Жақсылық іздеген – жақсылыққа жолығады
ЖОСАЛЫ, 1 наурыз – qarmaqshy-tany.kz Алғыс айту күні. Бұл – қысылтаяң шақта бар ауыртпалықты бірге көтеріп, Елбасының бастамасымен Тәуелсіз Қазақстан құру жолында аянбай тер төккен ел азаматтарының бір-біріне құрмет көрсету күні. Қазақстан халқы бұл мейрамды алғаш рет 2016 жылы атап өтті. Сол жылдың 14 қаңтарында Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнін, яғни 1 наурызды Алғыс айту күні етіп жариялады.
Бұл тұста біз кімге алғыс айтуымыз керек? Алдымен, әрине, Жаратушы көкейімізде тұруы қажет. Одан кейін жарық дүниеге әкелген, аялап өсіріп, қанаттандырған ата-анамызға алғыс айтуға тиіспіз. Одан кейінгі орында ұлтымыз, Отанымыз тұрады. Кешегі қилы заманда қазақ халқы тағдырдың жазуымен елге келген қаншама ұлт пен ұлыс өкіліне кең құшағын жайып, бауырына тартты, бір үзім нанымен, барымен бөлісті. Өзге ұлт өкілдері қазақ халқының жүрек жылуын, ыстық ықыласын ұмытпайды. Мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесінде редакцияға ІІІ интернационалдық ағайындар жылы лебізін жолдапты.
Алғыс айтсам деп едім...
Бұл тұста біз кімге алғыс айтуымыз керек? Алдымен, әрине, Жаратушы көкейімізде тұруы қажет. Одан кейін жарық дүниеге әкелген, аялап өсіріп, қанаттандырған ата-анамызға алғыс айтуға тиіспіз. Одан кейінгі орында ұлтымыз, Отанымыз тұрады. Кешегі қилы заманда қазақ халқы тағдырдың жазуымен елге келген қаншама ұлт пен ұлыс өкіліне кең құшағын жайып, бауырына тартты, бір үзім нанымен, барымен бөлісті. Өзге ұлт өкілдері қазақ халқының жүрек жылуын, ыстық ықыласын ұмытпайды. Мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесінде редакцияға ІІІ интернационалдық ағайындар жылы лебізін жолдапты.
Алғыс айтсам деп едім...
1 наурызды – жыл сайын барлық этностың бір-біріне мейірбандық танытып, бізді туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту орынды. Бұл күн, бұл мереке бізді бұрынғыдан да жақындастыра түспек. «Бірлігі жоқ ел тозады» деген мақал бар қазақта. Бұл сөздің қаншалықты дұрыстығын өмір көрсетіп отыр. Мынадай бір аңызды айтып берейін. Қарт кісі өзінің ұлдарына бір бума шыбықты беріп, сындыруды сұрайды. Ұлдары олай әурелеп, былай әурелеп шыбықты сындыра алмайды. Сонда қарт буманы шешіп, шыбықтарды бір талдап сындырып көруді тапсырады. Шыбықтар оңай сынады. Сонда қария:
– Бірігіп өмір сүрсеңдер, сендерге ешкімнің әлі келмейді, – деген екен. Қандай даналық?! Бірлігі жарасқан елдің болашағы жарқын. Алғыс айту – тұрақтылық пен татулықты, береке мен бірлікті нығайтады. Бір ауылда 11 этнос өкілі тату-тәтті өмір сүріп келеміз. Жеке кәсібім бар. Ауыл тұрғындарының қажетін қанағаттандыру үшін азық-түлік дүкенін аштым. Ол күннен-күнге жандануда. Барлығы да осы ынтымақтың арқасы. Бірлігіміз күшейсе, тірлігіміз гүлденеді. Сол кезде елдің де, ердің де алдынан даңғыл жол ашылады.
Мансур НАБИЕВ,
жеке кәсіпкер
Кәріс ұлтының атынан қазақ халқына алғысымды білдіремін. Ата-бабамыз қиын-қыстау заманды басынан өткізіп, депортация кезінде Қазақстанға келді. Сол кезде қазақ халқы бізді құшақ жая қарсы алды. Өздерінің нанымен бөлісті. Қазақтардың өз отбасында 11-12 баладан болғанына қарамастан, депортацияға ұшырағандарға аса үлкен қамқорлық танытты. Біз мұны ешқашан ұмытпаймыз. Ата-әжелерім сол заманды көзіне жас алып, бізге үлгі ретінде үнемі айтып отыратын. «Ризашылық» деген сезімнің өзі – үлкен құбылыс. Мәселен, бала – ата-анасына риза. Себебі, ата-ана оны өмірге әкелді, тәрбие берді. Адам – қоғамға риза. Қоғам оған өмірден өз орнын табуына ықпал етті. Ал қазақ халқы түрлі этностың тарихи ұлт ретінде сақталуына мүмкіндік берді. Бұл – үлкен ерлік. Сол кезде осында келген ұлттар жерді қабылдамаған гүл секілді солып қалғанда бүгінгідей біз мақтанатын халық болмас па еді?! Баршамызға бүгінгідей татулықты тілеймін. Қазақстанның болашағы жарқын болсын.
Георгий КАН,
«Достық Жер МК» ЖШС маманы
Қазір жер бетінде күн сайын қан төгіліп, босқындардың бас сауғалап қашып жатқанын теледидардан көріп жүрміз. Діни соғыстың кесірінен қанша жас жетім, қаншама әйел жесір қалуда. Сондықтан бірлікке, ынтымаққа ештеңе жетпейді. Бірлік, ынтымақ болса, жетістік те, жарқын болашақ та болады. Туған-туысқа, көршімізге, айналамыздағы жандарға алғыс айтсақ, бұл – біздің бір-бірімізді бағалағанымыз, сыйластығымыз. Ертең – көктемнің алғашқы күні. Наурыз басталады. Бұл – мереке мен берекеге толы ай. Өкпеміз бен ренішімізді ұмытпайық. Бір-біріміздің бойымыздан тек жақсылық іздейік. Жақсылық іздеген жақсылыққа жолығады. Барды бағалайық. Алғыс айтайық.
Майя ТЕН,
балабақша қызметкері
Гүлжанат ДҮЗЕНОВА