» » «Ол біздің барлығымызды ғарышқа шақырды!»

«Ол біздің барлығымызды ғарышқа шақырды!»

qarmaqshy-tany.kz 1961 жылғы 12 сәуірде таңертеңгі 09 сағат 07 минутта қазақ елінің төріндегі «Байқоңыр» ғарыш айлағынан кеңес одағының азаматы Юрий Гагарин адамзат тарихында бірінші болып ғарыш әлеміне сапар шекті. Ол «Восток» ғарыш кемесімен көтерілу кезінде «кеттік!» деп ұран тастап, жер шарын 108 минут ішінде бір мәрте айналып, аман-есен оралды.

Болашақ ғарыш айлағының негізі 1955 жылы Қармақшы ауданында қаланды. Бас конструктор С.Королев ғарыш айлағына орын іздегенде оның мынадай төрт шартқа сәйкес болуын қадағалады: космодром экваторға барынша жақын орналасуы тиіс, сонда Жерден ұшқан зымыран орбитаға барынша төте және шапшаң жетеді. Екіншіден, оның қасында мол сулы өзен болуы керек, үшіншіден, ол жердің қасынан Кеңес Одағының ірі қалаларынан келетін теміржол өтуі керек десе, төртіншіден, ғарыш айлағынан солтүстік шығысқа қарай кең жазық дала жатуы қажет. Өйткені, зымырандардың бірінші сатылары елді мекенсіз жерге құлап түсуі тиіс. Осы шарттарға Сырдария өзені жағасындағы Төретам бекетінің аймағы сәйкес болып шықты.

Аталған ғарыш айлағы адам ұшыруға дайын болғанға дейін, ғарыштың адамға түрлі әсерлерін анықтау мақсатында 1951 жылдан бастап иттерді Жер атмосферасының сыртына бірнеше рет шығарылған ғарыштық ұшырылымдар арқылы алғашқы сынақтар сәтті өткізілді. Кеңес Одағының ғарыштық технологиясы бас конструктор Королевтің арқасында көптеген бағытта жеңіске қол жеткізді, бірінші Жер серігі Айға ұшырылған зымырандар, Марс пен Шолпанға жіберілген бірінші автоматтық аппараттар, ғарыштағы бірінші адам, алғашқы бірнеше ғарышкерлер тобының ұшуы, бірінші әйел-ғарышкер, бірінші көп орынды ғарыш кемесі, адамның корабльден ғарышқа бірінші рет шығуы...

Осы жеңістердің барлығы Ю.Гага­риннің ғарышқа бірінші рет ұшуынан кейін мүмкін болды. Ғарышкерлерді алғашқы іріктеп алу 1959 жылы басталған-ды. Оған үміткер 200 адамның ішінен қауіпті де толық зерттемеген сынаққа қатысудан қорықпаған, ең батыл және денсаулығы мықты деген 20-сы таңдалып, олар ғарышкерлердің бі­рінші отрядын құрады. Жылдамдатылған дайындықтан өту үшін 20 үміткердің ішінен «қатаң талапқа сай келген» 6-ауы таңдалып алынды: Варламов, Гагарин, Карташов, Николаев, Попович, Титовтар болды. Центрифугадағы ауыр сынақтан кейін дәрігерлер Карташовтың арқасындағы қан құйылу нүктелеріндегі ақауды анықтады. Варламов көлде суға секіру кезінде мойын омыртқасына зақым келтірді. Сонымен бірінші алтылықтағы бос қалған екі орынға Быковский мен Нелюбов алынды.
1961 жылдың қаңтарында мемлекеттік комиссия бірінші үштікті анықтады, олар Гагарин, Титов, Нелюбов болды. Ең қатаң командир болған генерал Николай Каманиннің айтуы бойынша, олардың барлығы ғарышкер эталонына сәйкес келді. Олар үшін алғашқы скафандрлар дайындалды, ал 30 наурызда олардың дүниежүзі халқына старт алдындағы үндеуі магнитофонға жазылды. Әрине, алғашқы үштіктегі әр үміткер бірінші болуға ұмтылды. Нәтижесінде 1961 жылдың 8-сәуірінде мемлекеттік комиссия Юрий Гагаринді бірінші, ал Герман Титовты дублер етіп түпкілікті түрде бекітті.

Ғарышқа бірінші рет ұшудың Гагаринге түскені азамат үшін үлкен сәттілік болды. Оның көптеген үміткердің өте алмаған сынақтардан өтіп, жеңіп шығуы ерлік және қабілеттілік еді. Ғарышкер орналасқан металл шар жоспарлағандай Байқоңыр ғарыш айлағының ауданына емес, одан 3000 шақырым батысқа қарай Саратов облысының Энгельс қаласына жақын жердегі Смеловка және Узьморье елді мекендерінің аралығындағы жыртылған егіс даласына парашют көмегімен қонды. Міне, осындай жоспарға экстремальді жағдайларда ғарышкер асып-саспай, өзін-өзі сабырлы ұстап, дұрыс шешім қабылдай білді. Соның арқасында, ол жерге аман-есен жетті, оны алғашқы қарсы алған сол елді мекеннің тұрғындары болды.

Гагарин өзінің ұшуы кезінде қарапайым тәжірибелер жүргізген. Ол су ішіп, тамақ жеп, қаламмен қағазға жазып көрген және қаламның қалықтап бара жатқанын бақылады. Сондықтан оны және басқа да заттарды байлап қою керек деген қорытындыға келді, көрген білгенінің бәрін магнитофонға жазып отырды.

Ғарышқа бірінші болып, тендессіз ерлік жасап ұшып келгеннен кейін ол дүниежүзі халқына танымал тұлғаға айналды. 1961 жылы 14 сәуірде №1 ғарышкердің құрметіне Мәскеу қаласында керемет мереке ұйымдастырылды.

Гагарин ұшқыш-ғарышкер ретінде өзінің ұшу шеберлігін жетілдіріп, ғарышкерлерді үйретіп, жаттықтыру ісіне тікелей араласып, ғарыш кемелерінің ұшу процесін басқаруға қатынасып отырды. Ол әскери-әуе инженерлік академиясын бітірді және ғарышкерлерді даярлау орталығы бастығының орынбасары болды. Өкінішке орай, 1968 жылы 27 наурызда жоспарлы жаттығу кезінде Миг-15 ұшағы апатқа ұшырап, онда болған тұңғыш ғарышкер мен нұсқаушы Владимир Серегин қайғылы қазаға ұшырады. Бірінші ғарышкерді есте қалдыру мақсатымен Мәскеу облысындағы Монино қаласындағы Әскери-әуе академиясына, Ресейдегі ғарышкерлерді даярлау орталығына, Ресей ҒА-ның ғылыми-зерттеу кемесіне және Айдың арғы бетіндегі кратердің біріне оның есімі берілді.

Гагарин ғарышқа алғаш жол салған мерзімінен 60 жыл өткен уақыт ішінде 600-ге жуық ғарышкер мен шетелдік астронавтар тылсым тұңғиыққа сапар шекті. Олардың бел ортасында қазақ халқының тұңғыш ғарышкері, КСРО Батыры Тоқтар Әубәкіров 1991 жылы 2 қазанда халқымыздың бағзыдан бергі арманына қол жеткізіп, Байқоңырдан «Союз ТМ-13» кемесімен ғарышқа ұшып барып қайтты. Ол ұшқан ғарыш кемесі «Мир» орбиталық кешенімен түйісіп тіркестірілді және ғарышта 7 күн 22 сағат 13 минут уақыттай болды. Онда ол өзге ғарышкерлермен бірге биотехнология, металлургия, медицина салалары және өз елінің Арал теңізі аймағында тұзды шаң пайда болу процесін зерттеп, ғарыштық суреттерін алды. Сондай-ақ, Қазақстан аумағындағы атмосфераны және жер бетін зерттеді, жұлдызды аспанды астрофизикалық бақылау жұмыстарына қатысты.

Біздің екінші ғарышкеріміз Талғат Мұсабаев – жалпы жиынтығы 341 тәулікке созылған 3 ғарыш экспедициясына (1994, 1998, 2001 ж) қатысты. Оның екеуінде ғарыш кемесінің командирі болғаны белгілі. Ол – ашық ғарыш кеңістігіне 8 рет шығып, 42 сағаттан астам уақыт болған тұңғыш қазақ. Бер жағында біздің ғалымдарымыздың жоспар­лап дайындаған және тұңғыш ғарышкеріміз Тоқтар Әубәкіровтың бастап жасаған ғылыми-тәжірибелік еңбегін одан әрі жалғастырды.

Ал, 2015 жылдың 2 қыркүйегі күні құрамында қазақтың үшінші ғарышкері Айдын Айымбетов бар халықаралық экипаж «Союз ТМА-18М» кемесімен Байқоңырдан көк жүзіне аттанып, халқымыздың рухын тағы бір дүр сілкіндірді. Қазақстанның ғарыштық зерттеулерінің бесінші бағдарламасы жүзеге асып, Арал және Каспий теңіздеріне мониторинг жасалып, суретке түсірілді. Микрогравитация жағдайларында қуатталған микробөлшектердің физикалық қасиеттері зерттелді. Бірқатар сынақтар денсаулық сақтау саласына тікелей қатысты болды.

Қазіргі күні ғарышкерлерін ұшырып, ғарышты бағындырған елдердің саны қырыққа да жетпейді екен. Жыл сайын әлемде 12 сәуір – Ғарышкер күні ретінде атап өтіледі. Гагарин стартынан 23 күннен кейін ұшқан американдық астронавт Алан Шепард тұңғыш ғарышкердің «Ғарышқа жол» деген кітабына мынадай жазу қалдырған: «Ол біздің барлығымызды ғарышқа шақырды!». Осы фраза тек америкалық астронавттар үшін ғана емес, барлық ғарышкер үшін өзіндік ұран болып қалды. Гагарин ғарышқа бірінші болып жол салды. Сол Алан Шепардтың айтқанындай: «Гагарин өркениет тарихында мәңгі-бақи алғашқы болып қалады».

Осындай адамзаттың ғарышты игеру барысындағы қол жеткен және болашақтағы табыстары, осыдан 62 жыл бұрын Гагариннің қазақ даласынан ғарышқа жасаған бірінші сапарының арқасында мүмкін болды десек артық болмайды.
Бауыржан ЕЛЕУСІНОВ,
Қармақшы ауданының Құрметті азаматы
14 сәуір 2023 ж. 366 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 025

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031