Жұмыс қарастыратын қос портал
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» мен «Самұрық-Қазына» Қоры бірлесіп Электронды еңбек биржасы мен Samruk Qyzmet порталдарын ықпалдастырды.
Соның нәтижесінде енді «Самұрық-Қазынаның» компаниялар тобындағы кәсіпорындар бос жұмыс орындары туралы ақпаратты электронды еңбек биржасына да орналастыра алады.
«Жалпы, біз Электронды еңбек биржасындағы бос жұмыс орындарының аясын үнемі кеңейтіп отыруға тырысамыз. Яғни жұмыс іздеген адамға бұл барынша көп мүмкіндік береді. Енді электронды еңбек биржасы мен Қордың порталы ықпалдасқаннан соң, жұмыс іздеген адамға қосымша «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобына кіретін 170-тен астам ұйымның бос орындары қолжетімді болады», деді «ЕРДО» АҚ президенті Дәулет Арғындықов.
Қазіргі таңда Қорға кіретін 59 компания 900-ге жуық бос жұмыс орны туралы ақпаратты электронды еңбек биржасына орналастырып үлгерген. Осы 900 бос жұмыс орнының 650-ден астамы тұрақты жұмыс болып саналады.
Ал «Самұрық-Қазына» Корпоративтік университетінің директоры Бексұлтан Бекмұратовтың айтуынша, екі порталды біріктіру еңбек нарығындағы үлкен қадамдардың бірі болды.
«Екі порталды біріктіру арқылы қазақстандықтарға жұмысты тез әрі тиімді іздеуге мүмкіндік ашылады. Ал «Самұрық-Қазына» АҚ тобының компаниялары үшін ізденушілердің саны көбейіп, соның нәтижесінде білікті мамандарды неғұрлым сапалы іріктеуге болады. Өз кезегінде Электронды еңбек биржасының порталы жаңа және өзекті бос орындармен толығып отырады», дейді Б.Бекмұратов.
Жұмыс іздеген адамдар қосымша ақпаратты enbek.kz және qsamruk.kz сайттарынан таба алады.