» » Жүрек ауруына жүре қарамайық

Жүрек ауруына жүре қарамайық

Жүрек жайлы жыр жазбаған ақын, жырламаған әнші жоқ шығар. Жүрек дәрігері мен ақынның ұқсастығы – екеуі де жүректің жарасын жазғысы келетіндігінде болар. Адамның ең аяулы, ең таза, нәзік те сезімтал жері сол. Жүрек бәрін басқаратын мүше. Адам баласының денесіндегі қан айналымы жүрек арқылы жүзеге асады. Осы жүректі емдеу мен сақтауда медицина саласының кардиология бөлімінің алатын орны ерекше. Адам өмірін ұзартуға үлес қосып келген білікті дәрігердің бірі – Айман Аққасынова. Оны қармақшылықтарға таныстырып жатудың қажеті аз.
Ақтөбе медициналық инсти­тутының емдеу ісі факультетін бітір­ген ол облыстық ауруханада интернатурадан өткен. Алғашқы еңбек жолын Ақтөбе ауылдық емханасының меңгерушісі қызметінен бастаған. Одан соң жедел жәрдем дәрігері, аймақтық терапевт, кардиолог болып қызмет атқарды. Алматы, Нұр-Сұлтан, Харьков қалаларында бірнеше рет білім жетілдіру курстарынан дәріс алып, жаңа әрі заманауи әдістерді науқастарды емдеу барысында кеңінен қолданды. Дәрігердің еңбегі бағаланып бірнеше рет аудан, облыс әкімдерінің, денсаулық сақтау басқармасының марапаттарына ие болды. Құрмет тақтасына суреті ілінді. «Үздік дәрігер» атанып, «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» медалін алды. Жұбайы Тынымбекпен бірге 3 бала өсіріп, олардан өрбіген немерелерінің ортасында отырған аяу­лы ана, бақытты әже.
Тәжірибелі маман аудандық емханада аудан халқына 40 жылдан аса қалтқысыз қызмет көрсетіп зейнетке шықты. Зейнетке шықса да, маманға деген сұраныстың қажеттілігінен 5 жылдай қайта қызметін жалғастыруға тура келген.
– 2020 жылы демалыс алдым. Бірақ пациенттердің көбі үйге іздеп келетін болды. Қабылдамайын десем үйлеріне шақырту жасайды, өтініш айтады. Пандемияның өршіп тұрған шағы. Маған ауруды үйге қабылдау да, біреудің үйіне барып қызмет көрсету де қауіпті болды. Бірақ халықтың тілегін жерге қалдыруға болмайды. Сол себепті аудан орталығы, кент ішінен кардиологиялық кеңес беретін, қарайтын, емдейтін шағын орталық ашуға кірістім. Мемлекет тарапынан қолдауға ие болдым. Аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі қолдан келгенше пайызы аз несие алып беруге жағдай жасады. Осының нәтижесінде жақында кардиологиялық орталығымды аш­ып, халыққа қызмет көрсетудемін. Денсаулықтан қымбат қазына жоқ. Жүрек ауруы жас талғамайды. Қазір түрлі жағдаймен сырқаттанып жатқан жандар көп. Ауру алқымнан қысқанда қала, дала асып ешкім жүргісі келмейді. Қаншама мың халқы бар ауданбыз. Бізге әртүрлі бағытта кеңес беретін осындай орталықтар ауадай қажет. Жасымыз алпыстан асса да халыққа қызмет еткіміз келіп отырады. Әзірге науқастарды ЭКГ аппаратына түсіріп, кардиологиялық, терапиялық кеңестер беремін. Холтер ЭКГ, УДЗ аппараттарын алуға ниеттеніп жатырмын, – дейді кардиолог Айман Жарылқасынқызы.
Иә, біз дәрігердің ашқан орталығына арнайы барып көрдік. Кент ішінде орналасқан. Іші жарық, жылы, жайлы. Санитарлық талаптар толық сақталған. Емделушіге жайлылық бар. Қабылдауға келіп отырған кент тұрғыны Дәмеш Байбосынованы әңгімеге тартқан едік.
– 7-8 жылдан бері жүрек ауруымен есепте тұрамын. Айман дәрігер біздің анамыздай болып кеткен адам. Алдына келсек ауруымыздан айығып кеткендей күйде боламыз. Зейнетке шығып кеткен соң бұл кісіге көріне алмай жүргенбіз. Орталықтың ашылғаны жақсы болды. Бүгін қабылдауға келіп, кеңес алғалы отырмын. Еңбегіне адал, жұмысын жақсы көріп атқаратын жанның бірі, нағыз антына адал болған дәрігер десем қателеспеймін, – дейді ағынан жарылып.
Жүрек – адам бойындағы ең маңызды бөлшек. Ол дене бөлігі қызметін атқарады. Сонымен қатар адам баласының барлық жақсы, жаман көңіл-күйлері жүрекке тікелей әсер етіп, сол арқылы сыртқа шығады. Дана Абай «Тіл жүректің айтқанына көнсе жалған шықпайды» деген. Дәрігерден жүрек ауруына шалдықпас үшін не істеу керек деп кеңес сұрадық.
– Жүректі денсаулықты күту арқылы сақтай аласыз. Темекі шегу, арақ ішу сияқты зиянды әдеттерден бойды аулақ ұстаған жөн. Қазақ «Ауру – астан» деп бекер айтпаған. Майлы, ащы, қуырылған тағамдарды мөлшерімен жеп, есесіне, көкөніс пен жеміс-жидекті көбірек тұтынуды әдетке айналдырған дұрыс. Таңғы жаттығу немесе серуендеу – өмірлік салтыңыз болуы керек. Уақытылы демалу, тынығуды да ұмытпаған абзал. Бүгінгі заманауи адам өзінің қан қысымын ұдайы бақылап, қалыпты қан қысымын білуі тиіс. Себебі, дәл осы қан қысымының көтеріліп, не төмендеуі – түрлі ауруға бастап апаратын төте жол деуге болады. Иә, қазір адамдардың көпшілігі бір орнында тапжылмай отырып жұмыс істеуге мәжбүр. Үнемі көлікпен жүретіндер де бар. Алайда, бұл дене қозғалыстарын мүлдем жасамау керек дегенді білдірмейді. Жүрегіңіз өзіңізге керек болса, жаяу көбірек жүріп, бойға қан жүгіртуді, денешынықтырумен айналысуды, тамақтану мәдениетін сақ­тауды, скринингтік тексерістен өтіп тұруды әдетке айналдырыңыз. Бүгінгі заманның адамы жүйкесін де сақтауы тиіс. Отбасында, жұмыста, көшеде, өз ортасында адам түрлі жағдайға кезігеді, ол жағдайлар адамның жүйкесіне тиіп, ашулануы да мүмкін. Бірақ қандай жағдай болса да, адам эмоциясын бақылай алуды үйренсін. Себебі, жұқарған жүйке жүрекке ғана емес, күллі ағзаға кері әсерін тигізеді. Біз жүрек ауруларының алдын алу мақсатында да жұмыс істейміз. Яғни жүрек ауруына алып баратын аурудың өзге түрлерімен де дертті жандарды тіркеп, жүрек ауруын болдырмау үшін жұмыс істеп жатқан жайымыз бар, – дейді ол жанашырлықпен.

Гүлжанат ДҮЗЕНОВА
02 сәуір 2022 ж. 748 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 050

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031