» » ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ: ЖӘРДЕМІ МЕН ЗАРДАБЫ

ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ: ЖӘРДЕМІ МЕН ЗАРДАБЫ

Бірде жұмыс істейтін компьютерім істемей қалды. Әрі-бері шұқылап көрген соң жанымдағы әріптес ағайға айттым. Chat GPT-ден іздеп қарап көрші деп кеңес етті. Түсініксіз жазуды көріп мең-зең болып отырғанда әлгі қосымшаға экранда көрсетілген жазуды суретке түсіріп жібере қойдым. Неліктен олай болғанын бәрін жазып, қалай шешуге болатын жолдарының бәрін көрсетті. Аң-таңмын. Санаулы секунд ішінде барлығын жіпке тізгендей көрсетіп тұр. Рас бұл қазір бәрін жаулаған қосымша. Ертеректе бәрін Google-дан іздесек, қазір бәрін Chat GPTден сұраймыз.
Бүгінде цифрлы дәуірде жасанды интеллект адамзат өмірінің барлық саласында дендеп келеді. Алайда әрбір технологияның қос жүзі болатыны секілді, жасанды интеллектінің зияны жоқ емес. Жалпы жасанды интеллект деген не? Оның қоғамға, білімге, еңбек нарығына және адам психологиясына әсері қандай? Адамзатқа төндіретін қаупі бар ма? Елімізде жасанды интеллект саласы қалай дамып жатыр? Саралап көрсек.
Рас, қазірде жасанды интеллект қоғамның барлық саласында кеңінен қолданылуда. Әлеуметтік желі нетизендері Chat GPT нейрожелісін барынша сынап, ол туралы қызықты жазбаларымен де бөлісуде. Бірі ерекше тақырыпқа мақала жазып беруді тапсырса, бірі әрқилы сұрақтар қойып, нейрожелінің сауаттылығына таңдануда. Мамандар да болашақта Chat GPT-дің мүмкіндігі кеңеймесе, азаймайтынын жеткізді. Енді көкейде бір ғана сұрақ бар. Нейрожелінің пайдасы көп пе, зияны ма?
ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ДЕГЕН НЕ?
Адамзат жаңа жасанды интеллект дәуірі қарсаңында тұр. «Жасанды интеллект» сөзін алғаш рет Джон Маккарти есімді америкалық ғалым қолданды. Ол басында математикалық теоремаларды автоматты түрде дәлелдеуге арналған компьютерлік бағдарлама еді. Кейін жүйе алгоритмдік жұмыспен ғана шектелмей, білім жинау, талдау жасау, мәселе шешу, жоспарлау, болжау сияқты функцияларды үйренді. Яғни, тура адам сияқты «жасанды интеллектіге» ойлау қабілеті енгізілді. Ол үшін адам миындағы нейрондық желілердің сандық форматтағы көшірмесі жасалды.
Бүгінде күнделікті қолданатын Apple өнімдеріндегі Siri дауыс қызметі де, әр сұрағымызға жауап іздейтін Google браузері де, музыка тыңдайтын құлаққаптар да, әлеуметтік желілерде бізге ұнайтын контентті де дәл тауып ұсынатын бағдарлама да, мессенджерде біз жазғымыз келетін сөзді алдын-ала болжай алатын пернетақта қызметі де, жол көрсететін GPS те – бәрі, бәрі жасанды интеллект.
СHAT GPT ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?
Сhat GPT – америкалық коммерциялық емес «OpenAI» компаниясы ұсынған нейрожелі. Соңғы жылдары кез келген мәтiндi автoматты түрде бағалау және талдау жүйесiн құратын Chat GPT үлкен жаңалық бoлды десек, қате айтқанымыз емес. Мамандардың айтуынша, нейрожелінің көмегімен кез келген сұраққа жауап табуға, студенттердің еңбегін дұрыс бағалауға және ұсыныс хат та беруге болады екен. Тіпті әр студенттің қызығушылығын ескеріп, арнайы оқу бағдарламасын да даярлауға қабілеті жетеді. Бұл оқудың тиімділігін арттыруға және студенттің жан-жақты мүмкіндік береді екен.
Chat GPT нейрожелісін қолдану өте оңай. Нейрожелінің алғашқы нұсқасы 2019 жылы шығарылып, жалған ақпаратты анықтауға негізделген еді. Бірақ жасанды интеллекттің бұл нұсқасы сұранысқа ие бола алмады. Кейіннен 2020 жылы ЖИ-дің екінші нұсқасы шықты. Чат-боттың үшінші нұсқасы 2022 жылы, төртінші нұсқасы 2023 жылы іске қосылды. Мамандардың айтуынша, бұл нұсқа алдыңғылармен салыстырғанда өзгерек. Мәтіндерді тез әрі оңай жазатын болған. Чат-бот қолданушының нұсқауларын дәлірек орындауы және жауапты генерациялау үшін оған «Адамның кері байланысымен оқытуды күшейту» (RLHF) деңгейі қолданылған. Соның арқасында Chat GPT жауаптарының стилі нағыз адамның жауабына қатты ұқсайды. Чат-ботты қолдану үшін тіркелу керек. Қолдану тәсілі өте қарапайым болғандықтан, кез келген жастағы адам сұрағына жауап таба алады.
Жасанды интеллекттің дамуын бақылауда ұстау қажет пе?
Алайда бұл жасанды интеллект әзірге қауіпсіз деген сөз емес. Қазірдің өзінде сақтануға себеп бар көрінеді. Жасанды интеллекттің қазіргі ең басты қаупі – дипфэйк технологиясы. Ол адамның бетін көшіріп, одан бейнематериалдар жасап шығарады. Қазірдің өзінде хакерлердің осындай әрекетіне бірнеше адам алданып үлгерген. Тіпті белгілі адамдардың атынан сұхбат жасап, алаяқтық істеуге болады. Одан кейін дипвойс деген технология жаңадан шығып жатыр. Ол адамның дауысын, интонациясын келтіріп, аудио хабарлама жіберуге немесе біреумен әңгімелесуге де болады. Бұлар қазіргі ең басты қауіптердің қатарына жатқызылған. Одан бөлек, ақпараттық қауіпсіздік мәселесі де қазір күн тәртібінен түспей тұр. Бүгінде хакерлік шабуылдар үйреншікті жағдайға айналған. Сондай-ақ кез келген жүйенің басқару тетігін басып алу арқылы ақша бопсалауды кәсіпке айналдырғандар да бар. Бұл – қауіптің бергі жағы. Мамандар бұзық ниеттілер маңызды мекемелердің жүйесін бұзып кіретін болса, қауіп сол кезде басталатынын айтады.
ҚАУІП ТЕ ЖОҚ ЕМЕС
Расында нейрожелі адам өміріндегі барлық салаға ептеп еніп, өмір сүру сапасын барынша жеңілдетуде. Бірақ жасанды интеллекттің қарқынды дамуы қоғамды алаңдататыны да жасырын емес. Тарихты еске алайықшы, дербес компьютер пайда болған 1970-жылдары Стив Джобсты әңгімеге тартқан сайын АҚШ-тағы мектептер мен университеттер «Біздің балаларымыз сабақ оқымайтын болады. Ақымақ болатын болды» деп уайымдаған болса, 1990-жылдары әрбір журналист Билл Гейтстен сұхбат алғанда «Интернет деген не өзі? Бұл адамзат баласының дамуына қауіпті емес пе?» деген сауалдарды жиі қойған. Ал қазір компьютерсіз де, ғаламторсыз да өмірімізді елестету мүмкін емес. Соңғы жетпіс жылдан бері жасанды интеллекттің дамуы үшін адамзат баласы қаншама уақытын, энергиясы мен қаражатын жұмсады. Дегенмен мамандар жасанды интеллекттің қарқынды дамуы, нейрожеліні тұрақты қолдану білім сапасына кері әсерін тигізеді ме деп қауіптенеді.
Қоғамды алаңдататын тағы бір мәселе – жасанды интеллекттің адам еңбегін алмастыруы. «Chat GPT секілді нейрожелі мамандардың орнын басып, жұмыссыздардың санын арттырмай ма?» деген ойлардың келуі де заңдылық. Бұл туралы Chat GPT-дің өзінен де сұрап көрдік. «Сен қандай мамандықтарды алмастыра аласың?» деп сауал қойдық. Жауап та бірнеше секундта дайын болды. Ол мәліметтерді сараптау бойынша көмектесе алмайтынын, бірақ толықтай белгілі бір маманды алмастыра алмайтынын жазды. Десе де ішінара немесе толық орындай алатын мамандық түрлерін былайша баяндады. Контент және шығармашылық саласы бойынша копирайтер, журналист, редактор, аудармашы, сценарист мамандықтарын, білім беру бойынша мұғалім, тіл үйретушінің қызметін алмастыра алады. Ақпараттық технология бойынша бағдарламашы көмекшісі, техникалық қолдау, IT-жоба сипаттамасын дайындаушы мамандықтарын атады. Алайда ол көптеген жұмысты жеңілдетіп, оңтайландырып, уақытты үнемдеуге көмектесе алатынын алға тартады. Бірақ адам бойындағы шығармашылық қасиеттерді толықтай игеру мүмкін еместігін, интуиция мен әлеуметтік дағдыларды ауыстыра алмайтынын жеткізіп отыр.
Нейрожелілерді жұмыс барысында қолдануға қорқудың керегі жоқ. Тек жасанды интеллектке көмекші құрал ретінде қарап, жұмыс барысын барынша жеңілдету үшін қолдану жеткілікті.
Қорыта келе, жаңа заманның кез келген жаңалығы дұрыс пайдаланса, адам баласына жақсылық әкелетіні сөзсіз. Қауіпқатері аз болмаса да, жасанды интеллектті дамытудың қазіргі беталысына қарап, еңбек нарығының болашағы алаңдатпай қоймайды. Мәселен, қаншалықты зиян десек те, қару-жарақ өндірісі, оның ішінде жойқын қару жасау ісі жалғасып жатыр. Тіпті, ядролық державалар жыл өткен сайын бір-бірінен асып түсуге талпынуда. Жасанды интеллект те дами түсетіні талассыз. Білім беру, медицина, логистика, өндіріс салаларындағы жетістіктерін көріп, дамығаны адамзат үшін игі деген ойға қаламыз. Алайда жасанды интеллектіні адамның қауіпсіздігіне қатер төндіретін өзге мақсаттарда қолданылуы жақсылық емес. Алғашында адамзат жасанды зердені өз өмірін оңтайландыру, жұмысын жеңілдету құралы ретінде ойлап тапқанын ұмытпаған жөн.
ТҮЙІН Жер бетіндегі ой-қиялы ұшқыр, шығармашылық қабілеті шексіз жаратылыс иесі – адам ғана. Біз күмәнмен қарайтын ЖИ-дің өзі адамға еліктеп, барынша өзін ұқсатқысы келеді. Алайда ешқандай құрылғы ғаламның сырын жүрегімен сезген адамзаттың әрекетін қайталай алмайды. Алмағайып заманда жүрегіміз тасқа, жүйкеміз темірге айналып кетпеуі үшін жанымызды таза сақтап, адамдық болмысымыздан айнымағанымыз жөн.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
20 шілде 2025 ж. 164 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№64 (10432)

26 тамыз 2025 ж.

№63 (10431)

23 тамыз 2025 ж.

№62 (10430)

19 тамыз 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 1 275
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Жосалы жаңару жолында
26 тамыз 2025 ж. 346

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031