Қараусыз бала қабырғаны қайыстырмасын

Қазақ дүниетанымында киелі саналатын қарлығаш ұя басқанда сарауыз балапандар биіктен құлап, мертікпесін деп аяқтарын қылмен матайды. Осылай құс екеш құстың өзі балапандарын қорғап әлек. Ал бала өмірінің қауіпсіздігі туралы айтқанда ата-ананың жауапкершілігі қандай болуы керек? Балалар неге бақылаусыз қалады? Қараусыз қалған баланың соңы нендей жағдайға апарады? Саралап көрсек.
Бала қауіпсіздігіне келгенде шылбырды бос қоюға болмайтынын ата-ананың ұғатын кезі жетті. Өйткені, еліміздің түкпір-түкпірінде орын алып жатқан түрлі оқиғалар баланы бақылаусыз қалдырудың соңы қайғылы жағдаймен аяқталуы мүмкін екенін сан мәрте көрсетіп келеді.
Бақылаусыз бала
Жаз мезгілінде балалар қауіпсіздігі мәселесі одан сайын өзекті бола түседі. Күн болса жылып келеді. Мұндайда балалар суға түскісі келеді. Рұқсат етілмеген аймақтарға шомылуға баруы да мүмкін. Бұл – ата-ананың бір сәтке баланы қараусыз қалдыруының салдары.
Баланың қауіпсіздігі тек үйде ғана емес, интернет кеңістігінде де маңызды. Бүгінде балалардың қолында телефон ерте жастан пайда болады. Бірақ ғаламтордағы зиянды ақпарат, күмәнді ойын мен бөтен адамдардың ықпалы бала психологиясына теріс әсер етуі мүмкін. Кейбір балалар әлеуметтік желі арқылы алаяқтардың арбауына түсіп жатады. Сондықтан ата-аналар баланың кіммен сөйлесіп жүргеніне, қандай сайт қарайтынына да бейжай қарамауы керек.
Қауіпсіздік тәрбиеден басталады. Балаға кішкентай кезінен отпен ойнамауды, жолдан дұрыс өтуді, бөгде адамға ермеуді, қауіпті заттарға жақындамауды түсіндіру маңызды. Бірақ тәрбиемен қатар, бақылау да қажет. Себебі бала қаншалықты ақылды болғанымен, ол әлі өмірдің барлық қатерін толық бағалай алмайды.
Статистика не дейді?
Енді қараңыз, әлемде әр алты сағат сайын бір бала жоғалады екен. Халықаралық құқық қорғау ұйымдарының мәліметіне сүйенсек, жыл сайын Еуропа елдерінде 70 мың бала, АҚШ-та 1,5 млн бала, Ресейде 15 мыңға жуық бала із-түзсіз кетеді. Біздің ел алпауыт мемлекеттердегі халық санынан едәуір аз болсақ та, балалар мен жасөспірімдердің жоғалу көрсеткіші кем түспей тұр. Елімізде жыл сайын 1,5 мыңға жуық бала жоғалады. Баланы қараусыз қалдырмау деген тек, баланы жоғалтпау деген ұғыммен шектелмейтіні анық. Баланың көз ілестірмейтін жылдамдығын бәріміз жақсы білеміз. Соңғы кездері терезеден құлап кетіп, жазым болатын балалардың саны да артып бара жатыр. Мұндай жазатайым жағдай тағы да балаларды көзден таса қылғандықтан орын алуда.
Ашық терезе – аңдаусыз қалған қауіп
Қараусыз қалған бала үлкендер рұқсат бермейтін әрекеттерді жасап көруге құмартып тұратыны белгілі. Әсіресе, өзіне беймәлім заттарды ұстап көру, ауызға салып, дәмін татуға бейім тұрады.
Соңғы жылдары көпқабатты үйлердің терезесінен құлап кеткен балалар туралы суыт хабарлар жиілеп кетті. Әсіресе жазда мұндай оқиға көбейе түседі. Ауа ыстық болған соң ата-аналар терезені ашып қояды. Кей жағдайда москит торына сүйенген бала оны тірек деп ойлап, бірге құлап кетіп жатады. Өкінішке қарай, қайғылы жағдайлардың басым бөлігі үлкендердің салғырттығынан болады.
Бала үшін терезе – қызығушылық тудыратын орын. Ол сырттағы қозғалысты көргісі келеді, айналаны бақылауға ұмтылады. Бірақ кішкентай бүлдіршін қауіп пен қатерді бағалай алмайды. Сондықтан терезе маңына орындық, диван секілді шығып кетуге ыңғайлы заттарды қоймау маңызды. Арнайы қорғаныш бекіткіштерін орнату да қауіптің алдын алады.
Кей ата-аналар «үйде өзіммен бірге жүр ғой» деп баланы бақылаусыз қалдырады. Алайда қайғылы жағдайдың орын алуы үшін кейде бірнеше секунд жеткілікті. Сондықтан бала бар үйде қауіпсіздікке ерекше мән беру қажет. Өйткені бір сәттік немқұрайлылық өмір бойы өкіндіруі мүмкін.
Көшедегі қауіп – көзге көрінбейтін қатер
Қазіргі уақытта балалардың көшеде қараусыз жүруі де үлкен мәселеге айналып отыр. Әсіресе кешкі мезгілде аулада немесе көше бойында үлкендердің қарауынсыз жүрген балаларды жиі кездестіреміз. Олар жол ережесін сақтамауы, бейтаныс адамдарға сеніп қалуы немесе қауіпті орындарға баруы мүмкін. Мұндай жағдайлар кейде баланың жоғалуына, жарақат алуына немесе басқа да келеңсіз оқиғаларға әкеліп жатады.Балалар табиғатынан сенгіш келеді. Біреу тәтті ұсынып немесе көмектесемін деп алдап шақырса, еріп кетуі де мүмкін. Сондықтан балаға «бейтаныс адаммен сөйлеспе», «ешкімге ерме», «ата-анаң рұқсат бермеген жерге барма» деген ескертулерді жиі айтып отыру қажет. Сонымен қатар ата-аналар баласының қайда жүргенін, кіммен араласатынын, қай уақытта үйге келетінін бақылауда ұстауы керек.
Көшедегі қауіп тек бөтен адамдармен шектелмейді. Ашық құдықтар, құрылыс алаңдары, қараусыз иттер, көлік қозғалысы көп көшелер – мұның бәрі бала өміріне қауіп төндіреді. Сондықтан қауіпсіздік мәселесі бір ғана отбасының емес, тұтас қоғамның жауапкершілігі екенін ұмытпауымыз керек.
Бала тәрбиесі ең алдымен отбасынан басталады. Отбасы – баланың алғашқы мектебі, алғашқы ортасы. Әке мен ананың берген тәлімі, көрсеткен өнегесі баланың болашақтағы өмір жолына тікелей әсер етеді. Қазіргі таңда күнкөріс қамымен жүріп, баласына жеткілікті уақыт бөле алмайтын ата-аналар аз емес. Кейде ата-ана баласының ішкі жан дүниесіне үңілуді ұмытып, тек материалдық қажеттілігін қамтамасыз етумен шектеледі. Ал балаға ең керегі – мейірім, көңіл бөлу, жылы сөз. Қарапайым ғана осы дүниені ата-ана көп жағдайда қаперден шығарып алады.
«Бала – болашағымыз» дейміз, бірақ, өзіміз солардың сақтығына мән бере қоймаймыз. Амандығына аса қатты алаң емеспіз. Жылдың бір күнінде ғана емес, әр күнінде балаларды қорғауымыз керек. Сосын қараусыз қалған бала жазатайым қабырғамызды қайыстыратынын ойлануымыз керек. Мұны да бір мәрте ғана ойлау орынсыз, күнде көкейімізде жүргені жөн…
Түйін
Баласын қасақана қоқыс жәшігіне, дәретхана мен кәріз бұғазына қалдырғандарды да, назарсыз қалған бүлдіршіні байқаусызда бақилық болғандарды да, салғырттықтың кесірінен сәбиінің шыбын жанын шырылдатқандарды да көріп жүрміз. Ана дейтін аяулы аттың, әке дейтін ардақты ұғымның қасиетін сақтау, қадірін кемітпеу ұл өсіріп, қыз тәрбиелеп отырғандарға ғана емес, перзентінің жарық дүниеге келуін тосып жүрген жандарға да сын. «Сенің табаныңа қадалған шөңге менің маңдайыма қадалсын» дейтін жанкешті аналар, бауыр еті баласы үшін барын беруге, жанын қиюға дайын тұратын әкелер ескіліктің белгісі болып бара жатқандай ма қалай өзі?! Балаларды бақылаусыз қалдырмайықшы...
Ақнұр САҒЫНТАЙ















