» » Денім сау болсын десеңіз...

Денім сау болсын десеңіз...



Адам денсаулығын статистикалық деректерге сүйене отырып зерттеген дүние жүзілік ғалымдар мынадай ортақ пікірге келеді. Оның ішінде 50 пайызы – адамның өмір сүру салтына, 20 пайызы – тұқым қуалаушыққа, 20 пайызы – сыртқы ортаға және 10 пайызы ғана медицинаға байланысты екен.
 (сурет ашық дереккөзден)
Денсаулығымыздың тең жартысын құрап тұрған өмір сүру салтына келіп тіреледі. Өмір сүру салты адам дүниеге келген сәтінен басталып соңына дейін жалғасады. Туа сала басталады дейтініміз алғашқы кездегі баланың денсаулығы ана сүтіне тікелей байланысты. Сол себепті нәрестені туа сала анасының кеудесіне бермесе, ол қажетті уызға жарымай қалады дейді. Ал, ана сүтінің уызында балаға қажетті қоректік заттармен қатар, түрлі жұқпалы ауруға қарсы күресетін антиденелер де бар.
Ғалымдар ана сүтін қанша зерттегенімен, ана сүтінің стерильділігі мен қарынға жағымды жылылығын айтпағанда, оны нақты алмастыратын табиғи немесе жасанды сүт құрамын таба алмай отыр. Сондықтан, баланы кем дегенде бір жасқа толғанша ана сүтінен айырмаған дұрыс. Жас нәрестені күтуде күн сәулесі мен таза ауаға шығару да ерекше орынға ие, күн сәулесі нәресте терісі арқылы түзілетін «Д» витаминіне жағымды әсер етсе, таза ауа бала организмін аса қажетті микроэлементтермен қамтемелеуге әсер етеді. Әсіресе, қазақ ұлтының ауылдық жерлерінде көп кездесетін балалардың рахит ауруы (оны баланың желке шаштарының түсуі мен өсе келе аяғының қисаюынан анық білуге болады), осы жағдайларды өз дәрежесінде ескермеуден болады.
Қазіргі кезде, баланың денсаулығына қатты мән беретін дағдылар, олар дұрыс күн тәртібін қалыптастыру мен тістерін күтуді үйрету мен қадағалау. Кемінде 8 сағат ұйықтамаған, соның ішінде түнгі ұйқымен ұйқысын қандырмаған баланың білім алуға деген қабілеті төмендейді.
Соынмен қатар бала түнгі ұйқыға сағат 21.00-ден көп аспай, ең әрі кеткенде сағат 22.00-ге дейін жатуы керек. Өйткені, ғалымдардың зерттеулері бойынша ең терең ұйқы болып, түнгі 00.00-ге дейінгі ұйқы уақыты саналады екен.
Күннің көзі шыққаннан кейінгі ұйқылар қанша ұзартылса да, түнгі ұйқыға жетпейді. Өмір сүру салтында ең бірінші және маңызды болып саналатын дағды, ол – дұрыс ұйқы. Соның ішінде түнгі сағат 22.00-ге дейін ұйықтауды жүйелендіріп қалыпқа келтірген дұрыс.
Сондай-ақ тіс саулығы да маңызды рөл атқарады. 32 тіс сау болып, ас дұрыс шайналып, өз дәрежесінде ұнтақталатын болса, ішек-қарындардағы ас қорыту жүйесінің жұмысы жеңілдейді. Ал ас қорыту жүйесі жұмысының дұрыс болуы, организмге керек аса қажетті заттар мен витаминдерді, әрине жейтін тағамымыздың құнарлығына байланысты, қанымызға өз дәрежесінде жеткізіп берудің кепілі болып саналады.
Мұнан өзге баланың өсе дене шынықтыру мен спортпен айналысуына көңіл бөлу керек. Дене шынықтыру тірек-қозғалыс аппараты, жүрек-қантамыр жүйесі және тағы басқа органдардың жетілуіне жақсы әсер етсе, спорт бос уақытын тиімді өткізуге, сонымен қатар өзін-өзі қорғауына, денсаулығының одан әрі нығаюына әсер етеді.
Есейген шақта, ең бастысы денсаулығымызға кері әсер ететін жаман әдеттерден (темекі тарту, алкогольдік ішімдіктер ішу және т.б.) аулақ болған жөн. Өйткені, осы жаман әдеттер, соның ішінде темекі мен алкогольді заттарға шектен тыс әуес болу, денсаулығымызды дұрыстауға тырысқан игі істі мейлінше кері шегеретінін ұмытпауымыз тиіс. Ұдайы шылым шегу дағдысының зардабы, басқа органдарға келтіретін зияндылықтарын айтпағанда, тыныс алу органдарының, соның ішінде қолқаның жұмысын қайтіп орнына келместей бұзып, ақыры өкпе рагіне шалдықтыруы әбден мүмкін. Ал адамның алкогольді жүйелі тұтыну арқылы өзін алкоголизм ауруына шалдықтыруын, өз өмірін өз еркімен қорлыққа бұрды деп санаса да болады.
Бізге тағы аса қажетті дағдының бірі – дұрыс тамақтану. Өйткені, дұрыс тамақтану ересектерге өнімді еңбек ету, балаларға дұрыс жетіліп жақсы білім алу үшін, сонымен қатар оларға түрлі ауруларға, суықтарға, табиғаттың басқа да тосын жағдайларына төтеп беруі үшін керек. Мұндай тамақтану түрін медицинада рациональдық тамақтану деп атайды. Рациональдық тамақтану энергетикалық тепе-теңділікті, баланстық қоректікті және тамақтану режимін сақтаудан тұрады. Осы аталған тамақтану талаптарын сақтамасақ, организмнің қалыпты жұмыс жасауы бұзылып, түрлі аурулардың пайда болуына жол ашылады.
Мысалы, энергетикалық тепе-теңдікте тамақтану дегеніміз – тамақты жас және жыныс ерекшелігіне, сонымен қатар атқаратын жұмыстың немесе қозғалыстың ауыртпалығына байланысты қабылдау. Ересек адамдар, соның ішінде 40 жастан жоғары ересектер, өзінің қозғалысына сай тамақтанбаса, артық салмақ қосып, семіздік ауруына ұшырайтыны сөзсіз. Өйткені, үлкейген сайын организмдегі жыныстық гормондар, сонымен қатар қозғалыстар да азая түседі, соның салдарынан артық қабылданған қорек жанып энергияға айналмай, майларға айналып әрбір органдарға жинала береді. Жиналған май, қандай органның болмасын функциональдық қызметін бұзатыны айдан анық. Өкінішке орай, қазіргі уақытта, ересектермен қатар жыныстық гормондары қалпында болатын жастар арасында да толысу факторлары көбейіп келеді. Артық салмақ жинау, ең бастысы жүрек-қантамыр ауруларының, соның ішінде жүрек инфарктісінің ерте пайда болуына басты себепкерлердің бірі болады. Ал, баланстық қоректік тамақтану – дастарқан мәзірінде әрі құнарлы, әрі витаминдерге бай тағамдарды жүйелі түрде пайдалану деген ұғымды білдіреді. «Витамин» деген сөз латын тілінен аударғанда «өмірлік аминдер» деген мағына береді. Витаминдер адам организмінің қалыпты жұмыс жасауына жауапты болып табылатын түрлі гормондардың түзілуіне тікелей әсер етеді. Мысалы, Кеңес Одағы кезінде осы жағдайды ұстану мақсатында асханаларда әрбір бейсенбі «балық күні» деп саналды. Балық тағамының құрамында басқа қажетті заттармен қатар, ретинол немесе А витамині көп мөлшерде болады. Витамин А көру органдарымыздың жұмысын, әсіресе кешкі қараңғылық кезінде көруімізді жақсартады. Адам организміне аса қажетті витаминдер, әсіресе дүкендерде тұрып қалған көкөністерде емес, бақшадан жаңа жұлынған көкөністерде жақсы сақталады. Дамыған мемлекеттерде көкөністің бағасы жұлынған уақытына, тіпті жұлынған сағатына байланысты бағаланып сатылады.

Ақнұр Сағынтай
08 маусым 2024 ж. 160 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 272

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 369

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930