Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет: адалдық пен жауапкершілік

Сыбайлас жемқорлық мәселесі қоғамда көбіне құқықтық шеңберде талқыланады. Бұл туралы әңгіме қозғалғанда, көп жағдайда назар пара беру мен алу фактілеріне, заң бұзушылық пен жазаға ауады. Бұл мәселені тек жазалау шараларымен немесе қатаң заңдармен жеңу мүмкін емес екенін әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр. Ең басты мақсат – қоғамда жемқорлықтың кез келген түріне деген «мүлдем төзбеушілік» мәдениетін қалыптастыру және әрбір азаматтың ішкі парасаттылық фильтрін орнату.
Қоғамда көп жағдайда адамдар жемқорлықты айыптайды, бірақ оған қарсы әрекет жасамайды. Көпшілік заңсыздықты көрсе де, оған қарсы шығуға асықпайды. Бірі «менің шаруам емес» десе, енді бірі «бәрі солай істейді» деп өзін ақтайды. Осындай немқұрайлылық уақыт өте келе бейтараптықтан төзімділікке, ал төзімділіктен қалыпты қабылдауға алып келеді.
Жемқорлықтың таралуы көбіне қоғамдық қабылдаумен тікелей байланысты. Егер қоғам жемқорлықты қалыпты құбылыс ретінде қабылдаса, ол моральдық шекарадан шығып, функционалдық құралға айналады. Мұндай жағдайда жемқорлыққа бару қылмыс емес, «жағдайды шешудің жолы» ретінде қарастырылады. Қоғамда «еңбекпен емес, байланыспен» жетістікке жету түсінігі орнығады.
Жемқорлықпен күресте тек бақылау мен жазалау шараларына сүйену жеткіліксіз. Әрине, заңның қатаңдығы қажет. Бірақ ол ішкі жауапкершілікпен толықтырылмаса, нәтиже уақытша болады. Қорқынышпен орындалған талап санада құндылыққа айналмайды. Ал сана өзгермей, қоғам да өзгермейді.
Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың 2026 жылы 5 қаңтарда «Turkistan» газетіне берген сұхбатында қоғамның ең өзекті мәселелерінің бірі – жемқорлықпен күреске тоқталып: «Жалпы, жемқорлықтан аулақ болу қажеттігін балалардың құлағына жастайынан құя берген жөн. Бұл жерде мектептер, қоғамдық ұйымдар, белсенді азаматтар, әсіресе, ата-аналар шешуші рөл атқаруға тиіс. Сол кезде елімізде жең ұшынан жалғасқан жемқорлыққа мүлдем төзбеу мәдениеті қалыптасады», - деп атап өтті. Президенттің бұл сөзі – тек үндеу емес, болашақ ұрпақтың санасын сауықтыруға бағытталған нақты стратегия, әрбір қазақстандыққа жүктелген моральдық жауапкершілік.
Мектеп қабырғасында балаға тек академиялық білім беріп қана қоймай, жемқорлыққа төзбеушілік мәдениетін сіңіруіміз қажет. «Арыңды жасынан сақта» деген бабалар аманаты бүгінгі заманның «комплаенс» саясатының негізі іспетті.
Қазіргі таңда квазимемлекеттік секторда комплаенс қызметтерінің енгізілуі – мәдениетті трансформациялаудың практикалық қадамы. Бұл – ұйым ішіндегі тазалықты, адал бәсекелестікті және этикалық стандарттарды сақтаудың кепілі. Әрбір мекеме жемқорлықтан ада аймаққа айналғанда ғана жалпыұлттық деңгейдегі нәтижеге қол жеткіземіз.
Сұхбаттағы ең маңызды тезистердің бірі – «жең ұшынан жалғасқан жемқорлыққа мүлдем төзбеу мәдениеті». Халықаралық тәжірибе көрсеткендей жемқорлық деңгейі төмен елдерде заң ғана қатал емес, қоғамның өзі парақорлықты ең ауыр моральдық қылмыс, «арсыздық» санайды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мәселесін түйіндей келе, бұл үдерістің тек құқықтық реттеумен шектелмейтін, терең әлеуметтік-психологиялық құбылыс екенін аңғарамыз. Жемқорлықпен күрес – бұл әрбір азаматтың өз құқықтары мен міндеттеріне деген жауапкершілігінің көрінісі. Мәдениеттің өзгеруі қоғамның «мәселені жедел шешудің» бейресми жолдарынан саналы түрде бас тартып, заңдылықты басты құндылық ретінде қабылдауынан басталады.
Адалдық мәдениеті тікелей қоғамдағы репутация институтының қалыптасуымен байланысты. Материалдық игіліктен гөрі адамның абыройы мен кәсіби тазалығы жоғары бағаланған ортада жемқорлық өзінің әлеуметтік тартымдылығын жояды. Сондықтан мемлекеттік қызметшілерден бастап, қарапайым азаматтарға дейін кәсіби этика мен жеке парасаттылықты күнделікті өмірдің бұлжымас нормасына айналдыруымыз тиіс.
Ш.Кизбаев,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
Қызылорда облысы бойынша департаменті
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу
басқармасының бас маманы













