Қаймағы бұзылмаған қазақы ауыл – Қармақшы
Адам баласының ақ адал еңбегі. Жылылық. Мейірімділік. Барлығы ауылға тән. Себебі ауыл – иісі қазақтың құт мекені, алтын бесігі. Бүгінде өркениетті ел болып, даму жолын қаладан тапқанымызбен, қазақтың қазақ болып қалыптасуында ауылдың орны бөлек. Ауыл тұрғындарының жәй-күйі мен тыныс-тіршілігін бажайлау мақсатында іс-сапар белгіленді. Бір топ тілшілер болып Қармақшы ауылына жол тарттық. Іс-сапар бұрынғыдан тым ерек. Бұл мекенді көпшілігі «түйелі ауыл» деседі. Сол сөзге дәлел болғандай, ауылдың кіре берісінен-ақ маң-маң басып, кербездене жүріп келе жатқан ойсылқара төлін кездестірдік. Фототілшіміз мұндай сұлулықты қалт жібермей, таспаға басып та үлгерді. Ауыл тынысын білмекке әкімшілік ғимаратына бет бұрдық.білім кілті – кітапхана.
БІЛІМ КІЛТІ - КІТАПХАНА
Ғимараттың төменгі қабатында ауыл кітапхана орналасқан. Қаз-қатар тізілген кітаптар, көркемдік құралдар – жүйелі жұмыстың жүргізілетініне айқын дәлел. №15 Қармақшы ауылдық модельдік кітапханасы 1946 жылы 70 дана кітап қорымен ашылыпты. Бүгінде кітапхана қорында 26 200 кітап бар. Заман талабына сай желтоқсан айында ауыл азаматтары Бауыржан, Ерлан Нұржановтардың демеушілігімен «Coworking» орталығы құрылған. Биылғы тарихи той иелері әл-Фараби мен ұлы Абайға арнайы бұрыш дайындалған. Одан бөлек, туған күн иелеріне байланысты өзге де тұлғалардың еңбектері жаңартылып қойылатын бұрыш қарастырылған.
– Кітапхана мен тұрғындар арасында жақсы қарым-қатынас орнаған. Бүгінде 690 оқырманым бар. Мектеп оқушылары түгелдей дерлік кітапхананың тұрақты оқырманы. Олармен тығыз байланыса отырып, біріге түрлі іс-шара жүргіземіз. Жақында ғана «Жел диірменін» насихаттау барысында өлкетану сабағын өттік, – дейді кітапханашы Гүлнар Бадырақ.
Сонымен қатар ол ауыл тумасы Ерлан Нұржановтың «Туған жерге тағзым» акциясы аясында жыл сайын кітапханаға жаңа кітаптар сыйлап отыратынын жеткізді. Еске сала кетсек, былтыр аудандық мәдениет үйінде аталған тақырыпта ағайынды Нұржановтар қайырымдылық концертін ұйымдастырған еді. Республикаға танымал тұлғалардың туған жерге ту тігіп, құрмет көрсетуі – үлгі боларлық іс. Дарыны мен даладай дархан көңілі қатар ұштасқан перзенттерін Қармақшы ауылы әрдайым мақтан тұтады.
ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСАП ЖАРЫСҚАН
Кітапханадан шыққан соң боямасыз ауыл өмірімен хабардар болмаққа әкімшілік қызметкерлерінің бөлмесіне бас сұқтық. Ауылдық округ әкімі міндетін уақытша атқарушы Аязбек Есқараев келген мақсатымызды білген соң, ауылдың тыныс-тіршілігімен етене таныстырды.
Бүгінде жаңаша бой көтерген ауылдың тамыры тереңде. Тарихтан сыр шертсек, 1929 жылы алғашқы майда шаруашылықтар артель болып құрылған. Кейін Абыла, Көкшоқы, Қаракөл, Толқын, Қайыршақты, Бозарық серіктестіктері пайда болып, олар төрт артельдің негізін қалаған. 1950 жылы Қаракөл, Каганович, 1 май, Абыла артельдері ұжымшарға біріккен. Онда 4 егіс бригадасы, 2 қой фермасы болған. Осы жылы Қызылтам ауылдық кеңесі құрылған. 1956 жылы аталған шаруашылық «Қармақшы» кеңшары болып, төрт түлік мал өсірумен айналысқан. Үлкендердің айтуынша, бұл мекен кезінде дүркіреп тұрған. Оған дәлел – 1977-1990 жылдар аралығында 1 рет Бүкілодақтық, 5 рет республикалық жарыс жеңімпазы атануы және Бүкілодақтық Халық шаруашылығы жетістіктер көрмесінің дипломы мен бағалы сыйлық алды. Сондай-ақ, 1986 жылы Қазақ КСР-нің «Алтын құрмет» кітабына өңірдегі шаруашылықтың аты жазылған. Айта берсек, жетістігі көп қасиетті мекен 1994 жылы Қармақшы ауылдық округі болып құрылған. Соңғы деректерге сәйкес, ауылдық округте 1073 тұрғын бар. Олардың 598-і экономикалық белсенді халық. Ауылда мектеп, балабақша, клуб үйі, дәрігерлік пункт, кітапхана, мешіт жұмыс істейді.
– Алдағы жоспармен бөлісе кетсем, орталық дүкен жұмысын жолға қойсақ. Кәсіпкерлікті дамыту бағытында темір дәнекерлеуші, өрнек, үйдің қоршауын жасауға ниет білдірген жас кәсіпкерлерге қолдау білдірудеміз. Мал шаруашылығымен қоса, түрлі қызмет көрсету орындарын ашуға жұмыс істейміз. Мысалы, шаштараз, наубайхана, етік, тігін цехы, тері иле. Түйе сүтін өндіруге жұмыстар жүргізілуде. Мемлекет қолдауымен шаруашылық иесі Әбдірайым Кішкенеев қажетті құрылғыларын алған. Ендігі жұмыс¬ – сүт қабылдау пунктін ашып, шұбат дайындау цехын іске қосу, – дейді А.Есқараев.
Сондай-ақ ол жастардың ауылға тұрақтануы қалыпты деңгейде екенін айта келе, Қызылтамдағы жарықтандыру мен жол мәселесіне тоқталды. Бұл өңірдің негізгі жұмыс көзі темір жол саласы болған соң, қосымша кәсіпкерлік нысандарына қажеттілік туындауда. Осы орайда жылыжай кәсібін Анель Далабайқолға алуға ниетті. Көркейту-көгалдандыру жұмысына орай бақтарды қалпына келтіру жоспарда. Көпке үлгі боларлық тағы бір мысал, мектеп бітіргендеріне 40 жыл толған түлектер жыл сайын ауыл үшін жақсылық жасап жарысуда. Биылғы түлектер, яғни осы ауылдан түлеп ұшқан 1963 жылғы азаматтарға Жамбыл көшесі бойынан жаңа бақ орнатуға ұсыныс беріліпті.
«Тәртіпке бас иген құл болмайды» демекші, елді-мекендегі тәртіпке учаскелік полицей Еркін Әбдіқазов жауап береді. Халықта ауызбіршілік бар. Кешкі уақытта кезекшілік қойылып, рейдтер жүргізіледі.
ӨСИЕТ ТЫҢДАҒАН ӨСЕДІ
«Қариясы бар үйдің – қазынасы бар» деген. Үлкенді құрметтеген салтымызбен ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұхтар Таңбаевтың шаңырағына келдік. Ауыл тарихынан сыр ақтарған ол ардагерлер кеңесінің жұмысын әңгімелеп берді.
– Ауылда 94 ардагер бар. Ал 9 адам ардагер кеңесінің мүшесі. Құрам мүшелері ел бірлігі, ауыл татулығы жолында аянып қалмайды. Мектепте, мешітте өзге де мекемелерде түрлі шара өткіземіз. Мен 2008 жылдан бері осы кеңеске төрағалық етемін. Осы уақыт аралығында «Ардагерлер» бағын ашып, мешіт жанынан ас беруге арналған күнқағар жасалынды. «Нұржігіт» бағын жандандыру мақсатында жұмыстар жүргізілді. Бүгінгі қоғамның басты дерті – ұялы телефон. Жасы да, кәрісі де сол телефонға үңілуде. Мұның дұрыс емес екенін жүрген ортамызда әрдайым айтып, оң тәрбие беруге тырысамыз. Болашақ ұлт тәрбиесіне мектеп қана емес, ата-ана да жауапты. Мен барлығын мектепте жаба салғанды құп көрмеймін, ер баланың тәрбиесіне әке жауапты. Бүгінгі қарбаласта баласының тәрбиесіне әрбір ата-ана уақыт табуға тиіс, – дейді ардагерлер кеңесінің төрағасы.
«Қыз ұзату, келін түсіру» дәстүріміз тойханада емес, өз босағасында болғаны абзалырақ» дейді ағамыз.
ӨНЕРЛІНІҢ ӨРІСІ КЕҢ
Ауылды аралап, ақпарат алып жүрген біздер алыстан көз тартып, мен мұндалап тұрған балабақшадан өтіп кете алмадық. №13 «Балбөбек» бөбекжайында үш топта 60 балдырған тәлім алуда. Балабақша ішіне кіргенде ертегі әлеміне енгендей болдық. Кіре берістен күле қарсы алған бөбекжай меңгерушісі Дәмекүл Бекмақанова бөбекжай бөлмелерін аралатты. Әрбір бөлме шебер ойластырылып, түрлі қолөнер бұйымымен әсем безендірілген.
– Мұндағы әрбір зат өз қолымыздан шыққан. Балаларға арналған киімді де өз қолымызбен тігеміз. Бұл мекеме қызметкерлері мен қолөнерші, осы мекеменің әдіскер-психологі Жаңагүл Қарабатырованың еңбегі, – дейді бөбекжай меңгерушісі. Сүйкімді балдырғандардың тәтті тілімен ән тыңдап, сапарымызды әрі қарай жалғастырдық. (Бөбекжай мен қолөнерші жайында газетіміздің алдағы санында толығырақ жазатын боламыз).
АУЫЛДЫҢ ЕҢ ҰЗАҚ ЖАСАУШЫСЫ
«Батамен ел көгерер» демекші, жасы үлкеннен бата алмақ, ұзақ жасаудың сырын білмек ниетте ауыл үлкені Рахима әжейдің үйіне аяңдадық. Рахима Аймурзина – бүгінде 90 жаста. Отағасы Бәштай Сатыбалдиевпен бірге 3 ұл, 4 қыз өсірген. Алтын алқа иегері ұзақ жасаудың сырын «адал еңбек, маңдай тердің арқасы» дейді. Анасы Абира мен әпкесі Үрбибі де ұзақ өмір сүріпті. Бұған қарап тұқым қуалаушылық та болуы мүмкін дейміз. Асыл әже бүгінде 23 немере, 30 шөбере сүйіп отыр. Перзенттері аудан орталығында түрлі маман иелері. Сатыбалдиев Нағашыбай ауданға белгілі кәсіпкер болса, Өміркүлі №121 мектепте ұстаздық етеді. Бұл отбасында дәрігер де, мұғалім, әуез жетекшісі де бар. Талантты өрендер тәрбиелеген Рахима әжей қазірдің өзінде теледидар қарап, жастарға ақыл-кеңесін беріп отырады.
Үйдің қадірлісін құрмет тұтып отырған Байұзақ Сатыбалдиев пен Гүлсара Дәуітовалар өнеге алар отбасы. «Үлкен кісі қартайғанда, бала болады» демей ме, аналарын ардақ тұтып отырған отбасыны көріп көңіліміз марқайды. 90-дағы әжейдің жүрекжарды лебізін тыңдап, ақ тілегі мен батасын алып, жолға шықтық.
ҚОЛДАУ АНАҒА ДЕМ БЕРЕДІ
Аналардың жолын жалғап, жас батыр ана атанып отырған Эльмира Үмбетәлиева осы ауыл тұрғыны. Алматы қаласының тумасы жолдасы Ерлан Смайыловпен 2004 жылы отау құрған. Екеуі 6 ұл, бір қыз өсіруде. Отағасы Қызылорда қаласындағы «Бастау» мекемесінде қызмет етсе, «Алтын алқа» иегері Эльмира бөбекжайда жұмыс істейді. Нұрсұлтан, Дінмұхаммед, Балғаным, Бағлан, Ерсұлтан атты перзенттері мектеп қабырғасында білім алса, Ержан мен Нұрасыл балабақшаға барады. Балалар мектепте үлгілі де өнерлі оқушы. Бірі –ән айтса, енді бірі – спортты жанына серік етіп волейбол мен күреске қатысады. Сонымен қатар кітапханашы Гүлнар Бадырақтың айтуынша, бұл үйдің перзенттері кітапхананың белсенді оқырманы. Жас та болса, үлгілі 7 перзент тәрбиелеп отырған өнегелі отбасының бірі.
– Көпбалалы ана болу – екінің біріне бұйыра бермейтін бақ. Бұл –біздің отбасымызға берген Алланың сыйы. Бүгінде мемлекет тарапынан көпбалалы анаға берілетін қолдау көбеюде. Бұл қуанарлық жайт. Осындай қолдаулардың арқасында еліміздің демографиялық ахуалы жақсарса, әр отбасы саналы ұрпақ тәрбиелеу арқылы ел болашағының жарқын болуына аз да болса үлесімізді қосамыз, – дейді алтын құрсақты ана.
ТӨЛ ӨСІРГЕННІҢ ОРНЫ ТӨР
Ауылдың негізгі тіршілік көзі – мал шаруашылығы. Бірі – мүйізді ірі қара мал өсірсе, тағы бірі – түйе өсіреді. Ауласында жайылып жүрген боталары бар үйге тоқтадық. «Жанары ботадай екен» деген тіркестің қаншалықты дөп айтылғанын, ойнақтаған боталарға қарап ұқтым. Бұл – Ғалымжан Нұржановтың шаңырағы екен. Отанасы Толқын Әбетова екеуі түйе, сиыр өсіреді. Мал өсіріп, өнімін ұқсатып отырған ерлі-зайыпты 2 ұл, 2 қыз өсіріп қана қоймай, перзенттерін адал еңбекке баулуда. Сиыр сүтінен құрт, май алса, түйе сүтінен шұбат дайындайды.
– Адал еңбек пен маңдай тер арқылы келген нан тәтті ғой. Таңмен таласа тұрып сиыр, түйе сауамын. Түскі уақытта дейін сауылған сүтті ұйытып, оны пісіп, ірімшік, құрт жасаймын. Ал түйенің сүтінің жөні бөлек. Ол сиыр сүтіне қарағанда асқан бапты, ыждағаттылықты қажет етеді. Десе де, бапталған шұбатты сұраушылар көп, – дейді Т.Әбетова.
ЕҢ ЖАС КӘСІПКЕР
Бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында кәсіпкерлікке көп көңіл бөлінуде. Осы мақсатта түрлі бағытта қайтарымсыз гранттар мен жеңілдетілген несиелер қарастырылып, түрлі жоба іске асырылды. Былтырғы «Жастар жылына» орай «Жас кәсіпкер» жобасы жүргізілген болатын. Сол курста білім алған Айдана Байділдаева өзінің бизнес-жоспары арқылы мемлекет тарапынан 505 000 теңге көлемінде грант ұтып алған. Сол қаржыға сиыр сатып алып, кәсіпкер атанды. 22 жастағы жас кәсіпкер қорғаған жобасының мемлекеттен қолдау тапқанына риза. Болашақта кәсібін өркендетіп, өнім түрін көбейтуге ниетті екенін де жасырмады.
Бірлігі жарасқан еңбекқор ауылдан түйгеніміз – тынымсыз тірлігінің арқасында нәпақасын табуда. Қазыналы қарты мен өнерлі өрені, тірлігі тындырымды азаматы мен ибалы келіні бар ауыл қашан да берекелі.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ