Бэтменнің аты аңызға айналған мотоциклі аукционға шығарылады: бағасы қанша?
Кристофер Ноланның «Қара сері» фильмдерінде пайдаланылған Бэтменнің түпнұсқа Batpod мотоциклі Лондонда аукционға қойылады. Ұйымдастырушылар сирек кездесетін көлік үшін 900 мың фунт стерлингке дейін, яғни шамамен 540 миллион теңге алуды көздеп отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.
Сауданы британдық Propstore аукцион үйі ұйымдастырады. Аукцион 2026 жылдың 4-6 желтоқсан аралығында өтеді.
Түсірілім үшін жасалған алты мотоциклдің ішінен сатылымға шығарылған бұл үлгі – Warner Bros. студиясы сатуға рұқсат берген жалғыз нұсқа.
Batpod дизайнын режиссер Кристофер Нолан мен қоюшы-суретші Нейтан Кроули бірлесіп әзірлеген. Мотоцикл 750 текше сантиметрлік Honda қозғалтқышымен және 31 дюймдік алып дөңгелектермен жабдықталған.
Ерекше конструкциясына байланысты оны басқару кәсіби каскадерлерге де оңай болмаған. Propstore негізін қалаушы Стивен Лейннің айтуынша, түсірілім кезінде мотоцикл бірнеше рет бақылаудан шығып кеткен. Бір жолы тіпті түсірілім камерасына соғылған.
Енді әйгілі фильмде пайдаланылған бұл көлік коллекционерлердің назарына ұсынылмақ.













