Жаңа оқу жылы жақындады
Барлығының бала күніндегі тәтті естеліктерінің бірі – 1 қыркүйекте қолына құшақ гүл алып, алғашқы ұстазымен қауышып, мектеп табалдырығынан аттағаны. Ата-ана жаздық демалыста баласын мектепке дайындап, құрал-сайманын сайлайды. Оны көрген бала да осы бір күнді асыға күтеді. Алайда биылғы оқу жылы бұрынғыдан тіпті өзгерек. Әлемді жайлаған жағдайға байланысты жаңа оқу жылы жалпы қашықтан оқыту форматында басталады. Ол қалай болады? Оған дайындық қалай жүргізілуде? 1 сыныптың құжаты қалай дайындалады? Тізе берсең көп сауал. Ал жауабын іздемекке аудандық білім бөлімінің мамандарымен тілдескен болатынбыз.
Елімізде жаңа оқу жылына дайындық қарқынды. Білім министрі Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, шалғайдағы елді мекендегі шағын жинақталған мектептер эпидемиялық ахуалға байланысты оқуды дәстүрлі штаттық режимде бастайды. Сондай-ақ бастауыш сынып оқушылары үшін ата-аналардың өтініші негізінде, қатаң санитарлық талаптарды сақтай отырып, кезекші сыныптар ашылады. Кезекші сыныптарға өтініштер қолжетімді байланыс құралдары арқылы электронды түрде қабылданады. Алдын ала болжам бойынша, интернет платформалар мен теледидарды пайдалана отырып, қашықтан оқыту форматында 2,6 млн оқушы, кезекші сыныптарда 530 мың бала, штаттық түрде ауылдарда 157 мыңнан астам оқушы білім алмақ. Арнайы білім беру ұйымдарының жұмысы да министрлік үшін ерекше маңызға ие. Осы ерекше бүлдіршіндер қазіргі жағдайда көңіл аударуды қажет етеді. Сондықтан ата-аналарының таңдауы бойынша арнайы онлайн кеңес беру немесе мамандардың жеке қабылдаулары ұйымдастырылады. Денсаулығында күрделі проблемалары бар балаларды қабылдау алдын ала жазылу тәртібімен жеке жүргізіледі.
Жалпы аудан бойынша 15 433 оқушы бар. 1 сыныпқа 1564 оқушының құжаты қабылданған. Әлі де қабылдау жүріп жатыр. Мектеп формасы еркін, классикалық форма болмақ. Биылғы оқу жылында шағын жинақты мектептерді қоспағанда, барлық бала қашықтан оқу форматында білім алады. Ал, 1-4 сынып оқушылары үшін «кезекші топ» құру арқылы дәстүрлі түрде мектепте оқушылар оқиды. Бұл алдымен ата-аналарының өтініші негізінде жүзеге асады. Әрине мұндай сыныптардағы сабақ қатаң санитарлық шараларды сақтайды. Әрі бір топта 15 оқушыдан артық бала оқытылмайды. Әр пәннің белгіленген уақыты, арасындағы үзілісі бар. «Бұл жұмыстардың барлығы өңірдегі эпидахуалдың көрсеткішіне қарай ұйымдасты¬рылады» дейді мамандар.
– Бастауыш сынып оқушылары «Сауат ашу», «Дүниетану», «Әліппе», «Математика» сынды негізгі пәндерін оқиды. Әрқайсысының уақыты 20 минуттан болса, арадағы үзіліс 5 минут. Ал қалған «Орыс тілі», «Ағылшын тілі», «Өзін-өзі тану» секілді пәндер қашықтан оқытылады. Министр Асхат Қанатұлы келесі оқу жылынан бастап 1 сыныптың балалары үшін «Әліппе» және «Ана тілі» пәндері оқытылатын болады деп атап өтті. Сондықтан ендігі оқу жылында балалар осы оқулықтармен оқитын болады. Сондай-ақ, шалғайда орналасқан №185, №186, №111, №79 мектептерде интернет желісі болмауына байланысты және бала саны аз №199, №113 мектептерде дәстүрлі түрде 1-11 сынып аралығында сабақ оқытылады, – дейді аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Шырын Нәукебаева.
Әрине, әрбір бала оқытудан тыс қалмауы керек. Оның ішінде көпбалалы, арнайы санаттағы отбасылардың балаларына жете мән беріледі. Осы орайда қашықтан оқытуды ұйымдастыруда оқушылардың электронды құрылғылармен, интернетпен қамтылуы үшін ауданда 355 планшет алып беру жоспарланып отыр. Ал қа-шықтан оқу форматы болса да оқушыларға оқулық жеткілікті болуы тиіс. Бұл мәселе бойынша қиындықтар жоқ. Карантин талаптарын сақтау үшін ата-аналар балаларын 1 сыныпқа қабылдауда 2 түрлі жолмен құжат өткізе алды. Қағаз түріндегі құжаттарды мектепке тапсырады. Ал, онлайн жүзінде бұл «egov.kz» порталы арқылы реттеледі. Сонымен қатар балалардың денсаулығы жөніндегі медициналық анықтамалар уақытша талап етілмейді.
Айта кеткен жөн, «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» бағдарламасы аясында мектептерде қарқынды құрылыс жұмыстары қолға алынған. Оның ішінде білім ошақтары да бар. Төретам кентіндегі №80 мектеп-гимназиясы мен Байқоңыр қаласындағы №275 орта мектеп ағымдағы жөндеуден өтіп жатса, №107 мектепке күрделі жөндеу жұмысы жүргізілуде. Ал №272, №274 мектептерге ағымдағы жөндеу жұмысы жүргізіліп, терезелері ауыстырылуда.
Айнұр ӘЛИ