ЖҮНІС МОЛДА ТАҒЫЛЫМЫ
Ол кезде қайтыс болған кісінің жаназасында намаз шығарған уақытта сапта 20 шақты ғана адам тұрады. Олар негізінен ораза-намазы бар, шариғат талаптарын берік ұстанған, елге сыйлы үлкен кісілер болып келеді. Қазалы жанмен қоштасуға келген қалған жанашыр ағайын айнала жақын жерде әрқайсысы өзіне ыңғайлы орын тауып, сапта тұрған кісілер тұрса тұрып, отырса отырып, өлікке жасаған құрметтерін саптан тыс жерде осылай көрсетіп жатады. Сапқа тұрмаған соң ба, имамдар ол кісілердің ешқайсысына: «Дәретің бар ма еді?», «Дәрет дегеннің жағдайы мынадай-мынадай болады» деп қысылтаяң мезгілде «түсінік жұмыстарын» жүргізіп жатпайды.
Түсіне бермейміз ғой, «төрт тәкпірлі жаназа намазын» шығаруға рұқсат сұраған имам сол төрт тәкпірін түгендеп оқитын болуы керек, шамасы. Жаназа намазы кемінде 20- 25 минутқа созылады. Намаздан кейін «нәпіл садақа» деп сапқа тұрғандарға 20 тиыннан үлестіреді. Тиын. Қанша жерден «ол кездің ақшасы құнды еді» дегенмен, тиынның аты – тиын.
Бірде бір кісі өзінің білімімен де, дін өкілдеріне лайықты жүріс-тұрысымен де, жұртқа деген ілтипатымен де халық арасында зор беделге ие болған Жүніс ақсақалдан: – Өлікті жаназалаған кісіге тиісті ақша беріледі. Оны алуларыңыз орынды. Өйткені ол – намаз шыққан кісінің еңбегінің ақысы. Ал сапқа тұрған басқа кісілерге де 20 тиыннан ақша таратылады. Ол қандай қадеге жарайды, оны алмай-ақ қойса болмай ма? – деп сұрақ қойыпты.
Ол бір кеңестік кезеңнің атеистік астауынан су ішкен кейбір кісілердің дін өкілдеріне тікелей де, жанама да қыңыр сұрақтар қойып, реті келсе «бір сүріндіріп алуға» құштар кезі еді.
«Ойнап қойылған сұраққа шындап жауап бер» деген халық қағидасын қапысыз ұстанатын Жөкең: – Көңілің толмай тұрғанмен, бұл берілген 20 тиын – «нәпіл садақа» деп аталады. Беруші де, алушы да бұны Алла жолына садақа деп шын ниетімен бірі ұсынып, бірі алып жатқан соң, сөз жоқ, ниет қабыл болады. Ал әлгі сен айтқан «ештеңеге тұрмайтын» 20 тиынды қазір алдымнан жүгіріп шыққан немереме берсем, ол қуанады. Жерде бір бала қуанса, аспанда мың періште шат болады. Мың періште қуанса, бүкіл періштелер әлемді нұрландырады, – деген екен.
Ойлап қараған адамға «әлемнің нұрлануы» деген сөздің өзі бүкіл адамзат арасындағы ынтымақтық, сыйластық, иба, ізет, қамқорлық, тағы басқа достық пейіл мен бейбіт өмір нышандарының жиынтығы. Адамдардың бір-біріне деген осындай сыйластық пен құрметінің ұлғайған көрінісі үлкенүлкен елдер арасындағы, мемлекеттер арасындағы терең түсіністікпен ұштасып жатады. Мұның өзі экономикалық алыс-берістер мен саяси барыс-келістерге, «бейбіт қатар өмір сүрудің» түрлі жолдарын белгілейтін шараларға ұласады. Ал ол бүкіл адамзат армандаған «Бейбітшілік» ұғымын жандандырып, бүкіл әлемде береке, бірлік орнайды. Міне бұл – Жөкеңдердің түсіндіруіндегі «нәпіл садақа» деп отырған бір ғана 20 тиынның пәлсапасы!
Тағы бірде бір кісі Жөкеңе келіп: – Анау түгенше деген бұл дүниедегі нағыз тозақы, Құдайдан безген адам! Күнделікті қасында жүрген жазықты, жазықсыз пенделерді боқтап-боралап жүрген бейпіл ауызымен кеше Құдайды да боқтады. Бұған қандай шара көруге болады, – деп, «Құдайға ара түсіп» өзінше күйінген болып отырса керек. Мақсаты әлгі боқтампазды Жөкең сияқты елге белгілі адамдардың ықпалымен бір тұқыртып алу ғой. Осыны байқап отырған Жөкең: «Жаны күйген Тәңірісін қарғайды» деген бұрынғы аталарыңнан келе жатқан сөз бар. Ол Түгеншеңіз Құдайды боқтаған болса Құдайдың бар екенін біліп отырғаны ғой. Алланың кеңшілігінде сөз жоқ, оны кешіру, кешірмеу ісі – бір Құданікі! Қалай болғанда да ол мұсылман екен! Ал сендер мұқым елге «Құдай жоқ» деп жар салып, халықты осы Құдайдың жоқ екендігіне толық сендіре алмай арамтер болып жүрген жоқсыңдар ма?!» деген екен.
Ол кезде намаз оқымаған адамды мұсылманға санамаған, жолаушылап келіп түскен үйінде ешкім намаз оқымайтын болса, ол үйден тамақ ішпей аттанатын молдалар да болғандығын айтып отыратын еді үлкендер. Ал Жөкеңнің ел арасына тарап кеткен осындай әңгімелерінен жұртты сөзіне еліктіріп, өзіне ертемін деген адамның көңілі кең, жүрегі таза, ойы терең болуы керек екенін түсіну қиын емес. «Кең болсаң – кем болмайсың» дегендей, жұртты тозақпен қорқытпай-ақ та, жұмақпен жарылқамай-ақ та дін мұсылманның жолына қалай иліктірудің есебін білген кісі екенін сезініп отырасың.
Бұл реттен келгенде Жөкеңді жұрт «адвокат» деп те айтып қалады. Себебі: «Оқып жатқан намазың жоқ, тұтып жатқан оразаң жоқ. Нағыз тозақы, ертең махшар күнінде отқа өртеніп, тірілей үйітілетін сен боласың!» деп, жамағатты дүниеден түңілдіре сөйлеу бұл кісіге жат. Алланың жолына түсу – өз жүрегіңнің қалауы екенін, Құдайға құлшылық ету – адамзат алдындағы парызыңды адал орындау, біреуге қиянат жасамау, біреудің сыртынан ғайбат әңгіме айтпау, кемтарларға қол ұшын беру, кісінің ала жібін аттамау екенін жай сөзбен, жатық тілмен жеткізетін майда тіл кісі ретінде дәріптелетін. Халық арасында «Жүніс молда» атанған бұл кісінің уақытында кенттің «Құсхана» деп аталатын бетіндегі Құмбөгет көшесінде мешіт болатын. «Мешіт» болғанда ол кезде арнайы мешіт салынбайды. Аздаған ескіден қалған ілімі бар адамдар мен кезінде ауыл молдаларынан сабақ алып, үлкейген шағында өзін Алланың жолына бейімдеген жандардың жұма сайын барып, бас қосып намаз оқитын үйі. Шамасы, босаған бір үйді жалға алып мешіт қылып отырған болуы керек, кәдімгі тұрғын үй десе де болады.
Жүніс, Смағұл молда, Тұрақ мақсұмның баласы Мінәж молда, Әлібай ахунның ұрпағы Әжмағамбет молда, Әпен ақсақал, оның ішінде менің әкем де бар, бірсыпыра кісілер жұма күні түске қарай есектерін ерттеп, Құмбөгет көшесіндегі осы үйді бетке алады. Жұма намаз аяқталғаннан кейін Жүніс молданың уағызын ұйып тыңдаған жұрт көкірек қуысы кеңіп, рухани шаттанған сезіммен үйіне қайтады, келесі жұманы асыға күтеді. Осындай «Жөкең айтыпты» деген әр сөздердің астарында терең мағына, ғибратқа толы толғамдар жататын. Өзінің жұмсақ үнімен, майда тілімен тыңдаушысын баурап алу шеберлігі өз алдына бір әңгіме.
Сексенінші жылдардың бас кезінде әкеміздің осы мешітте азаншы болған кезі болды. Ол кезде «жиырмалық» деп атайды, аудандағы жалғыз мешіттің ұйымдастыру жұмыстарында жүретін осы жиырма адам барлық ауылдардағы діни салт-дәстүрге байланысты жұмыстарын үйлестіріп жүреді.
Бір күні әкем мешіт қызметкерлерін үйге шақырып тамақ беруді ұйғарса керек, түскі үзілістің кезінде жұмыстан келсем қонақтардың шай мен еттің арасындағы жақсы әңгімелері басталып кеткен екен. Тарихаттан, шариғаттан жүйе-жүйесімен әңгіме айтып отырған Жөкеңе отырғандардың ішінде батылдау біреулері анда-санда рұқсат сұрап алып сұрақ қойып отырады. Өз тілдерінде мұндай сұрақ қоюды «сауал» деп атайды. «Сауал қойсам бола ма?» деп алып қойылған сұрақтардың әрбіріне Жөкең талдап, тәпсірлеп жауап береді. Оның өзі сала-саласымен, жүйежүйесімен айтылғасын тыңдаушыларын хисса тыңдағандай еліктіреді. Сондай бір сөз арасында Жөкең аят па, сүре ме қайдам, араб тілінде бірталай әңгіме айтты да, Әжмағамбет ақсақалға қарап: – Осы сөздердің мәнін түсіндіріп бер дегені.
Ол кісі сасыңқырап: – Тақсыр, мен қайдан білейін?! – деп күмілжіп қалды.
– Әне, сен білмегенде былайғылар қайдан түсінсін, – деп алды да әлгі араб тілінде айтқандарын сөзбе-сөз қазақша қайталап берді.
Осы көріністен ол кісінің бұл саладағы деңгейі құранды жаттап алған формальды оқудың жемісі емес, терең діни білім екенін аңғаруға болатын еді.
Энциклопедиялық деректердің бірінде: «Жүніс молда (1901-1989) атақты Бостан бидің баласы Шөмекей тайпасының Қожагелді аталығынан. Бұл кісі Бұхараны орыс алғанда (1920-1925) сонда ұсталып, түрмеге түседі. Өзі Бұхара медресесінен білім алған санаулы жандардың бірі еді. Туған ағасы Әбдікәрім «Мир араб» медресесін бітірген, Бұхаришәрипке белгілі ғұлама кісі болады» деп көрсетеді. Негізі Аманжолұлы Жүніс деп айтылады. Бостан бидің баласы деп отырғаны – сол кісінің әулетінен тарағанын білдірсе керек. Демек, Шөмекей Қожагелді аталығындағы белгілі әулеттен тараған.
Бұл кісіні Бұхарадағы діни медреселер мен төрт ғасырлық тарихы бар «Мир араб» медресесіндегі ғұламалардан дәріс алып, халыққа рухани демеу болған Ораз ахун, Алдашбай, Қожабай ахундар мен өз аталары Әлібай ахундардың ізін жаңғыртқан заңды жалғасы ретінде қарасақ та артық болмайды. Кеңес үкіметінің коммунистік партия бастаған жетпіс жылдық атеистік кезеңінде өмірлік ұстанымы мен дүниетанымдық көзқарасын өзгертпей, өзінің өнегесімен де, тарихат пен шариғат негізіндегі ғибратты әңгімелерімен де ұрпақ санасына имандылық пен адамгершілік рухын сіңіріп отыруы – ол кісінің дін қайраткері ретіндегі болмысын аша түседі. Бойына жинақтаған ілімді өзінің көркем мінезімен ұштастыра отырып, мұсылмандық шарттарын берік ұстанған ол ешкімді мемлекеттік саясатқа қарсы үгіттеген жоқ. Әдет-ғұрыпқа жат әрекеттер мен қоғамға зиянды пиғылдардың алдын алуда өз шекарасында күрес жүргізе білді. Әрине күрес құралы – майда тілі, ұлағатты әңгімелері, ғибратқа толы уағыздары, терең ілімі еді. Осынысымен ол сол кездегі бес уақыт намазы бар адамдармен бірге «атеистпін» деп жүрген азаматтарды да өзіне баурап алатын. Соны сезетін партия қызметінде жүрген аудан басшылары да оған теріс көзқараста болған жоқ, кездескен жерде ілтипаты мен құрметін көрсетті. Халық сыйлаған адамды ол кісілер де «Жөке, Жөке!» деп алдынан кесіп өтпей жүрді.
Біз білетін Жүніс ақсақал мен оның төңірегіндегі ақсақал, қарасақалдар ұрпақ өсіруде тәрбиенің тініне «имандылық, адамгершілік» деген бір ғана мәселені арқау етіп алатын да, «мұсылмандықтың бес парызы», «қырық парыз» деп аталатын басқа мәселелерді осы ұғымның төңірегіне топтастыратын. Өзіміз көрген дін ғұламаларының соңғы көрнекті өкілдерінің бірі – Жүніс Аманжолұлының есімін ұлықтап, істеген істері мен айтқан әңгімелерін кейінгілерге өнеге етушілердің қатары әлі сиреген жоқ. Қай ортада болса да аты құрметпен аталады. Құдай қосқан қосағы Рахима Ысқаққызы екеуінен оншақты перзент болғанымен 1936 жылы туған Мүсілім мен 1939 жылы туған Раушан ғана кешегі күнге дейін келіп, ағайын арасында түрлі салада еңбек етті. Дүниеге ұрпақ әкеліп, тәрбиеледі. Ұрпағына оқу оқып, білім алуды өсиет еткен атасының өнегесімен Мүсілімнің балалары түгелдей жоғары оқу орындарында оқып білім алды. Білікті мамандар болып түрлі салада еліміздің экономикалық өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосуда. Олардың барлығы өздерін тәрбиелеп өсірген әке-шешелерінің рухына бас ие отырып, атасы Жүніс ақсақалдың қоғам тәрбиесіндегі үлкен орнын мақтанышпен айтып жүреді.
Шегебай ҚҰНДАҚБАЙҰЛЫ,
Қармақшы ауданының құрметті азаматы