Қызылордалық қос компания «Алтын сапа» сыйлығының жеңімпаздары атанды
Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Республикасы Президентінің кәсіпкерлерге сапа саласындағы «Алтын сапа» наградасы табысталды.
Қызылорда облысынан екі компания жеңімпаз деп танылды. Олар:
- «Азық-түлік және\немесе ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша «Абай Дәулет» ЖШС.
«Абай-Дәулет» ЖШС – Қызылорда облысының аумағында құрылған көпсалалы аграрлық компания. Серіктестік күріш, бау-бақша, қой шаруашылығымен айналысады.
- «Халыққа арналған тауарлар шығаратын үздік кәсіпорын» номинациясымен бойынша «Алтын Орда» ЖШС.
«Алтын Орда» ЖШС – нарықта «Aссоль» және «Safia» брендтерімен танылған йодталған ас тұзын өндіруші, қарқынды дамып келе жатқан кәсіпорын. Мұнан өзге кәсіпорын қызметінің негізгі бағыттарына көтерме және бөлшек сауда қызметін көрсету, ғимараттарды жалға беру кіреді.
«Жалпы «Алтын сапа» сыйлығына қызылордалық кәсіпкерлер жыл сайын белсенді қатысып және жеңімпаздар қатарынан көрініп келеді. Биыл байқауға қатысуға 4 кәсіпорын өтінім берді: «Абай Дәулет» ЖШС, «Алтын Орда» ЖШС, «МИР-2001» ЖШС және «Сана сезім» ЖШС. Бүгін екі бірдей компаниямыз жеңімпаз атануда. Қуаныштымыз! Құттықтаймыз! Кәсіпкерлер палатасы аталмыш компаниялардың құжаттарын әзірлеуде тұрақты әдістемелік көмек көрсетіп келеді», - дейді шараға онлайн қатысұан Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов.
Қызылорда облысынан өткен жылдардағы жүлде иегерлері:
1. «РЗА» АҚ («Халыққа тауар шығаратын үздік кәсіпорын») – 2014 ж.;
2. «Абзал и К» ТС («Азық-түлік және/немесе ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын үздік кәсіпорын») – 2017 ж.;
3. «Мағжан и К» ЖШС («Азық-түлік және/немесе ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін үздік кәсіпорын») – 2019 ж.;
4. «SKZ-U» ЖШС («Үздік инновациялық жоба») – 2019 ж.
Айта кету керек, биыл «Алтын сапа» сыйлығына 15 жыл. Осы жылдарда конкурсты ұйымдастырушылар 2,5 мыңға жуық өтінім қабылдады, 140-тан аса кәсіпорын саласында үздік деп танылды. 2021 жылы 160 кәсіпорын байқауға қатысуға өтінім беріп, оқыту семинарынан өтті.
Сыйлық «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын», «Халыққа арналған тауарлар шығаратын үздік кәсіпорын», «Қызмет көрсететін үздік кәсіпорын» және «Азық-түлік тауарларын және ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын үздік кәсіпорын» деген 4 аталым бойынша беріледі.
Қызылорда облысы
кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі