңның бір түйір тозаңы жоқ. Бәрі осы кенжетайымның арқасында» деді. Кемпірінің балаларды бөлектеп тұрғанын көріп атасы «Сен кемпір Кенжебекті тікенектей бергенді қой. Түбінде осы жаман қараның қолына қарайсың, білдің бе?» деді. Бұлай бір жағынан отағасының рөлін көрсетсе, бір жағынан қарындасына Кенжебекті сыйлау керектігін ұғындырса, бір жағынан Кенжебектің ынжық емес, сенімді болуына тікелей әсер етіп отыр. Әкенің бір ауыз сөзінде бірнеше ұлттық құндылықтар сыя кеткен. Келесі күні Кенжебекті Кенжегүлдің «тұр-тұры» ерте оятқан. Күндегідей жата тұрайын десе, апасы жүр. Амалсыз керіліп тұрып, күңкілдей жүріп киініп, дастарқан басына келді. Дастарқанда түрлі кәмпит, қоспа, тағам толып, жайнап кетіпті. Кенжебек аң-таң. Сәлден соң Кенжегүл ағасының алдына келіп «Туған күніңмен құттықтаймын, кішкене аға!» деп қолына өз қолымен жасалған түрлі-түсті гүлдерін ұстатты. Бұл ретте қазақ қызына тән бауырмалдық, ұстамдылық, шыдамдылық, тәрбие жатыр. Кешелі бері оның тарапынан естіген ұнамсыз әңгімелерді жиып қойып, қаны бір туысын қуантып отыр. Кешірімділік пен имандылық та толып жатыр емес пе? Ал гүлді ұстаған алақаны оттай ду ете түсіп, артынша беті қызарып кеткен Кенжебектің бойынан ар-ұят, намысты көруге болады. Тәрбие, дін, діл, адамгершілік, қазақы мінез сынды ұлттық құндылықтарымызды бойына жиып алған 3-4 беттік шағын әңгіме қандай керемет?!
Бұл мақалада Дидахмет Әшімханның ұлттық құндылыққа толы «Кенжелер» әңгімесін барынша талдауға тырыстым. Басты мақсатым – өскелең ұрпақ бойына дұрыс тәлім-тәрбие беру және сол тәрбиенің қайнар көзі – әдеби шығармаларда екенін ұғындыру. Себебі ұлттық құндылықтарды, бауырлар арасындағы қарым-қатынасты, қара шаңырақтың киелі екенін түсіндіруде ата-ананың тәрбие берудегі үлгі-өнегеге толы іс-әрекеттерінің қазақ дүниетанымы мен діліне сай келетін жан-дүниесі рухани құндылықтарға толы ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі күннің өзекті мәселесі.

Т.СЕРІКОВА,
№277 мектеп-лицей мұғалімі
24 мамыр 2022 ж. 939 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 053

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031