» » Қазақстан: Ғарышқа апарар жол

Қазақстан: Ғарышқа апарар жол


Қазір YouTube каналында уақыт өткізетін болдық қой. Бірде ұсынылған бейнежазбалар арасынан тікелей эфирге тап болдым. Онда кәнігі біз тұратын Жер планетасы көрініп тұр. Тұнық, тыныштық. Тек жан-жағынан спутниктер айнала ұшып жүр. Апыр-ау аспаннан қалай эфирге шығып отыр деп таң қалдым. Сөйтсем NASA күз айында спутник ұшырған екен. Содан бері 4 айдай уақыт өтіпті. Ендігі 2 айдан соң ондағы ғарышкерлер жерге түседі. Жердегі 6 ай ғарышта 6 күндей екен-мыс. Қош. Біздегі ғарыш қарыштап тұр ма? Сараптап көрейік.

ИННОВАЦИЯ НАРЫҒЫ

NASA-ның Perseverance аппараты жақында Марсқа қонды. Әрі оның соншалықты қызыл емес екенін де суретке түсіріп жіберді. Ал Tesla компаниясының акциялары бір жыл ішінде 700 процентке өсіп, Space X-тың құны 100 млрд долларға жуықтаған. Айтып айтпай не керек, американдық жетекші агенттіктер мен компаниялар осындай жоғары көрсеткішке ие. Ал бізде ше? Біздегі сектор мүлдем ақсап тұр деуге негіз жоқ. Өйткені ғылымға бөлінетін қаражат артты, технопарктер, инновациялық қорлар құрылды. Дегенмен ЖІӨ-де инновациялық өнімнің үлесі небәрі 1,4 процент.
Тарихтан-ақ белгілі, ғылымды экономиканың тірегі еткен мемлекеттер алға шығады. Сол үшін өнеркәсіп революциясына бірінші боп іліккендер қазір дамыған елдің қатарында көш бастап тұр. Айталық, орта ғасырда паровоз Англияны қуатты елге айналдырды. Теміржол, бу машиналары да солай. Инновация экономиканы алға жетелеуші жаңа локомотив. Неге? Себебі сол инновацияның берері көп. Мәселен, экономиканың жаңа салалары пайда болса, оның дамуына да ықпал етеді. Адам қажеттілігін қанағаттандыратын жаңа өнімдер іске асады. Жұмыс орындары ашылып, қоғамның өмір сапасы артады. Әрі табиғи ресурстарды үнемдейтін, шығындарды азайтатын жаңа технология іске асады. Одан соң адам капиталы дамиды. Бұл инновацияның оң ықпалы. Ал жанама тұсы бұдан да көп. Сол үшін мұның нарықтағы бәсекесі күн санап артып келеді. Әлемдік инновация нарығында қай мемлекеттер көш бастап тұр?

GLOBAL INNOVATION
INDEX НЕ ДЕЙДІ?

Бұл сұраққа жауап табу үшін «Айқын» ақпараттың тілшілері 2007 жылдан бері жарияланатын ғаламдық Global Innovation Index рейтингіне көз жүгіртіпті. 2007 жылы АҚШ әлемде инновацияда жетекші ел болса, Қазақстан 61-ші болған екен. Дәл осы рейтингтің 2020 жылғы нәтижесі де шыққан. Жағдай өзгерген. 2011-2020 жылдар аралығында Швейцария жаһандағы ең инновациялы мемлекет деп танылып келеді. Ал Қазақстан 77-орынға сырғыған. Мәселе неде? Енді статистикаға жүгінейік. Былтыр отандық ғылым кеңістігінде 22 мың адам қызмет етіпті. Бұл аз. 1990 жылдары елде ғылым саласының өкілдері 40 мыңға жуық болған. Ал түрлі ғылыми-техникалық институт саны 280-ге жетіп жығылған.
Ғылым – шығыны көп сала. Инновация­сы дамыған мемлекеттерде ғылымға инвес­тицияны үкіметпен қоса жеке компаниялар қатар құяды. Осыдан-ақ ол елдердегі өнеркәсіптің жиі ашылуын бағамдай беріңіз. Себебі кәсіп нақты нәтиже берер жобаны ғана қаржыландырады. Егер ғылыми жаңалық ашылса, оны тез арада өндіріске енгізуге тырысады. Бір ғана мысал, сенсорлы iphone смартфондары 2007 жылы нарыққа еніп, содан бері танымал әрі өндіруші компания Apple-ға пайда әкелген болатын.

ҒАРЫШ ҺӘМ ҚАРЫШ

Байқоңыр ғарыш айлағының қарыш­тауының нәтижесінде Қазақстан ғарыш өндірісінде біршама жетістікке жетті. Бүгінде еліміз ғарыш технологиясымен жабдықталған 15 елдің қатарына енген. Қазіргі уақытта қазақстандық ғарыш саласы жер қыртысының геодинамикалық және геофизикалық сипатын зерттеуге, төтенше жағдай мен табиғи ресурстарды, қоршаған ортаның экологиялық жағдайын бақылауға арналған әдістерді жасауға көңіл бөлуде. Оның ішінде, ғарыштағы байланыс пен навигация құралдарын құрастыру, ғарыш аппараттарын жасақтау сынды аса маңызды технологиялық бағыттар да бар.
Ғарыш кеңістігінен Жерді бақылау мен қадағалау бойынша инновациялық міндеттерді жүзеге асырумен "Қазғарыш" компаниясы, "Қазақстан Ғарыш Сапары" ұлттық компаниясы, Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы, Республикалық ғарыш байланысы орта­лығы және "Ғалам" кәсіпорны сынды ұйымдар айналысады. Олар ғарыш жүйесін, жердегі инфрақұрылымдарды пайдалану мен құруды, жобалауды, алыс-жақын ғарыш кеңістігін зерттеуді қоса жүзеге асырады. Қазақстанда Жерді қашықтан бақылау жүйесі 2015 жылы іске қосылған. Оған "KazEOSat-1" және "KazEOSat-2" жерсеріктері қолданылады. Оның біреуі алыс ғарышты, бірі ғарыштың жақын кеңістігін бақылауға алады. Жерсерік ғарышта түсірілген суреттерді өңдеп, орталыққа жіберіп отырады.
Қазақстанның Жерді ғарыштан ба­қылау жүйесі ел аумағындағы өзгерістер мен оқиғаларды қадағалап, тәуелсіз мем­лекеттік қорғаныс, ұлттық қауіпсіздік пен экономика саласындағы мін­деттер мен мәселелерді шешуге көмектеседі.
Еліміздің алғашқы спутнигі "KazEOSat-1" ғарышқа 2014 жылы 30 сәуірде Куру ғарыш айлағынан (Франция еліне қарасты территория), "KazEOSat-2" спутнигі сол күні Орынбор облысындағы "Ясный" базасынан (Ресей) ұшырылды. Осы қос жерсерік пен оны басқаратын, ғарыштан жіберілген мәліметтерді қабылдап өңдейтін Жер бетіндегі кешен – осының бәрі Қазақстанның Жерді қашықтан бақылау ғарыштық жүйесі.

БАЙҚОҢЫРДАҒЫ
ОТАНДЫҚ ҒЫЛЫМ

Бүгінде қазақтың үш ғарышкері – Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев пен Айдын Айымбетовтің кеуделерінде Тәуелсіз Қазақстанның ең жоғарғы наградасы – «Халық Қаһарманының» жұлдыздары жарқырап тұр. Олар қазақ ғылымының дамуына да сүбелі үлес қосты. Бұл бір ғана мысал. Мәселен үшінші ғарышкер Айдын Айымбетовтің өзі ғарыш кеңістігінде қазақ ғалымдарының тапсырысы бойынша физика-техникалық, медико-биологиялық бағыттағы 20-ға жуық ғылыми тәжірибе жүргізді. Олардың барлығы отандық ғылымды дамыту үшін аса қажет жобалар болатын. Тәжірибе барысында кейбір заттардың тартылыс күшінен тыс ғарыш кеңістігінде қандай күйге түсетінін, Арал теңізінің түбі мен Каспий аймағындағы мұнай кен орындарының орналасуын, ауа райын бақылауға септігі тиетін мұздықты тауларды, шикізат тасымалында пайдаланылып отырған құбырлардың желісіне дейін ғарыштан байқап көрген.
Қазір бұл жобалар бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаев та мұндай ауқымды тәжірибелерді жүзеге асырған болатын.
1993 жылдың ақпан айында Елбасы Жарлығымен отандық ғарыш саласын дамытуға өкілетті мемлекеттік орган құрылды. Бүгінде ол «Қазғарыш» атты іргелі ұйымға айналды. Бұл тарихи сәт жоқтан бар жасап, ғылымға негізделген жаңа саланы дамытудың бастауы болатын. Алдымен 1994 жылы Қазақстан мен Ресей Байқоңыр ғарыш айлағын сақтап қалу мен қалпына келтіру мақсатында «Байқоңыр ғарыш айлағын пайдаланудың негізгі принциптері мен талаптары» көрсетілген мемлекетаралық келісімге қол қойды. Елдегі ғарыштық құрылымдардың инфрақұрылымы жүйе­ленді. Ғарыш саласын дамытуға бағытталған стратегиялық бағыттар бойынша арнаулы кәсіпорындар құрылды. Ғарыш саласынан хабары бар, жетік білетін ғылыми және инженерлік мамандар құрамы бекітілді.
Ресей, Украина, Франция, Германия, Қытай, Үндістан, Ұлыбритания, Израиль, Нидерланд, Швеция, Жапония, Оңтүстік Корея, Тайланд, Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы және Иран тәрізді мемлекеттермен ғарыш кеңістігін бейбіт мақсатта зерттеу мен пайдалануға байланысты келісімдерге қол жеткізді.

ҮНЕМДЕУ БІЗГЕ ҚАЖЕТ ПЕ?

Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан хал­қына «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында «Бүгінде әлем Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне, технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы терең және қарқынды өзгерістер кезеңіне қадам басып келеді» деген еді. Отандық «KazSat» ғарыштық байланыс жүйесі екі жер серігімен бірге табысты жұмыс істеп тұр. Олардың негізгі және жер үстіндегі қосалқы басқару кешендері бар. Бұл жүйе еліміздің аумағында спутниктік байланыс пен телерадио хабарлар таратуды қамтамасыз етіп, мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялардың және жеке ұйымдардың сұраныстары бойынша деректерді беріп, шалғайдағы ауылдардың ұялы байланыс қызметін пайдалануына септігін тигізіп келеді. Сондай-ақ «KazSat-3» қызметінің қызығын «Отау ТВ» жүйесінің миллионнан аса пайдаланушысы көріп отыр. Бұған қоса тек 2017 жылы «KazSat» байланыс жүйесі қазынаға 5 млрд теңгеден аса кіріс түсіріп, шетелдік спутниктердің қызметін пайдалануды азайту арқылы 12 млрд теңге үнемдеп қалған.

«БӘЙТЕРЕК» – БИІКТЕ
Ғарышты игерудегі Қазақстан басымдықтарының бірі – «Бәйтерек» жобасының стратегиясы. Аталған жоба Байқоңыр ғарыш айлағын сақтап қалу мен дамытуға мүмкіндік береді және коммерциялық ұшудың әлемдік нарығына жол ашады. «Бәйтерек» экологиялық қауіпсіздігімен де ерекше. Ол Қазақстан мен Ресейдің «Зенит М» ғарыштық зымырандық кешені инфрақұрылымы аясында жүзеге асырылып, гептил отынын пайдаланатын атышулы «Протонның» орнын басқалы тұр. Демек зымырандардың уақыт өте қоршаған ортаға тигізер кері әсері азаятын күн алыс емес.
«Бәйтерек» ғарыштық зымыран ке­ше­нінен алғашқы ұшу 2022 жылға жос­парланған. Сондай-ақ отандық зымыранды жер серіктерімен қатар, басқарушысы бар жаңа буын кемелерін ұшыруға пайдалануға болады. Бүгінгі күні «Бәйтерек» жобасын жүзеге асыруға байланысты 2017-2022 жылдарға арналған Жол картасы жасалған. Әрі техникалық-экономикалық негіздемесі жасақталуда.
«Бәйтерек» анағұрлым модерниза­цияланған елдердің, дамыған отыздықтың қатарына қосылуымыз үшін серпіліс беретін бірегей жоба екені анық. Бүгінде еліміздің ғарыш саласын игерген қызметкерлердің 22 проценті ғылымға жұмылдырылған, 39 проценті әртүрлі санаттағы инженерлер. Негізгі кәсіби мамандардың 60 проценті қазақстандық жоғары оқу орындарының түлектері. Сайып келгенде, ғарыш арқылы қол жеткен жетістіктер біздің өмірімізге игілік ретінде дендеп енгенін өзіміз аңғармай қалуымыз мүмкін. Күнделікті қолданыстағы ұялы телефон мен теледидардан бастап, ғарышпен тікелей байланыс және ғылым мен техникалық даму бір орында тұрған жоқ.

Түйін
Бірде бір көкем «Мен көлік мінемін дегенше, жұрт ұшақ мінетін шығар» деп еді. Ал біз қыңқу сөзге еріп, екі қолға бір күрек таба алмай отырғанда жұрт Қызыл планетадан бір-ақ шықты. Тіпті қоныстанбақ, қонақ үй де салмақ. Солай өзгелер айды аспаннан бір-ақ шығарды деп тағы жүргенде, олар расымен айдан орын алмақ. Айтып, айтпай не керек, бастысы – жаңа технологияларды жүзеге асырып, оны игеру, жетілдіру қажет. Сонда ғана біз де аспан астындағы кірпішімізді қалармыз, бәлки?!
Дайындаған Айнұр ӘЛИ
12 мамыр 2021 ж. 878 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 052

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031