Кәсіпкерлер палатасы Қызылордада туризмді дамытуға қатысты ұсыныс берді
Бұл туралы Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов айтты.
Палата басшысы Үкіметтің 2019 жылы бекіткен елімізде туризмді дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламада 2025 жылға дейін жалпы ішкі өнімдегі туризмнің үлесін 8 пайыздан кем қылмауды қамтамасыз ету жөнінде тапсырма бар екенін айта келе, өңірдегі жағдайға тоқталды.
«Біздің өңіріміз географиялық жағдайы, сондай-ақ климаты да қолайлы, мәдени-тарихи мұра нысандарына бай, туризмді дамыту үшін үлкен әлеуетке ие аймақ. Республикалық туристік картаға облыстың 3 туристік нысаны енгізілген. Олар: Қамыстыбас демалыс аймағы, Жаңақорған шипажайы және Байқоңыр туристік аймағы. Өткен жылдан басталған пандемия бұл саланы да айналып өтпеді. Бұл жағдайда туристік фирмалар ғана емес, қонақ үй, мейрамхана, жол бойы кешендері мен өзге де салаға қызмет көрсететін кәсіпкерлік субъектілері айтарлықтай зардап шекті, әлі де зардап шегуде», - дейді Палата директоры.
Кәсіпкерлер палатасының сала кәсіпкерлері арасында жүргізген сауалнамасының нәтижесі бірқатар мәселелерді анықтауға мүмкіндік берді. Туризм саласындағы бизнес өкілдері несиелерді төлеуге қаражаттың жетіспеушілігін, қызметкерлеріне жалақы төлеу проблемаларын, штаттардың қысқаруын, сондай-ақ коммуналдық төлемдерді төлеуді негізгі мәселе ретінде көрсетіп отыр.
«Дегенмен пандемия салдарының да біз үшін тиімді тұстары бар. Қазір көпшілік шет мемлекеттерде шектеу шараларын қатаңдатуда. Осы жайтты пайдаланып, ішкі туризмді көтеруге жақсы мүмкіндік туып отыр. Ол үшін әрине бірінші кезекте еліміздің азаматтарының қызығушылығын тудыра білуіміз керек. Жасыратыны жоқ, демалыс, мереке күндері тіпті қызылордалықтардың өздері көрші облыстарда дем алғанды ұнатады. Бұл жерде оларды кінәлаудың қажеті жоқ. Тек негізгі проблеманы анықтау керек. Ал проблема салаға қатысты инфрақұрылымды жетілдіруді, насихаттық жұмыстарды арттыруды қажет етеді. Өкініштісі, 2020-2021 жылдарға туризм саласын дамытуға облыста қаржы қарастырылмаған», - деді Ғалымбек Жақсылықов.
Кәсіпкерлер палатасының директоры өзге өңірлердегі жағдайды саралай отырып, көрші Шымкент қаласында өткен жылы туризмді дамытуға 125,7 млн.теңге, Алматы қаласында 51,3 млн.теңге, Алматы облысында 29,4 млн.теңге бөлінгендігін жеткізді. Аталмыш қаржылар аясындағы сатып алулар туризм басқармалары арқылы жүзеге асырылған. Қаражат ақпараттық-имидждік қолдау, бейнероликтер мен жарнамалық роликтер, кәдесыйлар, атрибуттар, полиграфия өнімдерін шығару, жарнама құрылымдарын жасау, ақпараттық киоск сатып алу, экскурсиялық қызметтерді ұйымдастыру және басқа мақсаттарға қолданылған.
Мұнан өзге, жыл басынан бері Шымкент қаласында туризмді насихаттауға арналған қызметтерге мемлекеттік тапсырыс жарияланып, көрші өңір бұл бағытта белсенді жұмысын бастап кеткен екен.
Палата басшысы Ғалымбек Жақсылықов бұл мәселені аймақ басшылығына жазбаша да, кездесу барысында да жеткізгенін айта келе, саланы дамытуға қатысты берген ұсыныстарымен бөлісті.
Біріншіден, 2021 жылға арналған «Жұмыспен қамтудың жол картасы» жобаларының тізіміне туристік нысандарды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жобаларын қосуды ұсынды. Өткен жылы аталмыш Жол картасы аясында облыс бойынша 40 млрд.теңгені құрайтын 291 жоба жүзеге асырылған. Алайда ішінде туризм саласындағы инфрақұрылымға арналған бірде бір жоба жоқ екен.
Екіншіден, туризмді дамыту жөніндегі іс-шараларды қаржыландыруға жергілікті бюджеттен қаражат бөлу.
Үшіншіден, үкіметтік емес ұйымдарды тарта отырып, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс тетігі арқылы туристік саланың әлеуетін ілгерілетуге қатысты әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыру.
Төртіншіден, «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы арқылы туризм саласындағы жобаларды несиелендіруге арнайы қаражат бөлу. Бұл сұрақтар жақын маңдағы саяжайларда, көлдердің жағасында демалыс аймақтарын ашуға тырысатын кәсіпкерлерге қатысты туындауда. Ол кәсіпкерлер үшін басты проблемалардың бірі - объектілердің орналасу мәртебесіне байланысты банктік несиелік ресурстарға қол жетімділіктің қиындығы.
Қызылорда облысы
кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі
кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі