» » Жалған лотереяға тігілген көліктердің тағдыры анықталды

Жалған лотереяға тігілген көліктердің тағдыры анықталды


Оның иесі жұлдыздар ойнатқан жүлденің егжей-тегжейін айтып берді. Facebook пен Instagram парақшасында Ернар Айдар жарнамалап өткізген EA.konkurs байқауы мен жұлде ұтысы айналасындағы дау пештегі қазандай бұрқ-сарқ қайнап басылды. Алайда оның артында алданған қаншама адамның мәселесі сол бойы қалды.


Алаяқтарға жем болғандардың бірі Владимир Харченко екен. Ол «лотореясымақта» бәске тігілген бірнеше жеңіл автомобильдің қожайыны. Төл бизнесімен айналысатын Владимирге 2020 жылғы 24 сәуірде бірнеше адам келіп, автомашиналарды жалға, прокатқа алады. Олардың айтуынша, блогердің жарнамалық ролигі үшін бірнеше салтанатты «темір тұлпар» қажет көрінеді. Содан түскі 13.00-де уақытша жалға беру құжаты рәсімделеді.

Машиналар сол күні кешкі 20.00-де, яғни 7 сағаттан кейін аман-есен, басы-аяғы бүтін қайтарылуға тиіс. Олар алдымен ақ түсті жаңа, сәнді, құны 18 млн теңгеге дейін баратын «Тойота Камри 70» көлігін таңдап алып, оған қатысты прокат келісімін 19 жасар Амаля Сеитова деген бойжеткен атына рәсімдетеді. Екінші автомобиль ретінде де сондай ақ түсті Тойота Камри іріктелген. Ол 21 жасар Дамира Қонақбаева есімді қыздың атына рәсімеледі.

Бірақ кешқұрым «темір тұлпарлары» тұрағына қайтпай қалғасын иесі қобалжи бастайды. Ертесіне GPS арқылы індете келе, Алматы қаласының Экономикалық тергеу департаментіне бір-ақ тіреледі. Көліктері соның аумағына қойылыпты. «Мекеме қызметкерлерімен тілдесе келе, көлік жалдаған тұлғалар шынында алаяқтық әрекет жасағанын, прокатқа алынған көліктерді көз қылып лотереяға тіккенін білдім. Тергеуші Құрманғалиевтен сақтау қолғатын алып, машиналарымды қайтаруды өтіндім. Ол бас тартты. Ең құрығанда, көліктің ішінде қалған жеке заттарымды алуға рұқсат сұрадым. Тергеушілер көлікті тәркілегенде оны лайықты тексермепті, өйткені ішіндегі жеке заттарымның тізімі жасалмаған. Автокөліктердің заттай айғақ ретінде, әлде басқа мақсатта тәркіленгенін білмедім, мені ондай құжатпен таныстырмады», – деп налиды В.Харченко.  

Қолданыстағы Қылмыстық-процестік кодексiнің «заттай дәлелдемелердi қарап-тексеру және сақтау» аталатын 221-бабына сәйкес, оқиға орнын, жергілікті жерді немесе үй-жайды қарап-тексеру кезiнде табылған, тiнту, алу, тергеу экспериментi немесе басқа тергеу әрекеттерiн жүргізу кезiнде алынған нәрселерді «иесiне сақтауға өткiзуге» рұқсат етіледі. «Тергеуші бұған неге жол берілмейтінін түсіндірмеді. Тек «көңіліңіз толмаса, қалаған жеріңізге жазыңыз» деп қабағын шыта қысқа қайырды. Мұндай жағдайда тергеу жүргізу кезінде өз құқығының қорғалатынына, заңдылық пен процессуалдық рәсімдердің мүлтіксіз сақталатынына азамат қалай сенімді бола алады? Мен автокөліктер қылмыс құралы еместігін, сондықтан иесіне тапсыруға болатынын дәйектеп бақтым. Тергеу іс-әрекеттері үшін қажет болып жатса, кез келген уақытта бірінші талап бойынша оларды әкеліп беретінімді айттым. Тергеушілер бұған да жібімеді, кейін телефонды көтеруді қойды. Қабылдауларына да кіре алмадым. Көліктерім бір айдай босқа тұр, оларға қатысты ешқандай іс-шара жасалып жатқан жоқ», – дейді көліктердің иесі.

Ол машиналардың консервация ережелерін сақтамай ұзақ уақытқа қоя салынуы олардың техникалық жағдайын айтарлықтай нашарлатады және құнының жоғалуына соқтырады деп алаңдайды. Сонымен қатар, жалға берілуі тиіс көліктерінің тұрақта босқа қаңтарылуы сол арқылы нәпақасын айырып отырған кәсіпкерді шығынға отырғызады. Заман болса, онсыз да күрделі. Владимир Харченко меморганның бірінші басшысы атына өтініш те жазғанын жеткізді. Бұл көліктер – бизнесменнің жалғыз табыс көзі екен. Бұл мәселеге қатысты Қаржы министрлігінің Қаржы мониторингі комитеті түсініктеме берді. Экономикалық тергеу департаменті соған қарайды. Ведомство Алматы қаласы бойынша ЭТД-і «Toyota Camry 70» маркалы автомашиналарды тәркілегенін растады. Дегенмен, таяуда оларды қожайынына қайтару туралы шешім қабылданыпты. «Аталған автомашиналар Қылмыстық кодекстің «алаяқтық» атты 190-бабының 2-тармағының 1-тармақшасы бойынша адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасалған алаяқтық үшін қозғалған қылмыстық іс аясында заттай дәлелдемелер деп танылды. Қылмыстық кодекс әлеуметтік желілердегі «EA.konkurs» аккаунт-парақшасында өткізілген заңсыз лотереяны ұйымдастыру фактісі бойынша басталды. Алматы қаласының Экономикалық тергеу департаменті сот үкімі немесе істің тоқтатылуы туралы қаулы заңды күшіне енгенге дейін осы заттай дәлелдемелерді заңды иесіне сақтауға берді», – деп хабарлады Қаржы мониторингі комитеті.

Елімізде әсіресе, блогерлер мен әнші-актерлар клубтарда, мәдениет үйлерінде, әлеуметтік желілерде заңсыз ұтыс ойындары мен байқаулар өткізуді сәнге айналдырып алғандықтан, Мәдениет және спорт министрлігі дереу оған тосқауыл қоятын заң жобасын әзірледі. Бұл құжат Парламенттің қарауынан рекордтық дерлік жылдамдықпен өтті. Кеше, бейсенбідегі отырысында Сенат «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірден екі оқылымда қабылдап, ел Президентінің қол қоюына жолдады. Бұл заңға сай лотерея операторы болып саналмайтын, яғни «Сәтті Жұлдыз» АҚ-ынан басқа кез келген жеке немесе заңды тұлға лотерея өткізсе, сонысы үшін жазаланатын болады. Сонымен бірге ел тарихында алғаш рет «Сәтті жұлдыз» лотереяларын таратушының, яғни агенттің (сауда орталықтарында лотерея сататын дүңгіршек иелерінің) мәртебесі заңмен бекітіліп отыр. Тиісінше, бұдан былай лотерея операторы не онымен келісімге отырған таратушы болып табылмайтын тұлғаның лотереяны таратуына немесе өз лотереясын жарнамалауына тыйым салынады.

Жанат Ардақ


12 маусым 2020 ж. 1 113 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 066

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031