» » ЖЫЛ ИЕСІ – ЖЫЛҚЫ

ЖЫЛ ИЕСІ – ЖЫЛҚЫ

Барша халық жылыстап келген жылан жылын шығарып салып, жылқы жылын қарсы алды. Халықтық жыл санау есебінде 12 жыл аты болса, әрқайсысының өзіне тән ерекшелігі бар. Халқымыз әр жылда жыл иесіне қарап келген жылда қандай өзгерістер болатынын болжап отырған. Мәселен, тышқан жылын береке, ырыс, татулық пен тыныштықтың жылы деп санаса, мешін жылы жайсыз, бүліншілік, сәтсіздіктер мен жағымсыз оқиғалардың көп болуы мүмкін деп қорқып отырған. Ал ұлу суда өсетіндіктен, бұл жылы астық, шөп мол болады деп, оны жайлы, жұмсақ жыл, ал қоян жылы жұт, аштық, ауыртпалық болады деп сенген. Ал жылқы жылы ше?
Жалпы жылқы – қазаққа жақын жануардың бірі. Көшпенділерді жылқы малынсыз елестету мүмкін емес. Сондықтан да көшпенділер мен жылқы түлігі егіз ұғымдай қосарланып айтылады. Тіпті көшпенділер қауымын «аттылар әулеті» деп те бекерден-бекер айтпаса керек. Өйткені, ұланғайыр даланың, ұлан байтақ өлкенің ұлы тұрғындарының тыныс-тіршілігі, өмір-салты, өнер-білімі, әдет-ғұрпы, салт-санасы, салтанаты, бір сөзбен айтқанда бүкіл мәдениеті жылқы түлігімен тығыз байланысқан. Қазақтар сондай-ақ адамның мінезін жылқымен байланыстырып «жылқы мінезді» деп жатады. Яғни адамның көңілінің кеңдігін, пейілінің дарқандығын, қасіретке қайыспас, қайғыға берілмес, қайсар қажырын ер жігіттің ішіне ер тоқымды ат сияр деп қайырса, сабырлы да салмақты, бір ауылдың ұйтқысы болып отырған, жаны жайлау, біртоға бәйбішені бес биенің сабасындай деп береке, құтқа балаған. Қазекем жылқыны, ең алдымен, ел қорғаны ердің жан серігі деп дәріптеген және қоғамда байлық мөлшері тек жылқымен ғана өлшенген. Мәселен жылқысының саны 5000-нан асатындар ғана бай санатына жатқызылған. Мұхаммед Хайдар Дулати өз еңбегінде «Біздің асыл дүниеміз бір ғана жылқымыз, ләззат алатын асымыз – ет, сүйетін шәрбатымыз – қымыз, қызық көретініміз – өрістегі жылқымыз» деп жазады.
Қазақтар үшін жылқының орны бөлек болғандықтан, шығыс күнтізбесі бойынша жылан жылынан кейін келетін жылқы жылын құт-береке жылы деп бағалап, асыға күткен. Жылқы жылы – жұтсыз деп те жатады. Ел есінде жылқы жылы болған ауыртпалық, қайғылы оқиғалар болмаған. Жылқы жылы қазақтың батыр игі жақсылары Қаракерей Қабанбай, Жамбыл Жабаев, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіровтер дүниеге келген.
Жылқы жылы қазақ үшін жаңару, қозғалыс символы болып саналады. Жылқы жылына дәл келмесе де осы бір уақыт аралығында біршама тарихи оқиғалар болғаны белгілі. Мәселен, екінші дүниежүзілік соғыстың ең қиын (1942 жыл) кезеңі де осы жылқы жылымен сай келді. Ал 1990 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі 25-қазанда Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылдады. Бұл – тәуелсіздікке жол ашқан маңызды қадам. Егемендік декларациясы елдің саяси-құқықтық негізін қалап, бір жылдан кейін толық тәуелсіздікке әкелді. Жұт немесе апат емес, керісінше, ұлттық жаңғырудың бастамасы болды.
2002 жылы Астанада «Бәйтерек» монументі салынды. Ол – елорданың символына айналған ескерткіш. Бұл жыл елдің экономикалық өсуі, астананың дамуымен ерекшеленді.
Сондай-ақ шекара делимитациясы (Өзбекстанмен келісім) сияқты маңызды дипломатиялық оқиғалар да осы кезеңде болды.
2014 жылы Қазақстанның экономикасы тұрақты өсті, халықаралық беделі артты. Еуразиялық экономикалық одаққа кіру процесі жалғасты, әлемдік саммиттер өтті. Бұл жыл ел есінде даму жылдарының бірі ретінде есте қалды. Есігімізді ашқан жылқы жылы да жайлы, берекелі болатынына сенім мол. Себебі жаңа бастамалар, жүйелі жоспар мен үміт еткен істер көп.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
08 қаңтар 2026 ж. 73 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№1 (10469)

06 қаңтар 2026 ж.

№100 (10468)

31 желтоқсан 2025 ж.

№99 (10467)

27 желтоқсан 2025 ж.

Хабарландыру

ХАБАРЛАНДЫРУ!

ХАБАРЛАНДЫРУ!

18 қараша 2025 ж.
Шұғыл хабарландыру!

Шұғыл хабарландыру!

04 қараша 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 2 189
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңарған Жосалы
02 қыркүйек 2025 ж. 835

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031