» » Жеміс атаулының мырзасы

Жеміс атаулының мырзасы



Ораза – Алла алдындағы қадірлі құлшылықтың бірі. Алла Елшісі «Ораза ұстаушының екі қуанышы бар: бірі – ауызашар уақытта, екіншісі – Раббысының құзырында» деген. Осындай екі қуаныштың бірі – ораза ұстаушының асыға күтетін ауызашар уақыты. Күні бойғы аштықтан соң, асқазанға ауырлық салмаудың ең жақсы жолы – ауыз­ашарда жеңіл әрі жылдам тарайтын тағам тұтыну. Осы орайда, сүннеттен ұсынылатын ең жақсы тағам, ол – құрма.
Осы жөнінде «Кім ораза ұстайтын болса, аузын құрмамен ашсын, құрма табылмаса, сумен ашсын. Себебі, су – таратушы» деген хадис те бар. Иә, Құран түскен ғасырдан бүгінге дейін сүннет боп жеткен құрма мен су – өзара керемет үйлесетін нәр көздері. Аузы берік адам оразасын ашқанда құрма немесе суды пайдалануы оттегіні миға дереу жеткізіп, адам ағзасының зақым­далуынан, қан қысымының бірден түсіп кетуінен сақтайды.
Исламдық ғалым Ибн әл-Қайым бұл тұрғыда «Пайғамбарымыздың ауызашарда құрма немесе суды пайдалануы – оның астарында үлкен даналық барын дәлелдеді. Өйткені, ораза кезінде адамның асқазаны бос болады емес пе? Қарынның қатты ашуы себепті, ораза ұстаушы адам, егер күн батысымен көп тамақ жейтін болса, өз денсаулығына зиян келтіруі мүмкін. Демек, ораза ұстаған адамға аз мөлшердегі, бірақ жылдам күш-қуатын беретін әрі тез қорытылатын тағам қажет болады. Міне, осы тұрғыда құрма жемісі ең құнды саналады. Себебі құнарлылық көзі болып табылатын құрма – ағзаны қантпен қамтамасыз етіп, адамға қуат береді. Егер асқазан бос болса, құрма – тағамның орнын алмастырады, ал қарын бос болмаса, құрма – асқазаннан тағам қалдықтарын шығарады» деген пікір білдіреді.
Ал медицина жағынан келер бол­сақ, ораза ұстаушы адам қандағы қант құрамының азаюына байланысты қатты аштықты сезінеді. Күні бойы ашығып, әрі шөлдеген адам үшін ең бірінші қант көзі мен су қажет. Бұл жерде де бізге ең пайдалысы – құрма. Бір немесе бірнеше құрма жегеннен кейін, құрманың құрамында жылдам сіңетін глюкоза мен судың көп болуынан адамның аштық сезімі тез басылады. Суды да аз мөлшерде ішеді. Себебі жаңа піскен құрманың құрамындағы судың мөлшері 70 процентке дейін жетеді екен. Құрма бал секілді тез, яғни бір сағат ішінде қорытылады. Ал, құрамындағы нәрлі әрі пайдалы заттар ағзаға жылдам сіңіп, денеге жақсы таралады. Соның нәтижесінде адам өзіне қажетті күш-қуат пен дәрумендерді, минералды элементтер мен көмір­суларды тез алады. Құрманың құра­мындағы целлюлоза талшықтары ас­тың қорытылуына жәрдемдесіп, ыдыраған тағам қалдықтарының ағ­задан шығарылуына жағдай жасайды. Сол себепті, ораза ұстаушы адам аз тамаққа қанағат етіп, өз денсаулығына зиян жасамайды. Осы орайда, халқымыздың «Ауру – астан» деп бекерге айтпағанын да қаперге алған жөн. Өйткені аурудың басым көпшілігі көп тамақ жеуден және дұрыс тамақтанбаудан туындайтыны белгілі.
Ал құрма пальмасы – жер бетіндегі ең қасиетті, игілігі мол, пайдасы орасан зор ағаштардың бірі. Құрманы Пайғамбарымыз мұсылманға ұқсатқан екен. Шын мұсылман қарапайым бол­ғанымен айналасына пайдалы болуы тиіс. Құрма да сол секілді: жа­пы­рағы түспейді, жеміс беруін үзбейді. Бүгінде құрманы әлемнің бар­лық елінен, кез келген азық-түлік дүкендерінің сө­ре­лерінен табуға болады. Оның үс­тіне құрманың бағасы қымбат емес, қолжетімді.
Құрманың құрамында 15-ке жуық тұз және минералды заттар: мыс, темір, магний, мырыш, марганец, фосфор, натрий, алюминий, кадмий, кобальт, күкірт, бор тағы басқалары құрайды. Тіпті алмада, бананда, апельсинде жоқ 23 аминқышқыл осы құрманың бойында бар екен. Сонымен қатар, құрма бета-каротинге өте бай. Бета-каротин – адам ағзасының жасушаларына шабуыл жасаушы молекулаларды бақылау арқылы, қатерлі ісік жасушаларының пайда болуына тосқауыл қоятын ерек­шелікке ие зат. Құрманы тұрақты пайдалану – қатерлі ісік ауруларының алдын алады. Осы себепті де құрманы тағам ретінде үнемі қолданушы аймақ тұрғындары мұндай аса қауіпті дерттің барын да білмейді екен.
Сондай-ақ құрманы жүкті және бала емізетін әйелдерге де жиі ұсынады. Мұның себебі оның құрамындағы заттар жатыр бұлшықеттерін нығай­тып, әйелдің жеңіл босануына сеп­тігін тигізеді. Босанған соң, ана сү­тін дәрумендермен байытады. Кей жағ­дайда әйелдерде кездесетін босан­ған­нан кейінгі күйзелістен арылуға көмектеседі.
Негізінен құрманы күніне 25-30 грамм жаңа піскен немесе кептірілген жеміс ретінде тұтынуға болады. Ал шамадан тыс тұтыну адамның артық салмақ қосуына себеп болатынын қ­аперге алған жөн. Бүйрек ауруы бар адамдар мен қанды сұйылтқыштарды қол­данатын, қант диабеті бар адамдар құ­рманы орынды қолдана білгені абзал.
Десе де, құрма – Алла мейірімінің ғажап бір көрінісі, адамзатқа сый етілген мәртебелі жеміс. Құрма – жеміс атаулының мырзасы: әрі тағам, әрі дәрі, әрі шырын, әрі қуат көзі. Сол себепті құрмамен ауыз ашуды сүннет деп білген мұсылмандар қасиетті Ра­мазан айында дастарқанға құрма қоюды игі дәстүрге айналдырған. Тіпті, құрманы ауызашардың сәні десек те, артық айтқандық емес. Бір сөзбен айтқанда, түрлі витаминге бай, тойымды әрі емдік қасиеті мол құрма – ғажап жеміс. Ендеше, осы ғажап жемістен дәм татқан сайын, оның қасиетін қадірлеп, жомарттығы шексіз Жаратушыны еске алып, шүкіршілік білдіргенге не жетсін?!
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
09 сәуір 2022 ж. 782 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 049

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031