» » Қаржылық сақтық – қоғам қауіпсіздігінің негізі

Қаржылық сақтық – қоғам қауіпсіздігінің негізі


Біреудің маңдай термен тапқан ақшасын оңай олжаға айналдыру – қазіргі алаяқтардың басты қаруы. Қаржы пирамидасы мен интернет алаяқтық бүгінде тек жеке азаматтың емес, бүкіл қоғамның қауіпсіздігіне төнген қатерге айналды.
Алаяқтар адам психологиясын шебер пайдаланып, «тез байып кету», «инвестиция сал да, екі есе қайтарып ал» деген жалған үміт арқылы сананы арбайды. Нәтижесінде сан соғып қалған жұрт, қайғы мен өкінішке толы тағдырлар, әділдік іздеген жәбірленушілер жиілеп барады.
Елімізде жыл сайын мыңдаған адам алаяқтардың арбауына түсіп, миллиардтаған теңге көлемінде шығынға ұшырайды. Олардың басым бөлігі – интернет арқылы жасалатын қылмыстар.
Әлеуметтік желідегі жасырын жарнамалар, күмәнді инвестициялық платформалар, «банк қызметкерімін» деп қоңырау шалатындар көбейіп тұр. Технология дамыған сайын қылмыс та түрленіп барады.

Сауаттылықты арттыруға арналған ауқымды жиын

Қаржылық алаяқтық пен құқықбұзушылыққа қарсы күрес – ел қауіпсіздігінің басты бағытының бірі. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру аясында Қаржылық мониторинг агенттігінің Қызылорда облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің (ЭТД) мамандары ауданымызға арнайы іссапармен келіп, жергілікті тұрғындарға құқықтық және қаржылық сауаттылықты арттыру мақсатында семинар өткізді. Оған аудан әкімінің орынбасары Самат Смағұлов қатысып, аудан көлемінде қаржылық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен құқық бұзушылықпен күресу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Ол тұрғындарды сақ болуға, күмәнді қаржылық схемаларға алданбауға шақырды.

Қаржылық қауіпсіздік – әр азаматтың жауапкершілігі

Іс-шара барысында ЭТД басшысының орынбасары Руслан Сатыбалдиев «қаржылық қауіпсіздік» ұғымына кеңінен тоқталып, оның маңыздылығын түсіндірді. Ол азаматтардың жеке мүліктік құқықтарын қорғау жолдарын нақты мысалдармен жеткізіп, заң талаптарына сай әрекет етудің маңызын баса айтты.
– Бүгінгі таңда цифрлық технологиялардың кеңінен қолданысқа енуі алаяқтардың әрекет ету аясын едәуір кеңейтті. Әсіресе, қаржылық алаяқтық түрлері жалған инвестициялық жобалар, онлайн несие рәсімдеу, банк қызметкері атынан қоңырау шалу секілді әдістер арқылы азаматтар жиі алдануда.
Қаржылық мониторинг агенттігінің Қызылорда облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті тарапынан мұндай қылмыстарға қарсы жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Дегенмен, алаяқтардың әрекетіне тоқтау салудың ең тиімді жолы – әр азаматтың қаржылық және құқықтық сауаттылығының жоғары болуы.
Азаматтарымыз өздерінің жеке деректерін ЖСН, банк картасының нөмірі, SMS арқылы келетін кодтарды ешкімге бермеуі тиіс. Қандай да бір қаржылық ұсыныс немесе мемлекеттік төлем туралы ақпарат түскен жағдайда, алдымен ресми дереккөздерден оның растығын тексеру маңызды, – дейді ол.

Алаяқтыққа қарсы бірігіп күресейік

Жиында сөз алған Қызылорда облысы бойынша ЭТД аға офицері Айбол Алатаев, Полиция департаментінің киберқылмыстарға қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Нұртілек Ермаханов, ЭТД аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Айбек Орынбеков интернеттегі алаяқтық түрлері және олардан қорғану жолдары туралы мазмұнды баяндама жасады.
Кездесу барысында мамандар түрлі бейнероликтер мен нақты оқиғалар арқылы тұрғындарға ескерту жасап, алаяқтықтың алдын алудың тиімді жолдарын ұсынды.
Мамандардың сөзінше, соңғы жылдары қаржы пирамидалары мен интернет алаяқтық белең алып, қарапайым халықтың жинаған қаражатына қауіп төндіруде. Алаяқтар азаматтарды оңай олжаға кенелтеміз деп қызықтыру арқылы олардың сеніміне кіріп, жеке деректерін иемденіп, ақшаларын заңсыз жолмен иеленуде. Сондай-ақ балалар арасында кең таралған ойын түрі арқылы да бірнеше алаяқтық фактілер тіркелген. Ойын ішіндегі чат арқылы «анаңа күшті сыйлық алып бергің келеді ме?», «күшті аккаунт сатып ал» деп ватсап нөмірін сұратады. Кейіннен ата-анаңның банк нөмірін біліп беруін сұрап, сол арқылы алаяқтық әрекеттерін оп-оңай жасатып алады. Бұл туралы қала аумағында 6 дерек тіркелген екен.
Телефон арқылы болатын алаяқтықтың 70% смс код арқылы орын алуда.Олардың алғашқы қадамы «сізге зат келіп тұр, код айтыңыз» деуден басталады. Мұнан соң алаяқтардың екінші бірі «сіз код айтып қойыпсыз» деп қарсы шабуылға шығып, соңы несие рәсімдеумен аяқталып жатады. Бұл бүгінде жиі кездесіп жатқан жайт.
Семинар соңында ұйымдастырушылар мұндай ақпараттық кездесулер жалғасын табатынын айтып, әрбір азаматты өз қаржылық сауаттылығын арттыруға шақырды. Қаржылық қауіпсіздік – тек мамандардың ғана емес, әр адамның жеке жауапкершілігі екенін естен шығармаған абзал.

Сақтықта қорлық жоқ!

Қаржы пирамидалары мен интернет алаяқтық – қазіргі қоғамдағы ең қауіпті және кең таралған қылмыстың бірі. Алаяқтар сіздің қаржылық сеніміңізді пайдаланып, түрлі айла-шарғылар арқылы жинағыңызды иемденіп кетуі мүмкін. Сол себепті күмән тудыратын қаржылық ұсыныстардан бас тартқандарыңыз жөн. Сондай-ақ жеке деректеріңізді бөгде адамдарға бермеуге, ресми емес инвестициялық жобаларға қатыспауға тырысыңыз. Қаржы институттарынан және құқық қорғау органдарынан нақты ақпарат алғаныңыз дұрыс.

Құқық қорғау органдары әрекет етуде, бірақ...

Мемлекет тарапынан алаяқтыққа қарсы күрес күшейіп келеді. Қаржылық мониторинг агенттігі, ішкі істер органдары мен киберқылмыспен күрес бөлімшелері белсенді жұмыс жүргізуде. Алайда, бұл – тек бір тараптың ғана міндеті емес. Күрес халықтың қолдауымен, азаматтық жауапкершілікпен қатар жүргенде ғана нәтижелі болмақ. Әркім өзі мен жақынын қорғауға ұмтылып, дер кезінде ескерту жасап отырмаса, алаяқтықтың тамыры тереңге бойлай береді.
Егер әр азамат алаяққа қарсы бір әрекет жасаса қоғамымыз әлдеқайда қауіпсіз болар еді. Бүгін ескерту  ертеңгі өкініштің алдын алады

Түйін
Бүгінгі таңда ақпараттың көптігіне қарамастан, азаматтар қауіп-қатерді дұрыс бағамдай алмай отыр. Бұл – тек жеке адамның емес, қоғамның да олқылығы. Қаржылық білім мектеп партасынан бастап, жұмыс орнына дейін жүйелі берілуі тиіс негізгі құндылықтың біріне айналуы керек.
Алаяқтық тек заң бұзушылық емес, ол халықтың сеніміне жасалған соққы. Мұндай қылмыстың етек алуына тек құқық қорғау органдары емес, тұтас қоғам тосқауыл қоюы тиіс. Бүгінгі ұрпақ қауіптен сақ болса, ертеңгі ұрпақ адаспайды. Ендеше, әрбіріміздің саналы әрекетіміз – ортақ қауіпсіздіктің кепілі.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
23 тамыз 2025 ж. 44 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№63 (10431)

23 тамыз 2025 ж.

№62 (10430)

19 тамыз 2025 ж.

№61 (10429)

16 тамыз 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 1 258
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031