» » БАЛЫҚТЫҢ МИСЫЗ БАСЫ

БАЛЫҚТЫҢ МИСЫЗ БАСЫ

Иесінен рұқсат та сұрамай,
Жұрт есімді бұрмалауға құмар-ай!
Азан атын шақырса да Бақыт деп,
«Бәкөл» болып шыға келген бұл ағай.
Еркелету жарасса да сәбиге,
Лақап атты қанша арқалар пәниде.
Бастысы сол – азамат боп өскені,
Бар мәселе есімде емес, әрине.
Сол азамат жаны тұнған ибадан,
Жәндікке де зияны жоқ, сыйлы адам.
Ел қатарлы қарапайым тұрмысы,
Тыраштанып дүние де жимаған.
Жары – Күләш, кербезденген көр сәнін,
Жыры делік, гүлі делік ортаның.
Таба алмаса керек ондай әйелді,
Жігіт біткен жеті айналып жер шарын.
Тосыннан кеп, түнделетіп түс, мейлі,
Қабағы ашық, қазаны оттан түспейді.
Сол бәкене бойлы Бәкөл – Бәкеңнің,
Хикаясы – бір кітапқа жүк дейді.
Баян етсем – ыңғай беру – ырқыңда,
Құмарттың ба,
Құлағың сал,
Сыр тыңда!
Қағытпасы – сойып салар түлкіні,
Қалжыңқой көп балықшы ауыл жұртында.
Ал балығы...
Шіркін, Сырдың сазаны-ай,
Семіздігі – сары алтындай таза май!
Оны көр де,
Ысырып қой жылқы етін.
Қазы-қарта, жал-жаяға қарамай.
Жыл он екі ай сондай асқа байланған,
Асқазаның онсыз қайтіп жайланған?
«Ақұдайлап» айлы түнде ау салып,
Айдыны асау Ақбастыда ауланған.
Бәденді әйел, бәйбішесі тым пысық,
Қалақтайын қара шалын пір тұтып.
Ойнаттырып отты ошақ астында,
Бабыменен балық асқан былқытып.
«Ал, алыңдар, ақ сазаннан, ақ майдан!»
Бала-шаға «тойсам» деген тәтті ойдан,
Қорадағы қойды тартқан қасқырша,
Бес-алты қол дастарқанға лап қойған.
Абайсызда ауға түскен «ай бағып»,
Мақұлығың шынымен де майлы анық.
Сұқ саусақ та шұқып-шұқып құйрықты,
Барады әне, қу қаңқаға айналып.
Балық еді ол,
Жарты құлаш,
Енді, ірі,
Талапайдан түк те қалмас ендігі.
Көзін сатып, көсегесі көгергір,
Кежегесі кейін тартқан кенже ұлы.
Әншейінде сөзі шағар бүргедей,
Отырысын қара мұның үндемей.
Миығынан мырза әкесі мырс еткен:
«Мына түрмен аш қаларсың дым жемей».
– Әй, Нукәнжан, бүгін сенің кешің бе?
Осы жолы тоймай-ақ бар бешірге.
Сыбағаңды ажыратып тікеңнен
Ініңе бер,
Әшкөнтайым жесін де!
Ұлдың дәмге қол созғанын күткен-ді.
– Жоқ, жемеймін!
Қыңырланды ол, тістенді.
«Ее, неге» – деп, аңтарылған әкесі,
Қалбалақтап асты-үстіне түсті енді.
– Қалауыңды айт, өзіңе не керегі?
– Мен де балық миын жегім келеді.
– Ойбуй, – деген отағасы сасып қап,
Оны өңештен өзі өткізген себебі.
– Айналайын,
«Ақұдайым»,
Көкем, қой!
Салғыласып жатсың бермей бекер бой.
Арзымайтын, ақылы жоқ ақымақ
– Бұл балықта мүлде ми жоқ екен ғой.
– Шын ба?
– Иә, шын!
Емес екен есі бар.
Жалған айтсам, құлағымды кесіп ал!
Бұл миғұла мақұлықта ми болса,
Аңдамастан ауға ұрынып несі бар?!
Болар ма еді қиқар бала сендей тым,
Қай-қайдағы жоқ нәрсені бер дейсің.
– Жаңа ғана шылқылдатып өзің жеп,
– Ол қауақбас десем неге сенбейсің?
Табақтағы қалған қаңқа – құр мазақ,
Жүгірмектер жеп тауысқан жұлмалап.
Жыпылықтап тұр Әшкөннің жанары,
Басқа да бір, әкесіне бір қарап.
...Мен – мұғалім, тентек ұлды түсінем,
Қажет те емес ілік іздеп ісінен.
...Шегі қатып күледі-ай кеп шешесі,
Аузын басып ақ жаулықтың ұшымен.
Р.S. Ойхой, уақыт, қалай зырлап өтеді,
Қызықты шақ кеше еді ғой, кеше еді!
«Ми әпер» деп әлек салған сол бала,
Жиырма беске толған жігіт деседі.
Өткенді еске ап, ойласаңыз әрнені,
Шытынар ма сағыныштың әйнегі.
Күләш жеңгей, «Бәкөл» ағай – қос жұбай,
Осы күнде жер бетінде бар ма еді?
Кейде адамды күрсінтеді сұрақ та,
Сарқылады күліп аққан бұлақ та.
«Барсакелмес» жаққа кеткен дейді жұрт,
«Табылмайтын түйені іздеп» жырақта.
Кенже ұлдың жүрегі әлі сыздай ма,
Оқшауланып телміреді түнгі Айға.
Табылмайтын түйе ғой ол ешқашан,
Табылса егер, кері оралмай жүр қайда?
Достық ТІЛЕУБЕРГЕНОВ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
облыс әкімінің «Тұран – 24» сыйлығын
18 тамыз 2025 ж. 88 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№62 (10430)

19 тамыз 2025 ж.

№61 (10429)

16 тамыз 2025 ж.

№60 (10428)

12 тамыз 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 1 243
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031