Бельгияда Смурфтар көрмесі ашылды
Танымал «Брюсселс ЭКСПО» орталығында бельгиялық комикстер мен фильмдердің кейіпкеріне арналған «Смурфтар ауылы» ашылды. Интерактивті экспозиция «көгілдір түсті гномдар» туралы шыққан кітаптың 60 жылдығына арналып отыр. Әйгілі Смурфтар немесе «көгілдір түсті гномдар» осыдан 60 жыл бұрын пайда болған. Бұл кейіпкерлерді 1958 жылы бельгиялық суретші Пьер Кюллифор ойлап тапқан. Ал 80-жылдары танымал гномдар туралы анимациялық фильмдер түсіріле бастайды. Алдымен олардың атауы «Штрумпф» болған. Комикстер Голландия мен Германияда оқыла бастаған соң, көк гномдардың аты «Смурфтар» деп өзгертілді. Пейо лақап атымен жұмыс істеген суретші Пьер Кюллифор бұл кейіпкер туралы 16 комикс жасап үлгерген. Ол студиядан кеткен соң «көгілдір түсті гномдар» туралы тағы 14 комикс жарыққа шықты. Кітаптар неміс, голланд және француз тілдерінде жазылып, Еуропада кеңінен таралып кетті. Клёи Бефае, жоба менеджері: - Смурфтар 5 құрлыққа танымал. Және оқырмандар бұл гномдар туралы бәрін білеміз деп ойлайды. Сол себепті көрермендер үшін жаңашыл дүние дайындадық. Ол смурфтар әлеміне саяхат деп аталады. Комикс пен фильмдер кейіпкерлері 60 жыл ішінде поп-мәдениеттің бір бөлігіне айналды. Олар туралы ғылыми мақалалар жазылды. Бейнесі басылған коллекциялық бес еуро монетасы да шыққан. Тіпті Халықаралық смурфтар күні бекітілді. Бруно Зоннекейн, көрермен: - Суретші Пейоның отбасы жақсы бастаманы қолға алыпты. Кез келген ересек адам балаларымен бірге келіп, керемет уақыт өткізе алады. Бұл тамаша идея. Мелиза Уэнди, көрермен: - Біз ұлымыз Леоға осы көрмені көрсету үшін арнайы Брюссельге келдік. Себебі баламыз Смурфтарды жақсы көреді. Бізге қатты ұнады. Гномдар мен олардың ауылын көрдік. Үйлері мен бақшаларында болып, кішкентай көпірінің астымен өттік. Балалардың көңілінен шығу үшін барлық жағдай жасалған. Комикс жарыққа шыққан алғашқы жылдардан бастап-ақ олармен аттас балалар ойыншығы да пайда болды. Көгілдір түсті гномдар ересектер мен балалардың бірдей көңілінен шықты. Айта кетейік, ертегі кейіпкерлерінің 60-жылдығына арналған көрме келесі жылдың қаңтар айына дейін жалғасады.