Топ-баннер
» » Антарктика суларында алғаш рет акула табылды

Антарктика суларында алғаш рет акула табылды

Фото: Ашық дереккөз
Ғалымдар алғаш рет Антарктика маңындағы мұзды суларынан акуланы тапты. Бұған дейін бұл аймақта акулалар кездеспейді деген пікір басым болған. Алайда теңіз түбіне орнатылған камералар шамамен 500 метр тереңдікте баяу қозғалатын ірі жыртқышты түсіріп алған, деп жазады Egemen.kz.
Оңтүстік Шетланд аралдары маңында ұйымдастырылған тереңсулы экспедиция барысында зерттеушілер Оңтүстік мұхит биоалуандығын зерттеу үшін су түбіне бейнекамералар мен арнайы жем орналастырған. Құрылғылар жүздеген сағат бойы үздіксіз жұмыс істеп, тереңдегі тіршілікті бақылаған. Жиналған материалдарды саралау кезінде ғалымдар қараңғы әрі мұздай суда ұзындығы шамамен 3-4 метр болатын ірі акуланың баяу жүзіп өткенін анықтаған.
Сыртқы белгілері мен қозғалысына қарап, мамандар бұл акуланы сомниоздар тұқымдасына (Somniosidae), яғни полярлық акулалар тобына жатқызған. Мұндай балықтар баяу қимылдайды, суық әрі терең аймақтарда тіршілік етеді және ұзақ өмір сүруімен ерекшеленеді.
Бұған дейін Оңтүстік мұхиттан акулалар негізінен балық аулау торлары арқылы ғана тіркелген. Ал сомниоздар тұқымдасының өкілдері Антарктика аймағында табиғи ортада алғаш рет бейнекамераға түсіп отыр.
Айта кету керек, антарктикалық балықтардың көбінде суыққа бейімделудің ерекше тетіктері бар. Мысалы, олардың қан құрамында «антифриз» қызметін атқаратын ақуыздар кездеседі. Ал анықталған акула шамамен 490 метр тереңдікте, су температурасы 1-2 °C болатын қабатта жүрген.
Зерттеушілердің пікірінше, бұл жыртқыш аймаққа кездейсоқ келген болуы екіталай. Керісінше, мұндай акулалар Антарктика суларында бұрыннан мекендеп келген, тек осы уақытқа дейін назардан тыс қалған болуы мүмкін. Себебі Оңтүстік мұхит – ең аз зерттелген аймақтардың бірі. Мұнда тереңсулы экспедициялар өткізу қиын, ал қажетті техника шектеулі нүктелерде ғана орнатылған.
Сонымен қатар сомниоздар тұқымдасының популяциясы сирек болуы ықтимал. 400 сағаттан астам суасты түсірілімінде небәрі бір ғана акула тіркелгені соны меңзейді.
Кейбір сарапшылар климаттың жылынуы мен мұхит температурасының біртіндеп өзгеруі теңіз жануарларының таралу аймағына ықпал етуі мүмкін екенін айтады. Алайда Антарктика маңындағы ірі жыртқыштардың қозғалысы туралы нақты деректер әзірге жеткіліксіз.
Қалай болғанда да, бұл жаңалық Антарктика мен Оңтүстік мұхиттың әлі де толық зерттелмегенін көрсетеді. Мұз астындағы әлем ғылым үшін әлі талай құпиясын ашары анық.


24 ақпан 2026 ж. 36 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№15 (10482)

24 ақпан 2026 ж.

№14 (10481)

21 ақпан 2026 ж.

№13 (10480)

17 ақпан 2026 ж.

Хабарландыру

ХАБАРЛАНДЫРУ!

ХАБАРЛАНДЫРУ!

18 қараша 2025 ж.
Шұғыл хабарландыру!

Шұғыл хабарландыру!

04 қараша 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 2 487
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 316

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
232425262728