Байқоңырдағы дезинфекциялық жұмыстар
Халықты індеттен қорғаудың жолы – тазалықты сақтау. «Тұрғын үй шаруашылығы» және МУК «ӨБ«ҚалалықСуқұбыры» мекемелері қатаң тәртіппен «Тұтынушылардың құқығын қорғау және адамның әлауқатын бақылаудың федералды қызметі» талабына сәйкес коронавирустық инфекция тудыратын аурумен күресу үшін дезинфекциялық шараларды жүргізуді жалғастыруда. Профилактикалық дезинфекция қоздырғыш аурулардың таралуы мен пайда болуының алдын алу үшін жасалады.
Дезинфекциялық тазалық жұмыстары қала ішіндегі барлық аялдама, қоғамдық орындар, көпқабатты үйлердің кіреберіс дәліздері мен есіктері, орындықтары, дүкендер мен дәріханалардың есік алды, жаяу жүргіншілер жолы, ескерткіштер, балалар ойын алаңдарын 0,06 процент хлорбелсенді ерітіндімен өңдейді. Күнделікті 104 тонна хлорбелсенді ерітінді дайындалып, 600 мың шаршы метр жолды арнайы техниканың көмегімен және 19 мың шаршы метр жолды қолдың көмегімен залалсыздандыру шаралары жүргізіледі. Сонымен қатар, Төретам кенті, Ақай ауылындағы көшелер дезинфекцияланып, санитарлық талапқа сәйкес жұмыстар қосымша атқарылуда. Ертінді тез кеуіп, ешбір жерде судың тамшысындай із қалдырмайды және қорғау күші бойында жақсы сақталып, инфекцияның пайда болуын болдырмайды. Мұндай тазалық күніне үш мәрте жүргізіледі. Яғни, 6.00, 15.00, 20.00-де. Аурудың алдын алу мақсатында ұйымдастырылатын тазалық шаралары күнделікті таңғы сағат 6.00-ден бастау алады. Мұндағы мақсат – қала тұрғындарының жұмысқа бару уақытына дейін микробтар, басқа да вирустар мен бактерияларды жою, халықты аурудан қорғау. Қала әкімшілігі барша халықты бетперде кию дағдысын одан әрі жалғастырып, сақтық шараларын бірігіп ұстануға шақырады. Дәл қазіргі күні коронавирустық инфекцияға шалдыққан науқастардың саны азайғандықтан кей шектеулер алынуда. Дей тұрғанмен, эпидемия түбегейлі жойылған жоқ, қайтадан қайталау қаупі бар болғандықтан «Тұрғын үй шаруашылығы» және МУК «ӨБ «ҚалалықСуқұбыры» мекемелерінің жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.
Гүлжан САРТАЙҚЫЗЫ