» » Кибералаяқтан сақтану жолы қандай?

Кибералаяқтан сақтану жолы қандай?

Кейінгі кезде азаматтардың жеке деректерінің жария болып кету фактілері жиілеген. Алаяқтар да жасанды интеллектіні өз мақсатына қарай ыңғайлап алды. Бұл – еліміздегі ғана емес, дүниежүзіндегі түйткілді мәселе. Осыған байланысты, қаржылық және цифрлық сауаттылықтың маңызы бұрынғыдан да арта түсті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында: «Қазір қаржы және экономика негіздерін білу, қарапайым цифрлық дағдыларды меңгеру аса маңызды болып тұр. Мектептерде, жоғары оқу орындарында қаржылық және цифрлық сауаттылық негіздерін үйрететін білім бағдарламасын енгізу қажет. Бұл жұмысты Үкімет қаржы саласын реттеу органдарымен бірге атқаруы керек», деді.
Сілтеме сан соқтырады
Алаяқтан айла артылмайды. Олар­дың ең көп қолданатын әдісінің бірі – фишинг, яғни жалған сілтемелер арқылы алдау. Кибершабуылшылар банк, пош­та қызмет немесе мемлекеттік мекемелер атынан жалған хабарлама таратып, Телеграм, «WhatsApp» секілді мессенджерлер арқылы күмәнді сілтемелер жібереді. Мұндай сілтемені басқан адамның жеке деректері оп-оңай анықталады. Қаскөйлерге керегі де сол. Қажетті мәліметті қолына түсірген соң банк карталарын бұзып, шоттағы қаражатты жымқырады. «Kaspi.kz» қосымшасы да осыны қатаң ескертеді, дәлірек айтсақ жалған сілтемеге өтіп, сан соғып қалудан сақтандырады. Өйткені қазір қой терісін жамылған қас­қыр секілді, «Байқауға қатысып жа­тырмын, маған дауыс беріңіздер» деп танысыңыздың атынан хабарлама жіберетін алаяқтар көп. Олар кейін парақ­шаңызды бұғаттап алған соң, сіздің стилистикаңызды зерттейді, қай саланың адамы екеніңізді анықтайды. Соған сай теле­фоныңыздағы барлық нөмірге бірдей хабарлама таратып шығады. Осылайша, сенімді һәм жалынышты жазылған хатыңызға күмәнданбаған жанашыр жақыныңыз көрсетілген картаға ақшасын аударады. Жақында осындай оқиғаға тап болған Гүлнұр Сапар есімді студент алаяқтардың айласына түсіп қала жаздағанын айтады.
«Бір күні «WhatsApp» арқылы мұға­лімім «Үздік оқытушы байқауына қатысып жатырмын. Маған дауы­с беріңіз» деген сілтемені жіберді. Оны сенімді адамнан келген соң еш күмәнсіз аштым. Бірақ көп ұзамай «WhatsApp» бұғатталып, мүлдем кіре алмай қалдым. Осы жағдайдан кейін алаяқтардың қалай әрекет ететінін, одан қалай сақ­тану керектігін түсіндім. Біріншіден, «WhatsApp»-тың қауіпсіздік баптауларына кіріп, «Екі сатылы тексеру» (Two-step verification) функциясын орнатып қойған дұрыс екен. Содан соң «WhatsApp Web»-ті компьютерде ашық қалдырмау керек. Менің құрылғым бұғатталған соң «support@whatsapp.com» деген поштаға мән-жайды түсіндіріп хат жаздым. Дереу мәселені шешіп берді. Жалпы, бұл оқиға маған үлкен сабақ болды. Енді кез келген сілтемені мұқият тексеремін және қауіпсіздік параметрлерін қосып қойдым», дейді ол.
 
«Шұғыл ақша керек!»
Хакерлердің тағы бір классикалық әдісі – адамдардың аккаунтын бұзып кіріп, таныстарынан ақша сұрау. Бірақ бұл жолғысында алыстан орағытып, «байқау», «сілтеме» деп бипаздап отырмайды. «Маған шұғыл ақша керек, кейін қайтарып беремін», деп тығырыққа тірейді. Жәбірленуші жақыны деп сеніп, қаражат аударған соң, алаяқ ізін суытады. Мұндай жағдайда ақша аудармас бұрын адамның өзімен тікелей хабарласып, жағдайды нақтылау қажет.
Кибершабуылдың осыған ұқсас тағы бір түрі – телефон арқылы алдау. Бұл әдісте алаяқтар банк қызметкері, полиция немесе салық органы өкілі болып қоңырау шалып, шотыңыздан күмәнді операция анықталғанын хабарлайды. Адамды үрейге салып, шұғыл әрекет етуді талап етеді, тіпті «жылдамдатыңыз» деп састырады. Соның салдарынан, жәбірленуші өз еркімен банк картасының мәліметтерін немесе SMS-кодын айтып қояды. Жалпы, мұндай жағдайда мынаны ескеру керек. Банк қызметкерлері немесе мемлекеттік органдар ешқашан телефон арқылы карта мәліметтерін, SMS-кодтар мен PIN-кодтарды сұрамайды. Егер олар сізден осындай ақ­парат талап етсе – бұл алаяқтық. Ал егер алаяқтарға жеке мәліметіңізді беріп қойған жағдайда, банкке дереу хабарласып, картаны бұғаттау қажет. Осындай кибершабуылдар туралы «1414» немесе «102» нөміріне хабарласқан жөн.
«Мемлекеттік техникалық қызмет» акционерлік қоғамы жақында ғана «+870 деп басталатын нөмірден хабарласса, алмаңыз, қайта қоңырау шалмаңыз» деген үндеу жариялаған еді. Мамандар бұл кодтардың теңізде, әуеде және шалғай аймақтарда қолданылатынын анықтаған. Алайда алаяқтар осы нөмірлердің отандық нөмір ұқсастығын пайдаланып, тұрғындарды алдауға көшкен. Сол үшін жеке ақпаратты, SMS кодтарын немесе банк картасының деректерін ешкімге бермеуді ескертеді.
 
Құпиясөзге мән берген жөн
Күнделікті қолданатын ұялы телефон тек байланыс құралы ғана емес. Құрылғыда оның иесі жайында мәлімет көп. Сол себепті Ақпараттық қауіпсіздік саласының сарапшысы Медет Турин телефонға қандай да бір қосымша орнатпас бұрын немесе сілтемеге өтпес бұрын оның қауіпсіздігін тексеріп алуға кеңес береді.
«Азаматтар ең бастысы кибергигиена ұғымын түсінсе деймін. Бұл бір қарағанда тым қарапайым ережелер. Мәселен, белгісіз файлды жүктеген сәтте құрылғыға вирус енеді. Кейбір вирустар компьютерді бұғаттап, оны ашу үшін ақша талап етеді. Сондықтан белгісіз бағдарламаларды жүктемеу және антивирус жүйесін жаңартып отыру маңызды. Одан бөлек, қоғамдық Wi-Fi желілерінде сақтық таныту қажет. Құпиясөзге де мұқият болған жөн. Мысалы, «Password», «123456», «111111», «123123» секілді құпия­сөздер ең жиі қолданылады. Осы­лайша, хакерлер мен алаяқтардың жұмысын өзіміз жеңілдетіп береміз. Тағы бір ескертетін нәрсе, көптеген жалған интернет-дүкендер арзан бағамен тауар ұсынып, алдын ала төлем талап етеді. Ақша түскеннен кейін сатушы ізім-ғайым жоғалады. Сол себепті сенімді интернет-дүкендерден ғана сауда жасап, төлемді тауар алғаннан кейін жасау керек», дейді сарапшы.
Бүгінде кибершабуылдар тек ересектерге ғана емес, жастар мен оқушыларға да қауіп төндіріп жатыр. Осыған байланысты қаржылық және цифрлық сауаттылық әрбір азаматқа, соның ішінде мектеп оқушыларына да ауадай қажет.
 
Қаржылық сауат артады
Оқу-ағарту министрлігінің ресми мәліметінше, оқушылардың қаржылық және цифрлық сауатын арттыруға бағытталған оқу бағдарламалары жасақ­талған. Қазір 1-4-сыныптар оқитын «Дү­ниетану» пәнінде ақша, еңбек, табыс тақы­рыптары қамтылады. Ал 5-9 және 11-сыныптарда «Жаһандық құзыреттер» курсы аясында қаржы, экономика негіздері оқытылады. Сонымен қатар 10-11-сыныптарда «Кәсіпкерлік және биз­нес негіздері» пәні арқылы оқушылар экономикалық білім алады.
Жаңа білім беру стандартына сәйкес, биылдан бастап мектеп бағдарламасын­да қаржылық сауаттылықтың мазмұны күшейтілмек. Бұл бағытта Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясы Қаржылық мониторинг агенттігімен бірлесіп, қаржылық қа­уіпсіздік бо­йынша арнайы сабақтар мен бейнесюжеттер әзірледі. Сонымен қатар педагогтерге арналған «Мектепте қаржылық сауаттылықты арттыру әдіс­темесі» дайындалып жатыр.
Ал «Цифрлық сауаттылық» пәні қазір 1-4-сыныптарда оқытылады. Осы сабақта оқушылар ақпараттық технологияларды дұрыс қолдануды, интернеттегі қауіптерді тануды үйренеді. Білім алушылар 5-11-сыныптарда «Информатика» пә­нінде бағдарламалау, роботтехника, желілік қауіпсіздік негіздерін меңгереді. Жаңа стандартқа сәйкес, цифрлық сауаттылық дағдылары негізінен барлық оқу пәндеріне енгізіліп жатыр. Сонымен қатар жасанды интеллект, деректерді қорғау және киберқауіпсіздік мәселелері де қамтылған.
Енді қаржылық және цифрлық сауаттылық мектептен басталып жоғары оқу орындарында да жүйелі түрде оқытылмақ. Ғылым және жоғары білім министрлігі Нархоз университетінің базасында «Қаржылық сауаттылық негіздері» курсының бағдарламасын әзірлеген еді. 2024–2025 оқу жылынан бастап, бұл курс еліміздегі барлық жоғары оқу орындарында енгізіліп жатыр. Сонымен қатар «Қаржылық сауаттылық негіздері» пәні «Ақпараттық жүйелер», «Ақпараттық технологиялар және деректерді қорғау», «Есептеу техникасы және бағдарлама­лық қамтамасыз ету» мамандықтарына міндетті пән ретінде оқытылады. Ал «Бизнес және құқық», «Туризм», «Әлеу­меттік жұмыс», «Экономикалық қауіп­сіздікті құқықтық қамтамасыз ету», «Ке­ден ісі» секілді мамандықтарда бұл пән таңдау пәні ретінде оқытылады.
Жалпы, жоғары оқу орындарының оқу бағдарламаларына «Қаржылық сауаттылық», «Кредиттік тәуекелдерді басқару», «Жеке қаржыны басқару», «Қар­жылық жоспарлау және бюджеттеу», «Қаржылық тәуекелдерді басқару», «Кәсіпорындардағы қаржылық талдау», «Басқарушылық шешімдер қабылдау», «Әлеуметтік кәсіпкерлік», «Шағын кәсіпорындардың қызметін жоспарлау» пәндері енгізілді. Сонымен бірге «Қолдану салалары бойынша цифрлық технологиялар», «Цифрлық модельдеу», «Компьютерлік 3D модельдеу және визуализация», «Компьютерлік графика» секілді цифрлық сауаттылықты дамытуға бағытталған пәндер де бар.
Ғылым және жоғары білім ми­нис­тр­­­лігінің мәліметінше, былтыр «Amanat» партиясының базасында «Жастарға арналған қаржылық сауат­тылық» тақырыбында 19 оқытушы-жаттықтырушы арнайы дайындықтан өткен. 155 тыңдаушы қаржылық сауат­тылық бойынша оқыту курсында білім алған.
2024–2025 оқу жылынан бастап, жоғары оқу орындарында Қаржы мониторингі агенттігінің қатысуымен студенттер арасында қаржылық қауіпсіздік бойынша ұлттық және халықаралық олимпиада­лар ұйымдастыру жоспарланған. Бұл сайыстар студенттердің қаржылық сауат­тылығын арттырып қана қоймай, олардың алаяқтардан қорғана білуіне көмектесетіні сөзсіз.
Осы күні қаржылық және цифрлық сауаттылық жеке тұлғаның ғана емес, ел экономикасының тұрақтылығы үшін де маңызды фактор. Сондықтан мұндай пәндердің оқу бағдарламасына енгізілуі – уақыт талабы. Қаржы сауатын меңгерген студенттер – саналы тұтынушы, жауапты азамат және болашақта экономиканың қозғаушы күші болмақ.
egemen.kz
19 наурыз 2025 ж. 54 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№20 (10388)

17 наурыз 2025 ж.

№19 (10387)

15 наурыз 2025 ж.

№18 (10386)

08 наурыз 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 516
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31