ЖАҒЫМСЫЗ ӘДЕТТЕР – ҚОҒАМҒА ЖАТ ҚҰБЫЛЫС
Жыл сайын Президент Жолдауын ел болып асыға күту барша Қазақстан халқының дәстүрлі тірлігіне айналды. Себебі адам жаны жаңалыққа, тың өзгерістерге құштар. Әсіресе қазіргі өзіміз өмір сүріп отырған дәуірдегі әлемдік өзгерістер, алпауыт елдер арасындағы ширатыла шиеленісіп жатқан қақтығыстар, дамыған және дамушы елдердің өсіп-өркендеуіндегі экономикалық дағдарыстар қоғамдық санаға салмақ салып тұрғандығы ешкімнен жасырын емес.
Ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрімізге, діни көзқарастарымыз бен қалыптасқан қоғамдық ойлау жүйемізге түбегейлі өзгеріс ендірмек болған жаһандық деструтивтік күштер әлсін-әлсін бой көтеріп, төбе көрсетіп қоюда.
Қазіргі арынды өзеннің асау толқынында шайқалған кеменің штурвалын өз қолына алмақ болған теңіз қарақшыларындай жанталасқан бұл күштерге қарсы тұрар қандай амал бар?
Қоғамымыз нендей қарекетке дайын, экономика мен саяси дамуымызда әлемде орныға бастаған жаңа үдерістерге бәсекелес бола алатын қолға ұстар тегершіктер бар ма? – деген сұрақ әркімнің-ақ ойында жүр.
Сондықтан «болашақ не болар екен, ұрпақ алдында қандай қиындықтар мен шешуі қиын түйіндер кездесер екен, оны тарқату жолындағы жүзеге асып жатқан бағдарламалар жөнінде ел қауіпсіздігінің кепілі, саяси өміріміз бен экономикалық дамуымыздың басты штурманы – Президентіміз не айтар екен» деп, қанша уақыт болса да теледидар алдында тапжылмай отыруға дайын болғанымыз да рас.
Осыны сезгендей Жолдау басталғаннан-ақ Президент адамзат қауіпсіздігін қалыптастырудағы сын-қатерлердің бұрын-соңды болмаған түрлері жайлы толғамдарын көпшілікке ұсына келіп, әлемдегі түбірімен өзгерген геосаяси ахуалдың тіпті Біріккен Ұлттар Ұйымына да тізгін бермей бара жатқанына алаңдаулы екенін бір аңғартып қойды.
Қазіргі заманның бұлыңғыр, тұрақсыз кезеңінде елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуді өзіне негізгі мақсаты етіп қойғанын айтып, өскелең ұрпағымыздың берекелі, бақытты өмір сүруіне бар күшін жұмсайтынына сендірді.
Ұлт болып ұйысу жолында табанды еңбек етуге, білімді, мәдениетті болуға, жаңа технологияны меңгеріп, технократты ел болу жолында бір тудың астында бірігуге шақырды.
Жолдауда айтылған негізгі тұжырым – Қазақстанның жасанды интеллект дәуіріне қадам басқандығы және елді жаппай цифрландыру ісін жеделдету мәселесіне басым бағыт берілуі дер едік.
Ел өміріне жасанды интеллект пен цифрландыру жүйесін ендіру – бұл ауқымды жұмыс. Солай бола тұрса да алдағы үш жыл ішінде Қазақстанды цифрлық елге айналдыру, жасанды интеллект технологиясын қоғам өміріне терең ендіру басты мақсат болып отыр.
Сондықтан да Жолдауда жасанды интеллект дәуіріндегі мәдениет пен өнердің, бұқаралық спорттың дамуына айрықша мән берілді. Себебі еліміздің салт-дәстүрін, мәдениетін әлемге паш етіп жүрген өнерлі азаматтар мен спортшылардың жетістіктері аз емес. Президент мәдениет және спорт қайраткерлеріне қажетті қолдау жүйелі түрде көрсетілетін болады – дей келіп, олардың алдындағы міндеттерді де саралап көрсете кетті.
Жаһандық еңбек нарығын жылдам өзгертіп жатқан цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектті өмірге ендіру үдерістері мектеп оқушылары мен ұстаздар үшін де елеулі жинақылықты, жан-жақты іздену мен үлкен жауапкершілікті қажет ететін шаруа.
Осыған орай, мұғалімдер үшін сапалы білім мен саналы тәрбие берудегі ілкімділік, оқытудың әдіс-тәсілдерін жетілдіре түсу, білім саласында дәстүрлі методология мен инновациялық үрдістерді үйлестірудің маңызы арта түспек.
Қазіргі уақытта жоғары оқу орындарынан өндіріс, құрылыс, ауылшаруашылығы салалары бойынша жыл сайын мыңдаған түлектер мамандық алып шығып жатыр.
Олардың әрқайсысына оқыған уақыттарына білім гранттары бойынша мемлекеттен қомақты қаржы бөлінетіндігі белгілі. Ал олардың көпшілігі мамандығы бойынша жұмыс істемей, тез әрі жеңіл табыс әкелетін жұмыстарды таңдайды.
Сондықтан жұмысшы мамандықтарына деген құрметті арттырып, оларға лайықты жұмыс көзін тауып беру, жалақысын жақсарту сияқты міндеттердің оң шешімін табу үшін тиісті органдарға тапсырмалар берілетін болды.
Жолдаудағы осындай нақты тапсырмалардың нәтижесі болуы керек, күні кеше ғана, яғни 16 қыркүйектен бастап елімізде сталкингке қылмыстық жауапкершілік енгізілді.
Мұның өзі адамның жеке өміріне қол сұғатын, түрлі жолдармен біреулердің жүйелі түрде мазасын алатын қоғамдағы жекелеген адамдардың немесе топтардың жағымсыз әрекеттеріне қарсы үлкен шара. Үй маңында, жұмыста, тағы басқа жерлерде аңду, тұрақты телефон соғу, интернет арқылы қадағалау сияқты келеңсіздіктерге тосқауыл қою деген сөз.
Қоғамда белең алып бара жатқан адамдар арасындағы қатынаста жеке шекараны бұзатын, қорқыныш пен мазасыздық туғызатын осындай әрекеттер жан-жақты ойластырылған алдын алу шараларын қажет етеді. Сондықтан бұрын әкімшілік деңгейде қаралатын мұндай қолайсыз әрекеттер иесін енді қылмыстық жауапкершілікке тарту көзделіп отыр.
Сондықтан бұл заң азаматтардың қауіпсіздігін күшейтіп, жеке өмірге құрметпен қарауға бағытталған құжат ретінде қоғамнан қызу қолдау табуда.
«Жасанды инттелект» дегеніңіз де, «Жаппай цифрландыру» ұғымы да өмірімізге дендеп еніп жатқан кезде елімізде жасалып жатқан барлық реформалардың мәніне терең үңілуіміз керек. Халықтың, елдің жан-жақты өрлеуін, әлемдік бәсекеде қабілеттілігін дамытуға бағытталған реформалардың бәрі осы отырған белсенді азаматтардың қолдауымен ел арасына кеңінен насихатталып, жан-жақты түсінік жұмыстары жүргізілуі керек.
Бұрынғы «Жолдау. Жолдауды қолдау» деп сан шапаттап шапқылай берудің дәуірі кейінде қалды.
Алдымызда революциялық өзгерістер күтіп тұр. Электр жарығы адам баласының өміріне қанша өзгеріс әкелді? Тап сол сияқты жасанды интеллекті де жарқын жаңалық сыйлайды деген ойдамыз. Жасанды интеллект, жаңа технология ұлт, ұлыс, мемлекет деп талғамайды. Күн сияқты шуағын барлық жерге, барлық елге бірдей түсіреді. Тек сол шуақты елден бұрын бойға сіңіру үшін білімді де саналы ұрпақ тәрбиелеу ісі алдағы міндеттеріміздің бастысы.
Ғылым, мәдениет, өркениет ұғымдары ешқашан маңызын жоймайтыны, уақыт талабына қарай жаңарып, жаңғыра беретіні туралы талай данышпан, талай ақыл-ойдың кемеңгерлері ғасырлар бойы жалықпай айтумен-ақ келеді.
Анау елдің машинасы-ай, мынау елдің салған көпірі-ай, аспандағы бұлтпен таласып тұрған мына бір үйлердің биіктігі-ай деп тамсанып отыра беретін ел – ел болып қалудың, ұлт болып ұйысудың қарекетінен қалыс қалады.
Президент жолдауында айтылған мемлекеттің мызғымас тұғыры заң мен тәртіпке бой ұсынбаушылық, қоғамға жат әрекеттер, жемқорлық, парақорлық, отбасындағы зорлық-зомбылық, өзім білемге салынушылық ел егемендігінің 35 жылдық кезеңінде сеңі бұзылмаған қалпы тұрғанын көріп отырмыз.
Бұған қоса адамдар арасындағы қарым-қатынастағы бір-бірін құрметтеу, бір-біріне деген ілтипат азайып, орнын дөрекілік, бір-бірін кемсітушілік, жуан жұдырық басымдығы белең алып бара жатыр.
Тіпті қоғамдағы бұл үдеріс жапатармағай сипат алып, жасалып жатқан «тәрбиелік мәні зор» деп бағаланып жүрген түрлі тәрбиелік, қоғамдық шараларымызға да бой бермей бара жатқандығын сезіп отырмыз.
Осыған ашынған Президент: «Ашығын айтуымыз керек, қазіргі таңда адамдарда дөрекі сөйлеп, бір-біріне ерегісіп, жаға жыртысатын әдет бар. Осындай келеңсіз оқиғаларды қоғамдық орындарда, жол бойында жиі көруге болады. Өкінішке орай, солардың ішінде айқайшу шығаратын, былапыт сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзатын әйелдер де бар» – деп, зиялы азаматтар арасында-ақ жаймен шешілуге болады ғой деп жүрген жағымсыз қылықтар мен келеңсіз әрекеттерді ақтарып салды.
Неге? Үлкен адамның алдын кесіп өтпейтін, ер адамдардың алдында ерсілік көрсетіп, дауыс көтермейтін қазақы қоғамның тәрбиесінде өскен нәзік жандылардың өзі отбасы, шағын ұжым тәрбиесін былай қойғанда қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінбей қалған жағдайлар жиі кездесетін жағдайға жеттік.
Олардың бойындағы әдеп, мәдениет, өркениет, тіпті заң талаптары деген қастерлі ұғымдар әлсіреді. «Шариғат» деген нәрсені айтудың өзі де артық болып қалды.
Бойдағы жаман әдет, жағымсыз қылықтан арылмай, елдің қоғамдық беделіне зиянын тигізетін әдеттерден түбегейлі ажырамай өркениетті қоғам құра алмаймыз деген әңгіме ашық айтылды жолдауда.
Осының бәрін түйіндей келіп Президент: «Біріңді қазақ бірің дос, Көрмесең істің бәрі бос» деген ұлы Абай қағидасына жүгінді.
Я, біз айтып отырған жағымсыз қылықтардан түбегейлі арылу жөнінде: «Өтірік, өсек, мақтаншақ, Еріншек, бекер мал шашпақ, Бес дұшпаның білсеңіз» деп қоғамға лайықсыз әрекеттердің бірсыпырасын данышпан Абай осыдан жүз елу жыл бұрын көрсетіп беріп еді ғой.
«Адам болам» деген адамға: «Талап, білім, терең ой, Қанағат, рақым, ойлап қой. Бес асыл іс көнсеңіз» деп, адамгершілік, сапалық қасиеттерді де саралап берген. Қайсысынан қашық жүруді, қайсыларына асық болуды ыждағаттап тұрып, қадап-қадап айтып кеткен.
Біздің уақытымызға дейін «жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренудің» жолын өзінің ғибратқа толы тәмсілді әңгімелерімен де, құлақтан кіріп бойды алар ән-жырларымен де ұғындырып кеткен басқа да небір жақсылар мен жайсаңдар да өтті дүниеден. Халқымызды «Дана халық» ретінде мойындап кеткен өзге ұлттың өкілдері аз емес.
Сондықтан елдің атына кір келтіретін түрлі жағымсыз әрекет иелеріне көрген бойда ескерту жасап, кешенді күрес жүргізуге ел азаматтарының ақыл-ойы да, парасат-пайымы да мол жетеді.
Жолдау, жолдаудың әр тармағы өмірде жүзеге асырылуымен құнды. Президентіміз Ұлттық құрылтай жиындарында сөйлеген сөздерінде де, халыққа арнаған жыл сайынғы дәстүрлі жолдауларында да елдің елдігін, бірлігін нығайтуға, жастардың интеллектуалдық деңгейін жоғарылатуға, олардың білім мен ғылымды игеріп, күн сайын жаңа технологияны терең меңгерген жаңашылдық пен жасампаздық қабілетін арттыруға байланысты ой-пікірлерін аз айтып жүрген жоқ.
Жолдауда айтылған пікірлерге халық арасында терең түсініктеме беріп, жүзеге асырылуын насихаттап отыру – аудан активінің төл жұмысы деп білеміз.
Ұлттық сана сезімімізді, салт дәстүрімізді идеологиялық қалқан етіп, Қазтуған мен Шалкиіздерден қалып Бұқар жырауға өткен, Абай, Махамбеттердің өткір жырларымен қайрала түскен тілімізді қару етіп, түрлі шетелдік экспансияларға, іштен шыққан экстремистерге қарсы қойып, ұлт ретінде аман қалуға күш салайық. Әлемдік аренадағы еліміздің көк туы тұғырлы болсын. Әділетті Қазақстанды бірге құрайық.
Шегебай ҚҰНДАҚБАЙҰЛЫ,
ақсақалдар кеңесінің төрағасы