» » Ажырасу кезінде жылжымайтын мүлік қандай жағдайда бөліске салынбайды?

Ажырасу кезінде жылжымайтын мүлік қандай жағдайда бөліске салынбайды?

Фото: pixabay.com

Түрлі факторға байланысты көтерген шаңырағын сақтап қала алмайтын жұбайлар, амалсыз ажырасуға өтініш береді. Ажырасу процесіндегі ең қиыны - ол ерлі-зайыптылардың некеде болған уақыт аралығында сатып алған мүлігі. Кейде некедегілер мүлікті әртүрлі жағдаймен үшінші тараптың атына жазады. Ол екі жақтың бірінің туысы болуы да мүмкін. Мұндай жағдайда мүлік бөліске салына ма, бөлу рәсімі қалай өтеді? Адвокат Альбина Бахтиярқызы жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ең алдымен ерлі-зайыптылар ажырасқанда мүлік қалай бөлінетінін түсініп алайық. Адвокат мүліктің екі жаққа теңдей бөлінетінін айтты. Бұл туралы ҚР Неке және отбасы кодексінің 32 және 33-бабында жазылған.

"Бірге тұрғанда ерлі-зайыптының жылжымайтын мүлкі ортақ бірлескен меншігі болып табылады, ол отбасында кімнің атына ие болғанына немесе ерлі-зайыптылардың қайсысы қаражат салғанына қарамайды.

Жылжымайтын мүлік бөлінген кезде, егер олардың арасындағы келісімде өзге нәрсе көзделмесе, ерлі-зайыптының әрқайсысының үлесі тең деп танылады. Яғни, барлық мүлік 50/50-ге бөлінеді. Сот осы тармақты кәмелетке толмаған балалардың/немесе ерлі-зайыптылардың бірінің мүддесін ескере отырып қайта қарауға қақысы бар (егер ол негізсіз себеппен кіріс алмаған болса немесе ортақ мүлікті отбасы мүддесіне зиян келтірсе)", - деді адвокат.

Альбина Бахтиярқызының сөзінше, заңды некеде тұрғандардың бірі мүлікті бөлуге қарсы болуы мүмкін, оған құқы бар. Алайда соңғы шешімді сот қабылдайды. Мұндай жағдайда екінші жақ сотқа жүгіне алады.

Мүлікті бөлуге талап қою кезінде ұсынылатын құжат тізімі:

талап арыз;
неке туралы куәлік ( егер неке бұзылмаса)
мүлікке қатысты құжаттар;
жеке куәліктің көшірмесі, өтініш берушінің төлқұжаты;
егер балалары болса, баланың немесе баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі;
талапкерден және жауапкерден жалақысы туралы анықтама (болған жағдайда);
мемлекеттік баж салығын төлегені туралы түбіртектің түпнұсқасы - талап ету сомасының 1%, яғни мүлік құнынан;
бірлесіп сатып алынған мүлік тізімі.
Бірлесіп жиналған қаражатқа пәтер сатып алып, әртүрлі себептермен екі жақтың бірінің анасының атына рәсімделген мүлік ажырасу кезінде бөліске салына ма?

Маманның айтуынша, үшінші тұлғаға ресімделген мүлікті сотта ортақ меншік деп тану қиын, бірақ мүмкін. Сот тәртібімен үшінші тұлғаның пәтер сатып алу туралы мәмілесін жарамсыз деп танып, ерлі-зайыптылардың пәтер сатып алғанын тану қажет.

Ол үшін ерлі-зайыптылардың бірі мұны дәлелдеуі керек:

ерлі-зайыптылардың пәтер сатып алуға ақшасы болды;
пәтер ресімделген ата-ананың пәтер сатып алуға ақшасы болмаған;
ерлі-зайыптылар сатып алынған пәтерді іс жүзінде пайдаланды (салық пен коммуналдық қызметтерді төлеп, жиһаз бен тұрмыстық техниканы сатып алды, онда тұрды, жөндеу жұмыстарын жүргізді және т.б.).
Сонымен қатар, пәтердің бұрынғы иесі сотта онымен пәтер сату туралы келіскен ерлі-зайыптылар екенін және олардан ақшаны алғанын растауы керек.

Егер сот жоғарыда көрсетілген дәлелдемелер жеткілікті деп есептесе, онда сатып алынған пәтер ортақ меншік деп танылуы мүмкін, оны кейіннен ажырасу кезінде ерлі-зайыптылар арасында бөлуге болады.

Альбина Бахтиярқызы егер ерлі-зайыптылар заң бойынша некеге тұрар алдында жазбаша неке шарты не келісімге келсе, ажырасқан кезде мүлік бөліске салынбайтынын атап өтті. Яғни неке келісімі арқылы меншік үлесін және басқа тараптың құқығы мен міндетін көрсетуге болады.

"Мүлік бөлініске салынбас үшін жазбаша неке шарты не келісім керек. Басқа жағдайда жұмыс ерлі-зайыптының бірі жұмыс істесін, істемесін ол ортақ мүлік болады. Себебі, ҚР Неке және отбасы кодексінің 33 бабы бойынша ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкіне құқық некеде тұрған (ерлі-зайыпты болған) кезеңінде үй шаруашылығын жүргiзудi, балаларды бағып-күтудi жүзеге асырған немесе басқа да дәлелдi себептермен жеке табысы болмаған жұбайға да тиесiлі", - деп жауап берді маман. 

Одан бөлек меншік бөліске салынбайтын кездер де болады. Олар:

егер мүлікті ерлі-зайыптының бірі некеге дейін сатып алған болса, онда ол әрқашан соның меншігінде болады;
егер үй сыйға тартылса немесе ерлі-зайыптының біреуіне мұра болса, заңды түрде ол бірлесіп сатып алынған болып саналмайды;
егер пәтер немесе үй бөлек тұрғаннан кейін сатып алынған болса, бірақ неке бұзылғанға дейін. Дегенмен, жеке тәуелсіз түрде сатып алу дерегін дәлелдеу қиын, сотқа дәлел қажет.
ҚР Заңы бойынша кез келген сыйға берілген мүлік ешқандай бөлініске салынбайды. Ол ортақ мүлік емес. 

Айта кетейік, бұған дейін ажырасқаннан кейін қалыңмалды қалай қайтарып алуға болатыны туралы хабарлаған едік.

massaget.kz
13 қазан 2023 ж. 389 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 306

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 405

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930