Мейірім мен шуаққа толы апталық
Бала – ата-анаға сый. Ал «ерекше бала» күллі адамзатқа берілген аманат. Осы ұстанымды өміріне серік еткен «Дәметкен ана» орталығы өткен аптада балаларға ерекше апталық ұйымдастырды.
Тумысынан дара жаратылған орталық тәрбиеленушілері апталықтың алғашқы күні «Қорқыт ата» мемориалдық кешеніне экскурсия жасады. Оған ата-анасымен бірге 18 бала қамтылды. Аудандық мәдениет үйі көлікпен қамтамасыз етті. Түркі елінің тарихи мұрасын тамашалаған өрендердің ерекше әсер алғаны жүздерінен айқын байқалады. Бала бойындағы оң өзгеріс пен көңілді күйге ата-ана да дән риза. Жағымды естелікпен басталған апталық одан әрі «Көркемөнер» бағыты бойынша жалғасты. Күз кереметін жапырақ пен түрлі дақыл арқылы бейнелегендер арасында Мирас Әшірбек жеңімпаз атанса, көркемсөз оқушылар арасынан Аида Шалхамбаева үздік деп танылды. Түрлі бағытты қамтыған сайыс келесі күні анасы мен қызының біріге қолөнер жасауымен өрбіді. Мұнда тәрбиеленушілер кесте тігіп, ермексаз арқылы бұйымдар жасады. Бұл додада Альбина Бегайдарова мен оның анасының қолынан шыққан туынды көптің көңілінен шығып, І орынды иеленді. Апталықтың әр күнінде де балалар толық қатысып, белсенділік танытты. Түрлі салада бақ сынаған олардың қызығушылығы артып, өздерін жаңа қырынан сынап та көрді. Олар үшін мұндай сайыстардың орны бөлек екені сөзсіз.
Ал ерекше аптаның қорытынды кеші тосын сыйға толы болды. Оған аудан әкімінің орынбасары Жарқын Омаров, ішкі саясат бөлімінің басшысы Самат Смағұлов, білім бөлімінің басшысы Дастан Нәзікбаев, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Ермек Наренов, аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және және хал-актілерді тіркеу бөлімінің басшысы Ғалымжан Ақжігітов, аудандық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Парида Сарыбаева, аудандық емхананың бас акушері Әсем Мерекова қатысты. Орталықтың оңтайлы істеріне оң бағасын беріп, дара болмысты балаларға демеу болған барша жанға ризашылықтарын жеткізді. Сондай-ақ бұл жиынға балақайларға деген ерекше тілегімен «Қазгермұнай» АҚ ақпараттық бөлім басшысы Болат Әбілов пен «Дети Арала» қорының президенті Құралай Исаева арнайы келіп, балалардың қуанышына кенелді. Олар орталық тәрбиеленушілеріне 8 планшет тарту етіп, жаңа дүниені меңгеруге зор мүмкіндік сыйлады. Бұл планшеттер, бәлкім, ерекше баланың жаңа қабілетінің ашылуына сеп болар.
Сонымен қатар, қонақтар тұсау кесер дәстүріне де куә болды. Жақсылық Нұрасылдың алғашқы қадамына құтты қонақ Болат Әбілов ақ жол тілеп, өзі де, ата-анасы да мәз-мейрам болысты. Апталықтың қорытындысы бойынша 3 жеңімпазға және алғаш қадам жасап отырған Нұрасылға «Сорос Қазақстан» қорынан үйде дайындалуға арналған маркерлі тақта сыйға берілді. Пәк періштелердің шат күлкісіне сеп болған қатысушыларға орталық иесі Зарқұм Бекжанов батасын берсе, Дина Исмайлова алғыс хат табыстады.
– Мұндай апталық көптен алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Үйден шықпаған балалар үшін жақсы бір серпіліс болды. Жаңа дүниемен танысып, таза ауамен де тыныстады. Қандай шара өткізсек те, санитарлық талаптар қатаң сақталды. Себебі, біз үшін баланың саулығы – басты назарда. Мұндағы жиналған жанның бәрінің мақсаты мен тілегі бір. Ол бала жүрегіне қуаныш сыйлап, өмір сүруге деген ынтасын арттыру. Осы үшін де апталықтың жоғары дәрежеде өтуіне атсалысқан үлкен жүректі жандарға шексіз алғысымды білдіремін, – дейді «Дәметкен ана» қорының президенті Алия Қарабалаева.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА