» » ҰБТ: шешуші сынақ басталды

ҰБТ: шешуші сынақ басталды

Елімізде талапкерлер негізгі ұлттық бірыңғай тестілеуді (ҰБТ) тапсы­рып жатыр. Бұл тестілеу 16 мамырда еліміздің 14 аймағында басталып, 5 шіл­деге дейін жалғасады. Ал төтенше жағдай жарияланған 6 өңірде (Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыс­тары) аталған негізгі ҰБТ 25 мамыр мен 12 шілде аралығында өтеді.
Ұлттық тестілеу орталы­ғының та­рат­қан соңғы ақпаратына сүйенсек, тестілеу басталғаннан бергі 2 аптадан аса уақытта негізгі ҰБТ-ны 71 мыңға жуық адам тап­сырды. Оның ішінде талапкерлердің 71%-ы­­ қазақ тілінде, 29%-ы орыс тілінде, 84 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтті. ҰБТ бас­­тал­­ғалы шекті ұпайды 74%-ға жуық талап­кер жинады. Орташа ұпай 67-ні құрады. Өткен 2 апта ішінде тапсырғандардың ең жо­ға­ры ұпайы 137 болды, оны осы аптада үш та­лап­кер жи­най алды. Осы екі аптада ерекше білім беру қа­жет­тілігі бар 266 талапкер негізгі ҰБТ-ға қатысты.
Күн сайын ҰБТ екі лекте өткі­зі­леді. Статис­тика көрсет­кен­дей, таң­ғы лекте ҰБТ тап­сыру­шы­лар­дың орташа ұпайы түстен кейінгі лек­те тапсыратын талапкер­лер­ден жоғары. Қа­зіргі уақытта айырмашылық 5 ұпайды көр­сетіп тұр, яғни түс­ке дейін тап­сырғандардың орта­ша­ ұпайы – 69, ал түстен кейін тап­сыр­ған­дардың орташа ұпайы – 64.
Екі аптаның қорытындысында 126 ереже бұзушылық анықтал­ды. Оның ішінде 94 талапкер смартфон, шпаргалка, басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Тестілеу кезінде ереже бұзғаны үшін аудитория­дан 27 адам шығарылып, олардың нәтижелері ­жо­йыл­ды. Бейнежазбаларды тексеруден соң, ереже бұзған тағы 5 адамның нәтижесі жо­йылды. Ал тестілеуге кіруге талпынған, кірген бөгде адамдар анықталған жоқ. Айта кетсек, биыл ҰБТ аяқталғаннан кейін 31 қазанға дейін тестілеудің бейнежазбаларына талдау жүр­гі­зіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ереже бұзу фактілері анықталған жағдайда талапкердің ҰБТ нәтижелері жойы­лады.
Осыған дейін негізгі ҰБТ өткізіліп жатқан Астана қала­сында Қазақ технология және биз­нес университеті базасындағы пунктіге Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек арнайы барып қатысқан еді. Министр талапкерлерді аудито­рияға кіргізу барысын бақы­­­лап, талап­керлердің көңіл күйін сұ­рап, емтиханды сәтті тап­сыру­ларына тілек білдір­ді. Талапкерлермен сол кез­де­суінде С.Нұрбек: «Тестілеуде бар­лық талапкер негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, ең үздік нәти­жемен грант конкурсына қатыса алады. Жалпы саны 120 сұрақты құрай­тын тестілеуде жоғары 140 ұпай­ды алу мүмкіндігі бар­ша та­лапкердің еншісінде бол­мақ. Біз өз тарапымыздан талап­керлеріміздің тестілеу кезін­де жайлы сезінуі үшін бар жағ­дай­ды жасаймыз», деп атап өтті.
Биылдан бастап талапкер: «Құқық» және «Педагогикалық ғылымдар» білім беру­ сала­ла­­ры үшін кемінде 75, «Денсау­лық сақ­тау және әлеуметтік қам­та­масыз ету (медици­на)» ке­мінде 70, «Ауыл шаруашылығы және био­ре­сурстар», «Ветеринария» кемінде 60 (ұлт­тық жо­ғары оқу орны үшін), ұлттық жоғары оқу орын­дарына түсу үшін кемінде 65, басқа жо­ға­ры оқу орындарына кемінде 50 ұпай жи­нау керек.
Ұлттық тестілеу орталығының хабар­ла­уынша, 186 мыңға жуық талапкер тестілеуге қатысуға екі мүмкіндікті есепке алғанда 342 мың өтініш берген. Өтініш берген талапкерлердің 291 251-і – биыл­ғы мектеп түлектері. Өткен жылмен салыс­тырғанда түлектер саны 9 мыңға көп. Тест тапсырушылардың 75%-ы қазақ тілінде, 24,9%-ы орыс тілінде, 229 адам ағылшын тілінде тесті­леу­ден өтуге өтініш білдірді.
Айта кететін маңызды мәсе­ле, талапкерлер тестілеу күнін, уақытын және тапсыратын орнын өздері таңдайды. Бұл ретте олар екі мүмкіндік үшін бейін­ді пәндердің бір ғана комбина­циясын белгілеуге міндетті. Ком­би­нацияларға келсек, қазіргі таңда талап­керлердің 16%-ы «Ма­­те­­­матика-Физика», 16%-ы­ «Био­логия-Химия», 13%-ы «Шы­ғар­­машылық», 11%-ы «Мате­матика-Инфор­ма­тика» пәндерін таңдады. Ал тестілеу форматында өзгерістер жоқ. 2024 жылғы талапкерлер үш міндетті және таңдау бойынша екі пәннен тест тапсырады. «Оқу сауаттылығы» мен «Математикалық сауат­ты­лық» міндетті пәндерінен тапсырмалар саны 5 сұраққа қысқарды. Бұл бейінді пәндерден сұрақтар санын 40-қа дейін арттыруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар бейінді пәндерде берілген тізімнен сәйкестікті анықтауға арналған 5 тапсырма қосылды. Осылайша, ҰБТ тапсырмалар саны өзгеріссіз қалады, жалпы 120 сұрақ, ал жоғары ұпай – 140, яғни бұл да өзгеріссіз қалды. Оның ішінде «Қазақстан тарихынан» 20 тапсырма, «Оқу сауаттылығынан» 10 тапсырма, «Математикалық сауаттылықтан» 10 тапсырма және екі бейіндік пәннен 40 тапсырма берілген. Тестілеудің жалпы уақыты 4 сағатты (240 минут) құрайды. Ал ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға қосымша 40 минут уақыт бері­леді, көру қабілеті бұзылған балалардың ыңғайы үшін сызба және диаграммаларсыз сұрақтар әзір­ленді. Тағы бір ескеретін дүние, ака­демиялық адалдықты қамта­ма­сыз ету мақ­сатында тест нұсқа­ла­ры таң­ба­ланған. Бұл ҰБТ-ға қатысу­шы­лар­дың әрқайсысының жеке тест нұсқасы болатынын біл­діре­ді. Сонымен қатар калькуля­тор, Химиялық элементтердің период­­тық жүйесі мен тұздар­дың ері­гіштік кестесі компьютер экра­­нында қолжетімді болады. Талап­­­керлердің пікірі мен қа­лауын ескере отырып, олар­ға кес­те­­­лер­дің қағаз нұсқасы беріледі.
Ұлттық тестілеу орталы­ғы­ның директоры Болатбек Әбді­рәсілов негізгі ҰТБ туралы баспасөз жиынында баян­дағандай, қаты­су­шылар тесті­леу қорытындысымен келіс­пеген жағдайда бірден апел­ляцияға бере алады. Талап­­керлер тест нәтижелеріне сұрақ­тардың мазмұны, техникалық себептер бойынша да апел­ляцияға бере алады. Сұрақтардың маз­мұнынан апелляция тесті­леу аяқтал­ған­нан кейінгі алғашқы 30 минутта беріледі, бұны дәлелді түсініктемемен негіздеу керек. Егер тестіленуші дұрыс жауапты табуға кедергі келтіретін тапсырма шарттарында фрагменттің (мәтін, схема, сызбалар, кес­телер) жоқтығын анықтаса, техникалық себептер бойынша апелляцияға беруге құқылы. Апелляцияға берілетін өтініштерді Респуб­ли­калық апелляциялық комиссия 30 жұмыс күні ішінде қарайды. Биылдан бастап комиссия отырысы басталғанға дейін апелляцияны жеке кабинет арқылы қайтарып алуға болады. 

egemen.kz

05 маусым 2024 ж. 230 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№18 (10386)

08 наурыз 2025 ж.

№17 (10385)

04 наурыз 2025 ж.

№16 (10384)

01 наурыз 2025 ж.

Хабарландыру

Хабарландыру

Хабарландыру

21 қаңтар 2025 ж.
Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 479
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31