» » » Сырдың Серік серісі

Сырдың Серік серісі

Сыр елі алыстан атын, жақыннан затын жазбай танитын талант иесі Серік Ыдырысов Қармақшының киелі топырағында дүниеге келген.Базар жырау, Кете Жүсіп, Ешнияз сал, Шораяқтың Омары, Тұрмағанбеттен бері Жиенбайдан Көшенейге дейінгі қоңыраулы көш жыр дариясының маржанын тізіп бүгінге жетті. Алмастың асыл ойымен, Арнұрдың ақ домбырасымен, Серіктің серке сөзімен ертеңге бет түзеп бара жатыр. Бір парақтың көлемі, бір сөздің беделі аздық қылатын қасиетті өлкенің ақын-жырауларын түгел түстеп, түгесе атап отырмағанымыз белгілі, әрине. Біз сол бір сақтиян сандықты ашып, дарияның тамшысы, дүлдүлдің қамшысындай сөз ұстасы осы бүгін ата жасына келіп отырған Серік Ыдырысовқа сөз арнамақпыз.
Серіктің әке-шешесі Махмұт пен Күләйша «Жаңақала» совхозының шопаны болатын. Бала Серік баябан даланың кеңдігін кеудесіне сыйдырып, жадына жақсылардың ғибратын түйіп өсті. Оқушы кезінде-ақ үш ауыз сөз айтса, екеуін ұйқастырып тұратын. Оған қоса домбыра тартты. Сүлейлердің саз-мақамдарына салып, небір термелерді айтуды меңгерді. Сондықтан 1975 жылы мектеп бітірісімен арман қанатына мініп, Қызылорданың пединститутына келді. «Оқысаң жарқыраған жырау, арқыраған ақын боласың» – деді үлкендер. Бірақ, институтта жыраулық оқуы жоқ болып шықты, ешкім бұл жерге ақын боламын деп те келмейтін көрінеді. Мейлі, өзінде бар нәрсені оқып қайтеді. Есесіне филология факультетінің ән-музыка дейтін бөлімі бар екен. Сол бөлімнің студенті атанды. Шынында институт білгенін биіктете түсті. Жаңақорған дейтін көктемі ерте шығатын жердің сұлу қызы Бибіжандай жар тапты.
Төрт жылдан соң екеуі қол ұстасып «Жаңақалаға» келді. Өзінің алтын ұясы №185 мектепке біреуі музыка, біреуі қазақ тілі пәні мұғалімі болып жұмысқа тұрды. «Жас келсе – іске» деген, жас маман Серік Ыдырысов мектеп оқушыларынан оркестр құрды. Біреуден домбыра, біреуден сырнай табылды. Оларға сыбызғы мен қобыз қосылды. Не керек, осы  оркестрдің даусы ауылдан асып, ауданға жетті. Тіпті, оны сол кезде Ленинск деп аталатын Байқоңыр телеарнасында қызмет ететін Темірхан Әбзейітов пен Шәкизада Әбдікәрімов естіп, арнайы келіп, таспаға түсірді. Көп ұзамай ол Алматы телеарнасынан жарқ ете қалды. Мектеп балалары өнерінің бүкіл қазаққа таратылуы ауыл емес, аудан тарихында бірінші мәрте еді. Бұл Серіктің еңбегімен келген жаңалық болды.
1982 жылы аудандық білім бөлімінің басшылығы Серік пен Бибіжанды совхоздың «Кекірелі» бөлімшесіндегі сегізжылдық мектепке жіберді. Негізгі мақсат ауыл балаларының өнеріне қолдау білдіру болатын. Серік бұл мектепте де оқушылар оркестрін ұйымдастырды. Ауыл балалары  өнерге шетінен икемді екен. Сөйтіп, 1 мен 8-ші класс аралығындағы балалардан топтасқан тағы бір оркестр құрылды.
Сол жылы 7 қараша қарсаңында ауылға обкомның 2-ші хатшысы Виктор Голубенко мен ауданның 1-ші басшысы Елеу Көшербаев келді. Шаруашылықты ғана көріп қайтпасын, балалардың өнерін де тамашаласын деп басшыларды мектеп оркестрі күй ойнап қарсы алды. Сонда облыстан келген басшы басын шайқап таңырқады.
Келесі  жылғы  мұғалімдердің аудандық тамыз мәслихатында сөз сөйлеген аупарткомның 1-ші хатшысы Елеу Көшербаев Серік Ыдырысовтың атын атады. Оны үлгі қылып, мұндай маманды аудан орталығына алдыру керектігін айтқан. Содан кейін ол кісінің өзі басқа қызметке ауысты да, Серік екі-үш жыл сол ауылда қала берді.
Айтпақшы, басшылардың сол сапарындағы бір қызық оқиға естен кетпейді. Үлкен кісілер оркестрді тыңдаған соң кластарды аралады. Бесінші кластың сабағына кіргенде сөз бастап, бір нәрсе айтуы керек болған мектеп директоры:
– Балалар, алдымызда қандай мейрам келе жатыр? – деп сұраған. Оқушылар «Октябрь революциясының күні келе жатыр» деп жауап беруі керек еді. Бірақ олар мұндай саяси сұрақты бірінші рет естіп тұрғандай тым-тырыс қалды. Сонда арт жақтан бір баланың:
– Қойқашырым мейрамы келе жатыр, – деп саңқ ете қалғаны.
Шынында қой фермасы үшін қойқашырым науқаны да бір мейрам. Осы науқанда ақталған үйге қызыл шүберектер ілініп, ауылға автолавка, автоклуб, тіпті ауданнан әртістер де келетін. Осы тұрғыдан баланың жауабы дұрыс еді. Бұл жердегі ыңғайсыздықты үлкендердің күлкісі ыдыратып жіберді.
…1986 жылы облыстық айтыс өтті. Ол уақытта айтыстың басы-қасында Шайтұрсын Әбдібаев пен Жәдігер Тұрсынов жүретін. Бұл айтысты да солар ұйымдастырып ашты. Сонда ауыл мектебінен шақырылған Серік айтысқа бірінші мәрте шықты. Сол шығысында-ақ көрерменнің ықыласына бөленді. Айтыстан соң Павлодарда өтетін республикалық айтысқа кімдердің баратыны хабарланды. Бұл тізімде Серік жоқ еді. Жұрт орнынан көтеріле бергенде көп арасынан бір кісі дауыстай сөйледі.
– Сырдың намысын жоқтайтын, сөздің намысын жоғалтпайтын адам керек десеңдер Серікті неге қоспайсыңдар? Ал, анау Бекұзақтың ақындығына неге бойламайсыңдар? Қосыңдар екеуін!
Бұл өтініш-пікірден гөрі бұйрыққа ұқсайтын сөз еді. Мұны айтып тұрған генерал Есен Демесінов екен.
Сол сөздің пәрменімен Серік пен Бекұзақ та Павлодарға барды. 
Павлодарда Серік Әселхан Қалыбековамен, Бекұзақ Көпбай Омаровпен айтысты. Бекұзақ өзінің «Аралдың табанынан су кеткенмен, халқының жүрегінен жыр кеткен жоқ» дейтін атақты өлең жолдарын сол айтыста алғаш рет айтып, жұртты дүр сілкіндірді.
Осы айтыстан соң Серіктің аты да шарықтап кетті. Ауылға келген соң ауданның 1-ші басшысы Әбдіразақ Әлібеков екі-үш жыл бұрынғы Елеу Көшербаевтың сөзін еске салып, «Кекірелі» мектебінің мұғалімін аудан орталығына алдыртты. Екі бөлмелі үй бергізді. Ерлі-зайыпты мұғалімдер осылайша Жосалыдағы №121 мектепке орналасты.
Сол кезден бастап Серік әр айтысқа шақырту алатын болды.   Әр айтыстан жүлдемен оралды. Серіктің суырыпсалмалығы өте жылдам. Айтар сөзін жаттап келген сияқты дейін десең, аяқасты уәжіне қарап қайран қалмасыңа тағы болмайды. Оны өзі қатарлы басқа өнерпаздан даралаған осы бір қыры.
Кезінде Манап пен Махамбетқали ақынның тәрбиесін көп көрді. Солар қайда жүрсе, Серік сонда жүрді. Зәмәдин Ибадуллаевтың сабағын алды.
Серіктің суырыпсалмалығын мойындаған мәдениет басшылары оны үлкен жерлердегі, қонақ қарсы алудағы арнау айтуға жиі алдыратын.
Әлі есінде, 1992 жылы Алматыда Дүниежүзі қазақтарының құрылтайына келген Президент Назарбаевтың алдынан шығып арнау айтатын болды. Президент келе жатқанда аспанды бұлт буып тұрған. Бір кезде ол кісі көп адамның қоршауына аялдады. Серік арнауды бастай бергенде жаңбыр да себелей жөнелді.
Патша да бір құдайдың құлы емес пе,
Нұрағам алты Алаштың ұлы емес пе.
Өзіңізге еріп келген аппақ жауын,
Болашақ халқымыздың нұры емес пе?! – деп Серік те төкті. Ақ жауын да бір, ақыннан шығып жатқан өлең де бір, құйып берсін. Бір кезде бажайлап көзін салса, Елбасы ризашылықпен қол шапалақтап тұр екен.
Серік Индия премьер-министрінің, Финляндия, Түркия президентінің, Түркменбасының алдында арнау айтқан ақын. Сөз жоқ, мемлекет басшыларының мысы басады. Қазақ айтпақшы, олар жай адам емес, құдайдың жердегі көлеңкесі. Серік соның біреуінде де сүрінген жоқ. Осыған байланысты оған «сарай ақыны» деп ат таққандар да бар. Кейбіреу мұны кемсіту деп ұғады екен. «Сарай ақыны» мемлекет атынан сөйлейтін ақын, ол той ақыны емес. Ертеде сарай ақынына патшаның жанынан орын берген. Егер Серік елімізге келген бірнеше мемлекет басшысының көңілін аулап, оның өз халқына пайдалы бір қадам жасауына себепші болып жатса, онда оның атын дәрежесіне қарай тым биікке қойсақ та артық емес.
Осындай дәреже биіктігін ақынға шәкірттері сый қылды. Шәкірт демекші, осы өңірдегі жыр мен жыраулықтың жолында жүрген қаншама өнер өкілдері өздерін Серік Ыдырысов пен Алмас Алматовтың шәкіртіміз деп санайды.
Былтыр сол шәкірттері – Л.Әбдіхалықова, Ш.Сүлейменов, М.Ниязов, Н.Мансұров, М.Бай­дәулетов, К.Түрікпен, Н.Бердіқожа, М.Айтбай, М.Дауылбай, Б.Қарғабаев, М.Сүгірбай,  тағы да басқалары өзара ақылдасып, ақынның алпыс жасына дайындығымыз болсын деп қолдарымен қаржы жинап, Серік Ыдырысов атындағы жыраулар мектебін ашты. Аты солай болғанмен, бұл мектепте шешендік сөз, айтыс өнері, асабалық, жыр-термешілік деген секілді бірнеше дәріс жүргізіледі. «Үйренушінің жасына да шек қойылмайды. Қазір мектебіміздің ең жас шәкірті 4 жасар Аруна Нұрлан былтырдан бері отыздан аса терме жаттапты, сахнаға да шығарып жүрміз» – дейді мектептің жетекші ұстазы Мақсат Дауылбай. Айтса айтқандай, бұл мектептің талапты жасқа үйретері көп екен. Әзірше, демеушілікпен жұмыс жасап отырған мектеп болашақта бюджет қаржысымен жұмыс істей бастаса, онда Сыр елінің сарқылмайтын бұлақтай дәстүрлі өнері өрлей түсер еді.
Осы әңгімеміздің барысында жыраулар мектебінің басшысы демеушілігі үшін кәсіпкер Дархан Ыдырысовқа алғыс білдірді.
«Былтыр осы мектептің ашылуына орай Серік Ыдырысов атындағы республикалық жас ақындар айтысы ұйымдастырылған болатын. Осы айтысты дәстүрге айналдырмақпыз. Биыл сәуірдің соңғы күнінде 2-ші республикалық жас ақындар айтысы өткізілмек» – деді Мақсат Дауылбай.
Серік Ыдырысовтың 60 жылдығы аясында өтетін бұл айтысты ақынның өзі оқытушылық қызмет істейтін  Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті ұйымдастырып отыр екен.
Бұрынғыдай тек сүре айтыс емес, қайым, қыз бен жігіт, өтірік айтыс   сияқты сөз сайысының бірнеше түрін танытатын бұл айтыс шынында үлкен дүбір болғалы тұр.
                                                                                              Д.Беркінбаев





21 сәуір 2018 ж. 1 808 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№102 (10367)

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031