Құдалық оқиғасы
1993 ЖЫЛ. ҚАЗАННЫҢ 23-І КҮНІ ҚАР ЖАУЫП, СОЛ ҚАР ЕРІМЕСТЕН ЖАПАЛАҚТАП, АҚЫРЫ ҚАЛЫҢ ҚАРҒА ҰЛАСТЫ. ЕГЕМЕН ЕЛІМІЗДІҢ ТӨЛ АҚШАСЫ ДА ОСЫ ЖЫЛДЫҢ ҚАРАШАСЫНДА ШЫҒЫП, ҚОЛҒА ТИЕ БАСТАҒАН. ТАҢЕРТЕҢГІ РАЦИЯДАН ТҰРМАҒАМБЕТ АУЫЛЫНАН ҚҰДАЛЫҚҚА ШЫҚҚАН 42 АДАМНЫҢ, АВТОБУСПЕН КЕКІРЕЛІГЕ ӘЛІ ЖЕТПЕГЕНІН ЕСТІДІК. АВТОБУС ТҰРМАҒАМБЕТ АУЫЛЫНАН ШЫҒЫП, БІЗДІҢ КӨМЕКБАЕВ АУЫЛЫНА СОҒЫП, МИРАМБЕК КІШКЕНТАЕВ ДЕГЕН АЗАМАТТЫ ЖОЛБАСШЫ ҚЫЛЫП АЛЫП КЕТКЕН. ҚҰДАЛЫҚ КЕКІРЕЛІ БӨЛІМШЕСІНДЕГІ ОСЫ МИРАМБЕКТІҢ ҮЛКЕН ӘКЕСІ БАҚЫТ АҚСАҚАЛДЫҢ ҮЙІНДЕ.
Күз айы болғанымен күн суық, қыс айына бергісіз. Қар борап жауып жатыр. Жолаушылардың кеткендеріне 24 сағат болды, хабар жоқ. Қауіп күшейе бастады. Кекіреліден бері қарай бір Газ-66 трактор, Көмекбаевтан бір К-700, бір МТЗ-80, Газ-66 жүргізушісі Алтынбаймен оның жанына Қожабай Тұрғанов мінген. Күн батуға жақындады. Екі жақтан шыққан көліктер межелі жерге жетті, әлі хабар жоқ, қауіп күшейе түседі.
Құдалыққа шыққандар көңілді, өткен-кеткенді айтып даурығысып келеді. Ересек Нұралбек пен Айғали жол бастаушы Мирамбекке айғайлап «Әй, құда бала, жолыңа қарап қой, адасып кетіп, жүрмейік» деп қояды. Жаңақаладан шыққанда жайма шуақ болып тұрған күн, көп ұзамай «Тектұрмас» бұлағынан өткеннен-ақ бұзыла бастады. Қар суырып, айнала бұрқасын болып шыға келді. Бұрын-соңды Кекіреліге қарай жолға шығып көрмеген жүргізуші Алмабек қайта-қайта Мирамбектен «Жол дұрыс па?» деп сұрап келеді. Мирамбектің көңілі көтеріңкі өткен жазда үйленген інісінің қайын жұртын, тәтті шәй ішуге өзі бастап келе жатыр. Кекірелі деген не тәйірі, талай рет өзінің қатынаған, мотоциклмен де талай барған жолы. Күн бірде ашылып, бірде айнала дым көрінбей бұрқасын болып кетеді. Автобуста отырғандардың көбісі әйелдер, әжелер, орта жастан асқан аналар тіпті жас келіншек емізулі баласын құндақтап алған. «Алла, өзің жар бола гөр»,«Алла, амандығыңды бере гөр» деп күбір-күбір етіп Жаратқанға жалбарынып қояды. «Тағайдан» өткен соң бытқыл құмдар, тарау-тарау жолдар. Әккі жүргізушілер болмаса, адасып кету де оңай.
Осы жолдармен қанша жүрсем де мен жолдарды есіме сақтай алмай-ақ қойғам.
Қызылқұм сусыз дала мұнар тартқан,
Бел-белес шеге құмы сусып жатқан.
Кең алқап,кейде бытқыл қуыс-қуыс.
Сан тарау жолдары бар асу асқан, – деп осы жолдарды көріп жазғаным бар еді.
Иә,Тағайдан өтіп біраз жүрді. Кекіреліге шамаласып қалдық-ау десек те, әлі жеткізер емес. Жолсерік Мирамбек те сасайын деді. Әшейінде әрі кетсе үш-төрт сағатта жететін жол, жеткізбей келе жатыр.
Ымырт үйіріле бастады, әлі жүріп келеді. Бірдеңеден сезіктенгендей, жолаушылардың да дабыр-дұбыр әңгімесі тыныштала бастады. Бір-біріне үрейлі көзбен қарап, мәшине сәл секірсе де, жыңғыл бұталары тиіп сықыр естілсе де, «Биссмиллях, Астағфируллах, Алла сақтай көр» деген дыбыстар ғана естіледі. Бәрі де мойындарын ілгеріге созып қарап қояды.
Нұралбек пен Айғали қатар отырған. Біріне-бірі қарап «Осы біз адастық-ау деймін» дейді, үрейленіп. Айнала тас қараңғы, енді Мирамбек те адасқанын білді. Енді былай жүр, былай жүрді қойып, үнсіз келеді. Жол көрсетушіден үмітін үзген Алмабек ыңғайы келген жолмен жүріп келеді. Машинаны тоқтатса, жылу да қоса кетеді. Машинада жағармай да аз, бір бакке ғана толтырып алған. Егер адаспаса, бір барып қайтуға толық жетеді. Болмаса Кекіреліден май құярмыз деген ой болған.
Жаңақала мен Кекірелі аралығы 150 шақырым, машина спидометріне қараса, екі жүз шақырым жол жүрілген. Алмабек жүре берудің еш пайдасы жоқ екенін түсінді де, не болса да ықтасыны мол, қалың сексеуіл өскен жерді ыңғайлап тоқтады да, бәріне естірте «Енді жүре беруден пайда жоқ, неде болса, осы жерге тоқтаймыз» деген. Нұралбек пен Айғали жігіттерді түсіріп, сексеуіл тасып, от жағуға кірісті. Сондағы ойлары іздеушілер болса, оттың жарығына келер деген ой еді. Оттың қызуы жолаушылардың сәл де болса, көңілдерін көтеріп, бір-біріне әзіл айтып та қояды. Әйелдер жағы шашуға базарлыққа деп алып шыққандарын ортаға салып, жүрек жалғаған болды. Қалың сексеуіл ішін айналдыра киіз үйге ұқсатып, ықтасын жасады да, бір-екі киіз алашаларын айналдыра ұстады. Бұл кезде бағанағы алай-дүлей борасын басылып, ауа-райы да жылынған сияқты. Жолаушылардың алды қисайып жатып ұйқыға кетті.
Келесі күні бәрі де ерте оянды, иә оянды деген аты ғана болмаса, түнімен көз ілмей шыққандары да бар. Айнала аппақ қар, күн тұп-тұнық. Көз жетер жерде ештеңе көрінбейді, қай жағынан келгені де беймәлім, келген доңғалақ іздерін жайлап суырған жел бітеп тастаған. Кешегідей емес Мирамбек те үнсіз, «бәріне мен кінәлімін» дегендей жолаушылардың бетіне тіке қарай алмай, жақын төбелердің басына шығып, көз жетер жерді барлап, жан-жағына көз тігеді. Аппақ қар басқан сексеуіл бұталары. Күн сәскеге таянғанда бәрі де сол жатқан жерлеріне жинала бастады. «Ал енді не істейміз» деп айқайласа келіп, ешкім ешқайда қозғалмайық, босқа жазым болармыз. Ауылдағылар да, Кекірелідегілер де жағдайды біледі. Іздеп жатқаны анық, тек от жағып, түтіндетейік, алыстан көріп қалар деген үміттерін айтты. Одан басқа шара да жоқ. Бір жақсы болғаны машинаға Бақыт құдасына беріп жіберген екі қап картоп болатын. Әрі ермек, әрі тамақ етіп, сексеуіл шоғының табына көміп жеп азық қылып отырып, күздің қысқа күні де өте шықты. Іздеушілер жоқ. Осылай тағы бір түн өтті. Үшінші күн дегенде ертесіне от жағып, азықтанып алған соң, «тәуекел» деп Нұралбек пен Мирамбек жан-жағын бағдарлап жолға шыққан. Бірақ олар теріс бағытқа кетіп бара жатқанын білмеді.
Аудан әкімі Ж.Бодықбаев та бір адамын телефонға қойып, әлсін-әлсін хабарласып, бізбен байланысып отыр. Хабар облысқа да тарады. Осылай екінші түнді өткіздік. Ертесіне, яғни үшінші күні облыстың ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары полковник Бухаров мінген тікұшақ келіп, біз Рүстем Ахметов, ауыл дәрігері Бекмағанбет Баданов үшеуміз мініп, Кекіреліге ұштық. Жолай бәріміздің көзіміз терезеде, даланы сүзіп келеміз. Осылай түсте Кекіреліге де жеттік. Құдалар әлі жоқ.
Жолды жақсы біледі-ау деген оймен Жақсылық Нұрғалиевты мінгізіп, Жаңақала бағытына қайта ұштық. Ұшқыштар планшетке қарап ұшып келе жатқан болуы керек. Екі сағаттай айналдық-ау. Ұшқыштар бұдан әрі май таусылады деп қайтуға бет алған. Жақсылық шамалы қарайық дегенімен ұшқыштар көнетін емес. Содан палковник Бухаров араласып, нұсқаған тұсы шығыс бағытқа ұшуға өтінген. Содан 10-15 минуттан соң «Әне, анау адамдар ғой» деп Жақсылық қуана айқайлады. Содан жайлап қонып, екеуін мінгіздік. Бұларды ұшқыштардың жанына отырғызып, айтқан бағытымен жоғалғандарға да жеттік-ау.
Тікұшақ қонған бойда у-шу етіп, қуана қолдарын көтере шулаған жолаушылар бізді құшақтап, тіпті жылап көрісіп жатты.
«Е, Алла, Алла», «Құдайым-ау, бар екенсің ғой» деп жатыр. Көп әңгімеге уақыт жоқ. Жолаушылардың екі-үшеуін автобустың жанына қалдырып, қалғанын мінгізіп алып, Кекіреліге құдалыққа жеткіздік.
Біздің де қуанышымызда шек жоқ. Енді Жаңақаладан қаламыз ғой десек, ұшқыштар тағы да қарсы болды. Себебі енді қонып, ұшсақ, вертолеттің майы жетпейді деп тура Жосалы аэропортына алып келді.
Иә, сонау 1993 жылы қазақша айтсақ, жұт болғаны жасырын емес. Қанша мал шығынға ұшырады. Қараша айының 9-11 күндері болған оқиға. Кезінде Сыр бойы газетіне шағын ғана басылып шыққан. Өкініштісі, болған оқиғаның басы-қасында болғандар аталмай қалған. Әсіресе, Жақсылық Нұрғалиевтың еңбегі, ұшқыштарды айтқанына көндіріп, жол сілтеумен жоғалған жолаушылардың табылуы естен кетпес оқиға еді.
Сонымен Жосалы аэропортына келсек, аудан әкімі Бодықбаев бастаған азаматтар ішкі істер бөлімімен аэропорттың бастығы бізді бір үлкен майданнан қайтқандай қарсы алды. Болған жайды баяндап жатырмыз. Бірақ күн батуға жақындаған соң ұшқыштар асыға бастады. Сонымен тікұшақ қайта ұшып, бізді Жаңақалаға жеткізіп тастады. Егер осы әңгімемді оқыса, сондағы құндақтаулы бала 27-28 дерге келіп қалған болар деп ойлаймын. Қазір Рүстем аға мен Бекмағанбет аға да марқұм болған. (Ал кейіпкерлердің атымен болған оқиға жайлы қателіктер кетсе, кешірім сұраймын.)
Ордабек ТОТАЙҰЛЫ,
еңбек ардагері
еңбек ардагері